Білім

Балдырған

Жан-жануарлар әлемі

КІрпі де ұйықтайды

Иә, аюлар тәрізді кірпі де шар сияқты домаланып алып қыс бойы ұйықтайды. Бұл кезде оның дене температурасы кейде 6 градус жылылыққа дейін төмендейді. Алайда қатты аяздарда кірпінің ұйқысынан оянып, «жылынуына» тура келеді — оған күзде жиналған май қоры жұмсалады. Егер қыста жылымық пен аяз жиі-жиі болып, кірпі қайта-қайта ояна берсе, ол май қорын тым көп жұмсап қояды да, көктемге қарай әлсіреп қалады.

Көктемде кірпі ұйқысынан оянады да насекомдарды, жалаңаш шырыштарды, түз тышқандарын қомағайлана жей бастайды.

Ересек кірпінің салмағы килограмға, тұрқы 30 сантиметрге дейін жетеді; инелерінің саны 16 мыңға дейін, ұзындығы 2-4 см, жуандығы 1 миллиметрдей болады.

Ал кірпінің балалары жұп-жұмсақ, қызыл шақа, нәп-нәзік және көзі жабық күйінде туады. Олардың салмағы 12-25 грамм ғана шығады. Көзі екі аптадай уақыттан кейін ашылады, осы кезде инелері де қатайып, онда қара қошқыл және ақшыл сызықтар пайда болады. Кірпінің баласы үшінші-төртінші аптадан бастап өздері қоректенеді. Бірақ екі айға дейін енесінің соңынан қалмайды.

Инелері кірпінің ең басты қорғаныс қаруы болып табылады. Өйткені олардың тісі оншалықты мықты емес.

Крпі саңырауқұлақтарды, жеміс-жидектерді және көк шөпті де жейді. Кейде тіпті бақаны аулап, тышқанның ұясын талқандайды. Кірпі бар үйде тышқан тұрмайды.

Табиғат

Перзенттік борыш

Табиғат. Отан.

Осы бір тұжырымы кең, қастерлі де қасиетті ұғымдарды естігенде тұла бойым тамылжып, еліктің лағындай ет-жүрегім елжіреп кетеді. Ата-анасына бауыр басқан баладай еркелеп кетемін. Себебі, табиғат — адам баласының анасы. Табиғатсыз адамдардың күні жоқ. Алыс кетсең, аулыңның табиғатын аңсайсың, сағынасың. Туған мекеніңнің мөлдір ауасын, әуеде қанат қағып, ән салған құстарын, себелеп жауған жаңбырын, тіпті майда құнарлы топырақтарына дейін сағынасың-ау. Сағынасың.  Сағынасың да табиғатыңа еріксіз табынасың. Өйткені ол — Отаның.

Осындай керемет көріністердің келешегі кім-кімді де тебірентпей қоюы мүмкін емес деп ойлаймын. Бұл арада ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаев ағамыздың мына бір жан тебіренісі мен жүрек толғауы еріксіз еске түседі. «Туған жердің тағдыры толғантпаған, жаны тебіреніп, ол туралы ойланбаған адамды қайтіп азамат дейміз. Туған жердің қара тасын мақтан ете білмеген адам бөгде жердің алтын тасын да мақтан ете алмайды.»

Халқымыз ерте кезден-ақ табиғаттың тірі туындыларын киелі, қасиетті деп ұғып, оларды өлтіруге, жоюға болмайтынын жас буынның құлағына құйып отырған. Ал әрбір адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы бала кезінен басталатыны баршамызға мәлім. Демек, табиғат ахуалын сауықтыру, таза ауасын сақтау осы өлкеде өсіп-өнген, табиғатын тамашалаған әрбір перзенттің ең басты борышы болып саналады.

Табиғатты қорғау — өз Отаныңды қорғау!

Аулың — алтын бесігің, атамекенің. Ол — сенің ғана емес, атаң мен әжеңнің, әкең мен анаңның, арғы ата-бабаларыңның мекені. Осыған орай Отаным, табиғатым төңірегінде балалық балғын дәурен ой-сезімімді білдіріп отырған жайым бар.

Ауданымыздың әйгілі Әйтеке би есімімен аталуының өзі тегіннен тегін емес. Әйтеке би ауданы бойынша көркейіп келе жатқан мекендердің бірі — Аралтоғай елді мекені. Ұзын жолдың бойында орын тепкен сүйікті Аралтоғай аулымның жанында ерсілі-қарсылы зар қаққан алуан түрлі машинаның гүрілдеген дыбыстары, көкке еркін самғаған ақ қанатты ұшақтардың нүктедей бейнесі, сол аспанның төсінде қалықтап ұшқан құстар, жымың қаққан жұлдыздар, бәрі-бәрі менің кішкентай жүрегіме үлкен әсер қалдырады.

Сондықтан менің жұдырықтай жүрегіме небір асыл сезімдерді ұялатқан қасиетті туған жерімнің, туған өлкемнің табиғатына басымды иемін. Барлық достарыма: «Туған өлке табиғатын аялайық, қолдан келген жақсылықты аямайық», — дегім келеді.

Әсия ДӘУІТОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Ұстаз

Ең қадірлі орын

Ұстаз — әр оқушының екінші анасы, жанына жақын адамы.

Ұстаз — мейірімді, кешірімді, ардақты да аяулы, асыл жан. Ол жақсылығымызды асырып, жамандығымызды кешіріп отырады. Бізді мектеп табалдырығын аттағаннан бастап күлімдеген шырайлы жүзімен қарсы алып, әріп танытып, жақсылыққа үйретеді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жол, ұстаздық еңбек бәрінен де қадірлі. Ұстаздың орны әр оқушының жүрегінің төрінде деп ойлаймын.

Асыл сөздер иесі Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын мұғалімдікі» деген тұжырымы мұғалім мамандығының қаншалықты қадірлі екенін айғақтайды.

Сондықтан да ұстаздарды қадірлеп, құрметтеп жүрейік.

Ақнұр АЛДАБЕРГЕНОВА,

Қарабұтақ орта мектебінің оқушысы.

Қарабұтақ селосы.

Апай таныстырған тақырып

Менің алғашқы ұстазым — Майраш Ибрашева апай. Ол кісіні біз бірінші сыныптан бері екінші анамыздай көріп келеміз.

Біздің апай қашанда оқушылармен жеке-жеке әңгімелесіп, сабақққа әзірлік жасап, әр түрлі баяндамалар дайындап, кездесулер өткізіп жүреді. Соның арқасында Әлішер Назаров, Лаура Суқашева, Гүлфайруз Назарова, Самал Байдуллина, Айжан Жайлау тәрізді шәкірттері үздік аттестат иелері болды.

Апайымыз биыл облыс әкімі тағайындаған «Облыстың ең үздік мұғалімі» грантын жеңіп алды.

Мен Түркістан тарихын зерттеп, шығармашылық жұмыспен айналысамын. Түркістанға үш рет барып, Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи, Гауһар ана кесенелерін көріп білдім. Ал мен Түркістан тарихын бастауыш сыныпта оқып жүргенімде Майраш апаймен бірге қызығып зерттеген болатынмын.

Мен апайымды мақтаныш етемін, әрдайым сенімін ақтағым келеді.

Гүлдерай СЕРІКҚАЛИЕВА,

Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Ойыл селосы.

Оқушының өлеңі

Отан

Отанымды сүйемін,

Ұқсатам биік терекке.

Отан үшін күйемін,

Дайынмын әр кез көмекке.

Тауын, көлін, өзенін,

Сүйемін мен бәрін де.

Отан — мәңгі өзегім,

Арналар талай әнім де.

Гельмут ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың 6-сынып оқушысы.

Біліп жүр

Қымбат көлік

Қазір баршаға белгілі «Роллс-Ройс» автомашинасының 1906 жылы шыққан ең алғашқы моделі 600 мың долларға бағаланыпты.

Зәулім үй

Әдетте биік үйлердің барлығын төбесі көк тіреген зәулім үйлер деп есептейміз. Дұрыс. Ал нақты есепке келгенде, төбесі көк тіреген зәулім үйлер санатына биіктігі 500 футқа (152 метрге) жететін тұрғын үйлер енгізіле бастайды.

Әскери жаттығу

Әдетте гопак украиндардың халық биі болып есептеледі. Солай екені де рас. Бірақ бұл бидің алғашқы нұсқасы әуелгіде Запорож Сечесінде әскери жаттығулар комплексі ретінде енгізілгенін екінің бірі біле бермейді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button