АуылБасты жаңалықтар

Көмекшілер не істеп жатыр?

Газетіміздің бұған дейінгі сандарының бірінде «Қиылда 3 қабатты мектепте 5 оқушы оқиды» деген атпен («Ақтөбе» газеті, 13 сәуір 2016 жыл) мақала жарық көрген еді. Осы ауылдың жай-күйі турасында жазылған бұл мақала Қобда ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық көмекшісін де бейжай қалдырмапты. Оның ауылдағы осы және өзге де мәселелерді қағазға түсіріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына жолдаған хатынан кейін құзырлы органдар тарапынан Қиылда қызу жұмыстар қолға алыныпты.     

 Жауғаштыға жаңа жиһаз

Биыл өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аймақта облыс әкімінің қоғамдық көмекшілері институты енгізілген еді. Қоғамдық көмекшілер қатарында 12 ауданның беделді өкілдері бар. Олар — облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, қоғам өміріне белсенді араласып жүрген жандар. Қоғамдық көмекшілердің басты мақсаты — облыс басшысы мен тұрғындар арасындағы байланысты күшейту, халықты мазалайтын мәселелер мен ауыл-аймақтардағы жағдайлар жөнінде облыс әкімін ақпараттандыру.

Олардың тағы бір міндеті — жергілікті жерде қоғамдық қабылдау жүргізіп, тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды жоғарыға жеткізу. Бердібек Машбекұлы қоғамдық кемекшілерімен кездесіп, олардың мәртебесін растайтын куәлікті табыстау кезінде: «Біз аудан әкімдері ұсынған ақпараттарға, мәліметтерге сенуіміз керек. Қанша дегенмен, әрбір басшы өз жұмысын жақсы қырынан көрсеткісі келеді. Шын мәнінде барлығын жақсы деп айтуға болмайды. Оның үстіне, қазіргі саяси-экономикалық дағдарыс кезінде көптеген мәселелер шешілмей жатыр», — деген еді.

Бүгінде облыс әкімінің қоғамдық көмекшілері штаттан тыс жұмыс жасап жатыр. Олар үшін ауданда барлық жағдай жасалған. Аудан әкімдігі ғимаратынан арнайы кабинет беріліп, телефон қондырылған, қажет кезінде көлікпен қамтамасыз етіледі. Қобда ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі жұмыс кабинетіне қойылған ескі жиһазды місе тұтпай, жаңасын сұратыпты. Жақын күндері жаңа жиһазға ие болатын Жауғашты Жұмағалиев анау-мынау жағдайларда мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне «кейін ескертпеді демеңдер» деп алдын ала ескерту де жасайтын көрінеді.

 

Ленин ескерткішін сақтаудың сыры неде?

— «Ақтөбе» газетінде «Қиылда 3 қабатты мектепте 5 оқушы оқиды» деген атпен мақала жарық көрді. Осы мақалада көтерілген мәселеге байланысты мен де қосымша өз ұсыныстарымды жазып, яғни Қиыл ауылын сақтап қалу, ол үшін ауылда халық санын көбейту қажеттігі турасында облыс әкімі атына хат жолдағанмын. Онда «Қиыл — мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы жер. Кезінде бұл ауылда көп жылдық еркекшөп егілген.  Шаруалар жылына бұл шөпті екі рет шауып, мал азығын дайындайтын. Ауылда жеміс-жидек өсетін, әсіресе алма ағашын өсіруге ерекше көңіл бөлініп, жемісін де жеген едік. Ал қазір ше? Сол кездегі есіл еңбектер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Жіліктің майлы жағын жегендердің бәрі Қиылдан біржола қарасын батырды. Бүгінде бұл ауылда 25 отбасы тұрады. Ауылдық округте үш қабатты мектеп қана қалды. Онда бар болғаны бес-ақ  бала оқиды. Медициналық пункт пен клуб, кітапхана жұмыс жасайды. Қазір ауыл тұрғындары «Үш қабатты мектебіміз тоналмай, бұзылмай сақталса екен. Сосын ұялы байланыстың игілігін көрсек» дейді. Бүгінде бұл ауылды Ақтөбе-Орал тас жолына қосатын аралықтағы жолға жөндеу жүргізілмегендігі жөніндегі туралы, басқа да мәселелерді көтердім, — деп Қобда ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі Ж.Жұмағалиев Бердібек Машбекұлынан ауылдық жердегі тұрғындардың жағдайын жақсартып, халық санын көбейту үшін халқының саны аз болса да, келешегі бар Қиыл секілді ауылдардан болашақта  жетімдер мен тастанды балалар үшін сәбилер үйін ашып, оларды ауылдық жерде тәрбиелеу мәселесін көтеріпті. Балаларды ауыл өміріне бейімдеп өсіру арқылы оларға күтім жасау, тәрбиелеу ісінде ауылдықтарды жұмыспен қамту мәселесі шешілер еді деген ұсынысын да білдірген.

Ж.Жұмағалиевтің Қиыл ауылына қатысты жазған ұсынысына байланысты бірқатар мәселелер шешімін тауыпты. Бүгінде Қиылдағы өз алдына жеке ғимаратта отырған медициналық пункт пен клуб үйі, әкімдік ғимараты үш қабатты мектепке көшірілген. «Отты бір жерден жағу үшін, яғни артық шығын болмас үшін билік осындай шешімге келіпті», — дейді Ж.Жұмағалиев.

 Қойма салынып жатыр

 Қоғамдық көмекші маусым-шілде айларында ауданда қанттың келісі 340-350 теңгеге шарықтағанмен, қазір бәрі қалпына келтірілгенін, апта сайын құрамында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы және өзге де құрылымдардың мүшелері бар комиссиямен бағаны бақылау үшін рейдке шығатынын айтты.

Ж.Жұмағалиев Қобда, Талдысай, Әлия ауылдарында жайылымдық жердің жеке мал өсірушілерге қиындық тудырып отырғанын, сондай-ақ батырлар мекеніне айналған Қобда жерінде сегіз батырдың біріне ескерткіш орнатылмай, жергілікті биліктің аудандық мәдениет үйі жанындағы Ленин ескерткішін сары майдай сақтап отырғандарының сыры неде деген мәселені көтеріпті.

Бұрын ауданымызда азық-түлік сақтайтын қойма жоқ еді. Аудан әкімінің қатысуымен өткен жиында осы мәселені алға тарттым. Қазір аудан орталығындағы ескі автобазаның орнына сыйымдылығы 25-30 тонналық азық-түлік қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр, — дейді Ж.Жұмағалиев.

Биыл Қобдада ірі қара малдан пастеррелез ауруы анықталып, бұл жағдай республика деңгейінде көтерілді. Десек те қазір ауданда бірде-бір ветеринарлық дәріхана жоқ. Бұл мәселе де қоғамдық көмекші тарапынан көтеріліпті. Қазір өңірде бұл мәселені оңтайлы шешудің жағы қарастырылып жатыр.

Жарқамыстың жолы жөнделеді

 Аудандағы ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің және Байғанин ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі қызметін қатар алып жүрген Ибрахим Ермекбаев:

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің қоғамдық көмекшілері алдына алты міндет жүктеген еді. Ең бастысы — облыс басшысының тапсырмалары мен жүргізіп жатқан жұмыстарын аудан халқына ұғындыру. Халықтан түскен ұсыныс-пікірлерді жинақтау, аудандағы мемлекеттік мекемелердің қызметіне мониторинг жүргізу, бағалау, олардың жұмысы жөнінде облыс әкіміне хабардар ету, әлеуметтік маңызға ие 33 түрлі азық-түліктің халыққа қолжетімді бағамен сатылуын бақылау, бағаға мониторинг жасау, сол арқылы аудандағы азық-түліктің шынайы бағасын облысқа хабарлап отыру — бізге жүктелген міндет. Осы міндеттер аясында жұмыстарымызды жоспарлап, айына бір рет облыс әкімі атына ұсыныстарымызды жолдаймыз. Бүгінде аудан халқы үшін ең басты мәселе — көгілдір отын.  Ауданның территориясы өте үлкен, 6,5 мың гектар жері бар, елдімекендер бір-бірінен қашық орналасқан. Қысы-жазы жол мәселесі қиындық туғызады.

Бейнеу-Жезқазған теміржол құрылысы ауданның оңтүстік территориясын кесіп өтеді. Қазір сол маңға екі разъезд бен бір станса салынып жатыр. Жақында біз  Құрсай стансасына барып келдік. Аудан орталығынан  Құрсай стансасына дейінгі аралық — 500 шақырым.  Болашақта сол стансада мектеп салынып, халық шоғырланады.

Бүгінде аудан орталығынан Жарқамыс ауылына дейінгі аралықтағы 110 шақырымдық көтерме жолдың 51 шақырымы қатынас мәселесін қиындатып отыр.  Себебі, бұл аралыққа кезінде қатқыл табанды жол төселген. «Осы мәселені облыс әкімінің алдына қойғанымызда, Бердібек Машбекұлы өткен жылдың жергілікті бюджетінен қалған 150 миллион теңгені Қарауылкелді-Жарқамыс аралығындағы жол бөлігін жөндеу ісіне пайдалануды шешіп берді. Енді жолдың осы учаскесі жөнделсе, онда осы жол арқылы өзге елді мекендерге қатынау біршама  жеңілдер еді», — дейді И.Ермекбаев.

 Бұлақтыкөл — ауызсу мәселесі шешілмеген ауыр участок

Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін ұялы байланыс пен интернет қажет. Егер алыс ауылдардағы халықтың саны 1000-ға жетпесе, интернет пен ұялы байланыс жеткізілмейді екен. Қазір Дияр, Оймауыт, Миялы ауылдарында ұялы байланыс та, интернет те жоқ. «Бұл мәселені облыс әкіміне жолдаған хатымда  айтқан болатынмын. Қазір шалғай ауылдарда  халық саны 500-ге жетсе, онда сол ауылға ұялы байланыс пен интернет қондыру қажеттігі турасында республика көлемінде әңгіме жүргізіліп жатыр», — дейді қоғамдық көмекші.

Байғанин ауданындағы облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі Бұлақтыкөл ауылында ауызсу мәселесі әлі күнге шешімін таппай отырғанын айтты. Аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықтағы Бұлақтыкөлде ауызсу мәселесін шешу үшін осыдан екі жыл бұрын қаражат қарастырылып, су айдайтын ұңғы қазылған, жергілікті халық тұщы судың дәмін татып, бір қуанған еді. Су қоры да жеткілікті болатын. Алайда, кейін зертхана қорытындысы бойынша бұл өңірде су сапасы ішуге жарамсыз болып қалыпты. Себеп — су құрамынан шамадан тыс темір анықталып, мұнай араласқан. «Қазір Бұлақтыкөл ауылында 150-ге жуық адам тұрады, орта мектеп бар. Ауылдағы 10-12 шақырым жердегі ұңғыдан тұщы су тасымалданады. Ауыл тұрғынының жеке көлігімен тасымалданатын тұщы су кейде айына бір рет жеткізіледі. Бұлақтыкөлдегі бұл мәселе — аудандағы ауызсу проблемасы шешілмеген ең ауыр участок», — дейді И.Ермекбаев.

Күні бүгінгі дейін Байғанин ауданы бойынша облыс әкімінің қоғамдық көмекшісіне  150 адам ұсыныс-пікірмен жолығыпты. Оның 80 пайызы жұмысқа орналастыру, отбасы мәселесіне қатысты шағымданған. Бүгінгі күні 31 адамның мәселесі жергілікті биліктің ықпалымен шешіліпті.

P.S. Жақында Жарқамыс ауылында қоғамдық қабылдау жүргізген И.Ермекбаев аудан әкіміне ауылдағы тозығы жеткен клубты қайта қалпына келтіру қажеттігін айтыпты. Осы жағдайдан кейін жергілікті билік қимылдап, Жарқамысқа мамандарды жіберген. Қазір  клубты  қалпына келтіру жұмыстары қолға алыныпты.  

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button