Жаңалықтар

Құран бағышталып, ән арналды

Қабақ атаның аруағына арналған мәдени шаралар түс ауа «Қабақ ата» мешітінде жалғасты. Мешіттің ауласы мен оның сыртына этноауыл орналасыпты. Қабақтың бес баласы Хангелді, Жангелді, Төлеш, Аралбай, Бекелердің аттарына бес ақ шаңқан үй тігілген. Ал Қабақтан шыққан екі хан — Қалдыбай мен Әзбергенге арналып үлкен хан ордасы тігіліпті.  Одан әрі Шектіге ұран болған, Қабақтың немересі Бақтыбайдың үйі, сонан соң «Қабақ баба ордасы» делінген  бабаның өз үйі, әрі қарай Қабақтың немересі «Пұсырман баба» үйі. Әр үйдің маңдайшасында осы адамдардың аттары жазылған. Бұларға қоса Мұғалжар ауданы үй тігіпті. Одан кейін Уақ, басқа да аталықтардың үйлері қанат жайған…

Баба рухын құрметтеп, бас қосқан қалың жұртшылық алдында әуелі Қабаққа арналып, Құран бағышталды. Сонан соң бұдан үш жыл бұрын жарияланған «Әніме мен де салам, Тілеу-Қабақ» ән байқауына қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Байқауға алты ән түсіпті. Әуелі бабаға бағышталған арнау-терменің арты әсем әндерге ұласты. Саз маманы Әбдірашид Райымбергенов жетекшілік еткен қазылар алқасының алдында баба өмірін әнге қосқандар сахнаға кезектесіп шығып, көрермендерді жақсы әсерге бөледі. Байқау қорытындысымен бірінші орынды Әділбек Сариннің «Мен Әлімнің ішінде Тілеу, Қабақ» әні жеңіп алды. Оны «Достық сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен орындаған Динара Шынарбаева. Екінші орын Талғат Тілеулестің «Тілеу, Қабақ — бір атаның баласы» термесіне берілді. Үшінші орынды Жанғабыл Қабақбаев пен Орынбасар Терековтің «Бабаларға тағзым» атты Гүлсім Юсупова орындаған әні иеленді. Бұлардан кейінгі ән шығарғандар «Көрермен ықыласы» сияқты номинациялар бойынша жеңімпаз болып табылды. Әйтеуір ешкім де атаусыз қалған жоқ.

Бұдан кейін бабаның асына жиналғандарға қонақасы берілді. Ас ішуге кірген қалың жамағатқа жыраулар өз өнерлерін көрсетті. Қазақтың ескі салтымен тәбәрік ретінде келушілерге Қабақ ата мешітінің суреті бар жалаушалар, «Ұлағат» атты кітап таратылды. Ас ішіп, ас қайырылған соң, бабаға арналып тағы да Құран оқылғаннан кейін ас иелері көпшілікке рақметін айтты. Осы асқа құрмет білдіріп арнайы келген қала әкімі І.Испанов мынадай тәрбиелік мәні бар үлкен шара үшін ас иелеріне рақмет айтып, ұлағатты істер туралы өз пікірін білдірді. Әнші Есентүгел Әзиев өнер көрсетті. Асты ұйымдастырушылар қала әкіміне және көпшілікке уақыт бөліп келгендері үшін ризашылықтарын білдірді. Ескерткіш ретінде кітаптар мен жалаушалар сыйға тартылды. «Қабақ ата» қоғамдық қоры ұйымдастырған Қабақ Айтұлына ас беру рәсімі осылайша елдің есінде қаларлықтай деңгейде аталып өтті.

 Зәкіржан КӘЛКЕНБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button