Денсаулық

Жаңа жүйе халық мүддесі үшін қажет

Міндетті медициналық сақтандыру

 

Облыс халқына міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі ережесі мен мақсатын облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсіндіріп жатыр. Алайда тұрғындар тарапынан әлі де сұрақ көп. Редакцияға хабарласып, сақтандыру жүйесі туралы жан-жақты білгісі келетін тұрғындар бар. Осы ретте көпшіліктің көкейінде жүрген бірнеше сұрақты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевқа қойдық.

 — Қазір азаматтардың, әсіресе ауыл халқының тұрақты жұмысқа орналасуы қиын. Көпшілігі уақытша жұмыс істеп, күн көріп жүр. Жұмыспен қамту орталығына барғанымен олардың да тұрақты жұмыс тауып беруі екіталай. Және барлығына бірдей жұмыс тауып берудің өзі қиын. Ал осындай азаматтардың ішінде созылмалы сырқатқа шалдыққан, емделуді қажет ететіндері бар. Сақтандыру полисі жоқ бұл азаматтар ертең қалай ем алады?

— Әрине, өте орынды сұрақ. Қазір тұрғындарды алаңдатып отырған да осы мәселе. Бұған дейін сақтандыру жүйесінде екі түрлі пакет ұсынылатыны айтылды. Біріншісі —  базалық пакет бойынша, бұндай азаматтарға 2020 жылға дейін тегін көмек көрсетіледі. Олар — өзін-өзі  жұмыспен қамтып отырған яғни, заңгерлер, нотариустар, таксистер, тағы басқа да патент алып, ісін жүргізіп отырған азаматтар. Бұндай тұрғындар  бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек ала алады.  Бұл көмек 2020 жылға дейін ғана жалғасады. Ал 2020 жылдан кейін, ол азамат жеке кәсіпкер ретінде немесе жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығында тіркелуі керек.

Ал ауыл халқына келетін болсақ, қазіргі күні көтеріліп отырған мәселенің бірі — осы. Себебі ауылда тұрақты жұмыстың жоқтығын бәріміз жақсы білеміз. Көпшілігі жалданып еңбек етіп жүр. Сондықтан министрлік тарапынан бұл жан-жақты талқыланып жатыр.

—  Отбасындағы бір адамның сақтандыру полисін өзге туыстары пайдалана ала ма?

— Сақтандыру қаржысын азаматтың өзі ғана пайдаланады. Жалпы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде 12-сі — халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен бірге әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері болмақ. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І-ІІ дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан азаматтар жарна төлемейді. Сондай-ақ техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде, резидентурада оқып  жатқан азаматтар және үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, уақытша ұстау, тергеу изоляторларындағы азаматтар да жарнадан босатылады. Бұлардың барлығы мемлекет есебінен тегін көмек алады.

Ал бұл санатқа жатпайтындар орташа айлық жалақысының екі пайызын қорға аударады. Бес пайызын жұмыс беруші төлейді. Егер  сақтандыру қорына ай сайын қаржы түсіп тұрмаса  ол азаматқа амбулаторлық көмек көрсетілмейді.

Қорға ай сайын түсетін қаржының көлемі 400 теңгеден сәл асады. Тағы бір ескеретін нәрсе, тегін берілетін дәрі-дәрмектің де тізімі кеңейтіледі.

— Жұмыс беруші қорға түсетін қаржының бес пайызын төлейді екен. Бұл жұмысшының еңбекақысынан өтелмей ме? Кәсіпкерлер түскен пайдасын бергісі келмей, жұмысшының еңбекақысын қысқартып, соның негізінде қорға ақша аударуы мүмкін ғой..

— Бұл да көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ. Жұмыс беруші түскен табысын беруге құлықты болмай, осындай әрекетке баратын болса, бұл заңсыз болып есептеледі. Жұмыс беруші қарамағындағы адамдардың еңбекақысына тиіспеуі керек. Бұндай жағдайда азамат еңбек инспекциясына немесе өзге де тиісті орындарға шағымдана алады. Қазіргі күні арнайы құрылған комиссия кәсіпкерлерге, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қорыта айтқанда  әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру тек қана мемлекет үшін емес, сонымен қатар халықтың мүддесі үшін қажет. Жалпы жаңа жүйе халықтың өзінің денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру, көптеген ауруларды алдын ала анықтау, яғни профилактикалау, сонымен қатар денсаулықты жоғары бағалау керек екенін түсіндіру мақсатында  енгізілмек.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button