Ауыл

«Құлагердің» жылыжайлары

Қарағаш селолық округының Нұрбұлақ ауылындағы жылыжайлардан айына 5 тоннадай өнім алынады.

Қайрат Үсенбаев «Құлагер» шаруа қожалығына қарасты жылыжайларда екі жылдан бері көкөніс өсірумен айналысады. Ол кезінде Нөкістегі ауыл шаруашылығы техникумын және гидромелиоративтік техникумды, яғни екі бірдей арнаулы оқу орнын бітірген маман екен.

— Негізінен, қияр, қызанақ, витамин көзі саналатын көктер — ақжелкек, сельдерей, көк жуа егемін, аздап тәтті бұрыш пен баклажан да егіледі. Енді алда құлпынай өсіріп көрмекпін, — дейді ол.

Мұнда, әсіресе, қиярдан жақсы өнім алынады екен. Өнімнің мол болуына бір жағынан, тамшылатып суару әдісінің қолданылуы да әсер ететін болса керек.

Ал жаз айларында жылыжайларда ештеңе егілмейді.

— Жазда жылыжайларға «демалыс» беріледі. Себебі, жаз онсыз да көкөніс мезгілі ғой. Біз көкөністі тамыздың соңы мен ақпан айында егіп, екі мәрте өнім жинаймыз, — дейді Қайрат.

«Құлагердің» өнімдері Ақтөбедегі супермаркеттерге, басқа да сауда орындарына өткізіледі. Әзірге мұнда екі жылыжай бар. Үшіншісінің құрылысы жүріп жатыр.

Шаруа қожалығы тек көкөніс өсірумен ғана емес, ет өндірісімен де айналысады. Мүйізді ірі қара, еділбай тұқымды қойдан бөлек, биыл Ресейден күркетауық балапандары да әкелініпті.

— Ресейден күркетауықтың бір айлық 500 балапанын алдық. Әзірге осы істі байқап көргіміз келеді. Табысы жақсы болса, әрі қарай жалғастыруға болады, — дейді іс меңгерушісі Ербол Оңғарбаев.

Бірнеше ай күтіп-баптаса, бұл балапандардың әрқайсысы 12-20 келі тартатын құсқа айналмақ. Демек, табыс көзі ретінде қарауға әбден болады.

 И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Алға ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button