Ауыл

Аспаздық цех ашпақ

«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында несие алған Рамиля Ибрагимова биыл өз ауылында шағын аспаздық цех ашқалы отыр.

Осыған дейін мемлекеттік қызметте болған, кейін аудандық газеттің тілшісі ретінде танылған Рамиляның жаңа іс бастауына аудандық «Алға» газетінің жеке меншікке сатылып кетуі себепші болған. Басылымның жаңа қожайындары бірінші кезекте тілшілердің айлығын шұнтитып қысқартқан. Осы қиын күндерде қайсар мінезді Рамиля: «Демек, жаңа жолға бет бұрып, жаңа іс бастайтын сәт туды» — деген шешімге келіпті.

Ол — татар қызы. Жалпы, Қарақұдық ауылында 15 ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Рамиляның нағашы әжесі Габида Гайнудинова сонау 60-70-жылдары осы ауылдағы наубайханада еңбек етіпті. Оның пісірген нанын облыс орталығынан көлік жіберіп, үлкен бастықтар алдыртады екен. Қариялар жағы мұны әлі де тамсанып, әңгіме етеді. «Жаңа кәсіп бастағанда, нақты не істеу керек?» — дегенде, Рамиля бірден әжесі туралы әңгімелерді еске алды. «Сол кісінің ісін қайта жалғасам қайтеді?» — деген ой келді. Сөйтіп, іске кірісіп кетті.

Өкінішке қарай, ауылдағы үй арзанға бағаланады. Өз кезегінде бұл іс бастау үшін жеткілікті мөлшерде несие алуға кедергі келтіреді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Рамиля небәрі 1,3 миллион теңге несиеге ғана қол жеткізді. Бұл қаржыға болашақ цех ғимаратын тұрғызып алды. Енді осы ғимаратты кепілдікке қойып, «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы аясында несие алып отыр. Бұл несиеге қажетті техника алынбақ: қамыр илейтін машина, тоңазытқыш, пештер, т.б.

Өз жоспарларымен бөлісе отырып:

— Цех ішіндегі тазалық мәселесін бірден жолға қоюым керек. Мұндай жерде басты талап — тазалықты сақтау болатыны түсінікті ғой. Қасыма екі адам аламын. Нан-бөлке өнімдерін, тәтті тағамдар, сондай-ақ, татар ұлттық тағамдарын пісіріп, сататын боламыз. Татардың ушпушмак, чак-чак, уақ бәліш, құш тіл сынды тағамдарын мен дәмді етіп әзірлей аламын, — деді Рамиля.

Биыл облыс орталығына жақын Қарақұдық ауылынан 400 отбасы жер телімін алыпты, олардың арасында үй салуға кірісіп кеткендер қатары көп екен. Өзінің жаңа іс бастауымен тұспа-тұс келген бұл жаңалықты Рамиля жақсылыққа жорып отыр.

— Ауыл тұрғындарының саны көбейсе, демек сатып алушылар саны да көбейеді емес пе? Мен өнімдерімді тек өз ауылым ғана емес, Ақтөбе қаласы нарығына да жеткізгім келеді, — дейді бізге.

Ол — ІІ топ мүгедегі. Соған қарамастан, ойға алған ісін қайткенде жүзеге асыруға тырысып, күндіз-түні тынымсыз жүгіріп жүргені…

Ал ауылдастары оған ерекше тілектес. «Сенің өнімдеріңді қашан сатып аламыз?» — деп, күніне бірнеше адам сұрайды. «Ол күн де алыс емес» — деп жауап береді Рамиля. Сол күнге жетуге өзі де асығып жүр.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button