Білім

Биыл ақтөбелік оқушылар оқулықты сатып алмайды!

Биыл ақтөбелік оқушылар түгелдей дерлік оқулықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Оқулықтарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 360 миллион 753 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы бізге Ақтөбе қаласының білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева мәлімдеді.

Ақтөбедегі Оңтүстік-Батыс ауданында орналасқан №10 орта мектептің оқушылары мен олардың ата-аналарының қуанышында шек жоқ. Себебі, енді олар базар аралап, кітап дүкендерінің алдын тәуліктеп торуылдамайтын болды.

Қайта басылып шыққан оқулықтар Ақтөбе мектептеріне «Қазпошта» арқылы жеткен. Бұл күні мектепке 3-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары оқулықтарын алуға келіпті. Солардың бірі — 3-сынып оқушысы Қалижан Сейтқалиев. Оқуға деген ынта-жігері жаңа кітапқа ие болған кездегі қуанышынан-ақ көрініп тұр. «Сабақты жақсы оқимын. Ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Сосын математиканы жақсы көремін», — дейді Қалижан жаңа кітаптарын қолындағы пакетіне салып жатып.

Ата-аналар да қуанып тұр. Осы мектепте үш немересі оқитын Алия Байназарова:

— Жыл сайын осы мезгілде кітап дүкендері мен базар жағалап кететінбіз. Бір балаға тек қана оқулықтар үшін 15 мың теңгедей жұмсайтынбыз. Ата-аналардың бәрі бірдей ауқатты емес қой. Оның үстіне бірінде бір бала, тағы бірінде  көп бала дегендей. Биыл жақсы болды. Мемлекет оқушыларды да осылайша өз қамқорлығына алды. Ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында. Балаларға жаппай тегін оқулық үлестіріліп, жағдай жасалғаны көңіл қуантады. Ата-аналар атынан ризашылығымды білдіремін, — дейді.

Қаздай тізіліп, өз кезегін күтіп тұрған 3-сынып оқушыларына Ләззат Оразбаева оқулықтар жиынтығын үлестірді.

— Ақтөбе қаласындағы барлық мектептерде 25-шілдеден бастап оқушыларға оқулықтар тегін таратыла бастады. Естеріңізде болса, былтыр 4, 5, 6 және 11-сыныптарға арналған оқулықтар сатып алынған болатын. Ол кітаптар қазір барлық мектеп кітапханасында бар және оқушыларға таратылып болды. Одан кейін биыл 1, 3 және 8 бен 11-сыныптарға қайта басылып шыққан кітаптар алынып жатыр. Сәл қиындау боп тұрғаны — 2, 7 және 10-сыныптың оқулықтары. Дегенмен, сәуір айынан бастап қаладағы барлық мектепте «Өз кітабыңды мектепке сыйла!» деген акция ұйымдастырылды. Осы акция барысында оқушылардан 65-70 пайыз оқулықтар түсті. Жиналған кітаптар қазір мектеп оқушыларына үлестіріліп, ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл сайын ата-аналар осы кезде оқулық іздеп, шарқ ұратын. Биыл оқулық мәселесі оң шешіліп, қуанып отырмыз, — дейді Ләззат Оразбаева.

Айтпақшы, биыл Ақтөбеде 8300 бала мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Жаңа оқу жылында республика бойынша барлық бірінші сынып оқушылары жаңа білім беру моделіне сай жаңа оқулықтармен оқитын болады. «Естеріңізде болса, өткен оқу жылында еліміз бойынша 30 мектеп 1-сынып оқушыларын жаңа білім беру моделіне сай эксперимент жүргізіп, оқытты. Оның ішінде Ақтөбе қаласындағы №9 және Новый орта мектептері бар», — дейді Ләззат Оразбаева.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button