БілімЖаңалықтар

«Нұр Ақтөбеде» жаңа мектеп ашылды

Ақтөбе қаласының «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. 1200 балаға шақталған ғимаратта оқушылар үшін бар жағдай жасалған.

Нысанның құрылысын «Электросетьстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Үш қабатты мектеп толықтай заманауи қондырғылармен, қажетті оқу кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ, оның ауласы да көгалдандырылған. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның сөзінше, мұнда 70-ке жуық маман жұмыс істейтін болады. Мектептің салтанатты ашылу рәсімінде алғаш боп сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Әрбір мемлекеттің болашағы, дамуы білімді, денсаулығы мықты азаматтарына байланысты. Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда елімізде үш мезгілде жұмыс жасайтын мектептерді жою үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Міне, «Нұр Ақтөбедегі» ашылып отырған жаңа мектеп — соның жарқын көрінісі. Бұл мектеп заман талабына сай, барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мектептің ішінде химия, физика, математика, биология кабинеттері, компьютерлік кластар, интерактивті тақталар, шеберханалар, балалардың ойнайтын спортзалдары барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл келешек ұрпақ заман талабына сай білім алсын деген оймен іске асырылып отыр. Осы құрылысты аз уақытта аяқтаған құрылысшыларға сіздердің аттарыңыздан алғысымды білдіремін, — деді.

Облыс басшысы өз сөзінде, сонымен қатар, аталған шағын ауданның тұрғындарына алдағы уақытта бар жағдайдың жасалатынын, атап айтқанда, жолдардың жөнделіп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін түрлі алаңдардың салынатынын жеткізді.

Салтанатты шараның соңында оқушылар өнерін паш етіп, ата-аналар мен ардагер ұстаздар жүрекжарды лебізін білдірді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button