Спорт

КСРО каратэсіне — 30 жыл


Кеңестік дәуір жастары шығыс жекпе-жектерінің бірі — каратэмен айналыса алмады. Коммунистік идеологияның шырмауына ілінген бұл спорт түрі адам психологиясын бұзатын зиянды, жат қылық болып саналды. Коммунистік идеологияға сәйкес келе бермейтін басқа да астарлары болды. Бірақ каратэ бізге де жетті.

Жақында Мәскеу қаласының соғыс өнерлері орталығында каратэден бірінші КСРО чемпионатының өткеніне 30 жыл толуына орай каратэден екінші халықаралық турнир өтті.

Турнирге Испания, Франция, Сербия, Хорватия, Черногория, Германия, Әзірбайжан, Белорусь, Грузия, Украина, Эстония, Қазақстан және Ресейдің бүкіл әлемге белгілі каратэ шеберлері қатысты.

Турнирдің салтанатты бөлімі осыдан 30 жыл бұрын Мәскеуде каратэден өткен бірінші КСРО чемпионатына қатысушыларға құрмет көрсетуге арналды. Мерекеге арнайы шақырылған біздің жерлесіміз Әшім ҚАЛИ (Түлкібаев) осындай құрметке ие болды.

Айта кету керек, Әшім — ақтөбеліктердің арасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген алғашқы спортшы. Ол — каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бесінші дань қара белбеу иегері. Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы атанып, Орталық Азия мен Қазақстан кубоктарын иеленді. 1989-1996 жылдары өткен Бүкілодақтық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ал ең үлкен жетістіктерін айтар болсақ, 1991 жылы КСРО чемпионы болды, сол жылы Жапонияда әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді, 1992 жылы Францияда Еуропа, 1994 жылы АҚШ-та әлем чемпионы атанды.

Бұдан кейін турнир бағдарламасы бойынша екі күн қатарынан ерлер арасында ката және кумитэден командалық жекпе-жек, ерлер мен әйелдер арасында ашық салмақ дәрежесі бойынша дара жекпе-жектер өткізілді. Бұл жарыстарға әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарының, әлемдік ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысты. Турнирді қызықтаушылар Рафаэль Агаев (Әзірбайжан), Марко Лухама (Эстония), Визкайно Гонзалез, Фернандо Сапжосе Вастанте (Испания), Гриллон Кенжи, Вандуди Куса (Франция), Алексей Раюшкин, Игорь Никулин, Мария Соболь, Елена Пономарева (Ресей) секілді майталмандарды көзімен көріп, өнерін тамашалады.

Қазақстан командасының намысын мына жігіттер қорғады: Ринат Сағындықов, Тахир Шарип (Ақтөбе), Халид Халидов, Ержан Қожаев, Ермек Айназаров (Ақтау), Тимур Назаров (Шымкент). Спорт жанкүйерлері Ринаттың жастар арасындағы әлем, Азия чемпионы, Бірінші Ислам ойындарының күміс жүлдегері, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және басқа ірі-ірі жарыстардың медаль иесі екенін жақсы біледі. Сондай-ақ Тахир де жастығына қарамастан, бірқатар жарыстарды бағындырып үлгерді. Ол — Қазақстан  чемпионы, жастар арасында әлем кубогының күміс жүлдегері,

Халықаралық турнир бағдарламасы бойынша 1970, 80, 90-жылдардағы каратэ шеберлерінің жекпе-жегі өткізілді. 46-50 жас аралығындағы топта жерлесіміз Әшім ҚАЛИ кілемге шықты. Өкінішке қарай, Әшім бұрынғы жарақаттарына байланысты өзінің толық күшін көрсете алмады.

Еуропалық каратэ федерациясы төрешілер комитетінің төрағасы Томассо Мини (Швейцария) бас төрешілік етті. Төрешілер құрамында жерлесіміз «А» класы бойынша халықаралық дәрежедегі төреші, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының жеңімпазы Тимур Шатаев болды.

Өмірсерік ОРАЗАЛИН,

журналист.

Ақтөбе-Мәскеу-Ақтөбе.

Ауыр атлетика

1 күміс, 1 қола

Көкшетауда өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан ақтөбеліктер екі медальмен оралды.

48 килограмм салмақ дәрежесінде Ақмарал Үргешбаева қос сайыста 110 килограмм көтеріп, күміс медальды жеңіп алды. Ал спорт шеберлігіне кандидат Максим Осиний 105 килограмға дейінгі салмақта 283 килограмды бағындырды. 19 жасар Максим қола медальды қанжығасына байлады.

Ауыр атлетика түрі кенжелеу дамыған ақтөбеліктер үшін бұл тым тәуір табыс деп айтуға болады.

Оралдағы жарыста озғандар

Жақында Орал қаласында тоғызқұмалақтан 16, 18, 20 жастағы жастар арасында Қазақстан чемпионаты болып өтті. Жарысқа 12 облыстан 130-ға жуық спортшы қатысты.  Еліміздің біріншілігінде ақтөбеліктер біраз жетістіктерге жетті.

Алты күнге созылған чемпионатта 16 жастағылар арасында барлық ойында тамаша жеңіске жеткен №21 Ақтөбе орта мектебінің оқушысы Берік Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. 18 жастағы ойыншылар арасында тек чемпионға ғана ұтылған Ш.Берсеев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің оқушысы Аманбек Өндірбаев күміс медальды иеленді. Ал 20 жастағы Медет Хұсайынов алтыннан алқа тақты. Ол Қазақстанның өткен жылғы чемпионы спорт шебері павлодарлық Ж.Қаймулдинмен тең ойнап, коэффициент жүйесі бойынша чемпиондыққа қол жеткізді. Медет Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқиды.

20 жастағылар бойынша «Шапшаң» ойын чемпионатында Салтанат Қозбағаров чемпиондықты екінші жыл қатарынан жеңіп алды. Ал 16 жастағы Берік Сәрсенбаев қола жүлдеге қол жеткізді.

Қ.НҰРШИН,

аға жаттықтырушы.

Теннисшілер «үштіктен» көрінді

Алматы қаласында Қазақстанның облыстары мен қалаларынан 17 команда бас қосып, стол теннисінен Қазақстанның жастар арасындағы чемпиондығын сарапқа салды. Командалар төрт топқа бөлініп, өзара кездесулер өткізді. Әрбір топтан алдыңғы екі орынды иеленген командалар 1-8 орындар үшін күресті. Өз тобында бірінші орын алған ақтөбеліктер финалдық ойындарды да сәтті өткізді.

Біздің команданы еліміздің азулы ұжымына қосуға болады. Өйткені бізде Қазақстан құрамасының мүшелері спорт шеберлері Әсет Бабасов, Диас Сәрсенбаев және спорт шеберлігіне кандидаттар Арман Бағасов пен Елдос Кеңесов ойнады.

Айта кету керек, ақтөбеліктер жас жағынан ең жас команда болып табылды. 20-22 жастағы жігіттер арасындағы чемпионатта біздің команда сапында 1995 жылы туған Марғұлан Иман, Мейрам Қотыров та бақ сынасты. Бұл екі бала Алматыдағы дарындыларға арналған «Шаңырақ» спорт интернатында оқиды. Соған қарамастан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан секілді мықты командаларды ұтып, тек Алматы қаласының спортшыларына 2:3 есебімен жол берді. Командалық есепте жүлделі үшінші орынға қол жеткізіп, қола медальды жеңіп алды.

Ал стол теннисінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында Алматыда өтетін болады.

«Ақтөбе» жастарының күміс медалі

17-18 жастағы «Ақтөбенің» жастар командасы Тараз қаласынанан тамаша табыспен қайтты. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында ақтөбеліктер алдымен іріктеу ойындарынан қиналмай өтті. «Қызылжар», «Ордабасы» командаларын 5:2 және 3:2 қылып жеңген жерлестеріміз «Ертіспен» 2:2 есебімен тең ойнады. Осылайша жартылай финалға шыққан ақтөбеліктер «Локомотивпен» кездесті. Негізгі уақыт 1:1 болып тең аяқталды. Ал пенальтиде біздің жолымыз болды. Алайда ақтық ойында жергілікті «Таразға» есе жіберген Валерий Прихноның шәкірттері күміс медальды иеленді.

Бас бапкердің айтуынша, ел біріншілігіндегі екінші орын үлкен жетістік болып табылады. Ал 17 жасар ақтөбелік Евгений Зверев «Чемпионаттың үздік жартылай қорғаушысы» жүлдесіне лайық деп танылды.

Бердібай КЕМАЛ.

Шенеуніктер алаңға шықты

Күнделікті жұмыстан қолы босай бермейтін әкімдіктердің қызметкерлері бір мезгіл спорт түрлерінен өзара сынға түсуде.

Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерекесіне арналған әкімдіктер арасындағы ІХ облыстық спартакиада жалауын көтерді. Бұл күндері стол теннисінен, тоғызқұмалақтан, дойбыдан, волейболдан және шағын футболдан жарыс өтуде.

Спартакиадаға облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктерден 14 команда, барлығы 376 мемлекеттік қызметші қатысуда.

К.БЕРДЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button