Денсаулық

Несие арқылы оңтүстік Кореядан аппарат сатып алды

Ақтөбе қаласындағы гинекология бағытында қызмет көрсететін «Денсаулық-Жан» медициналық орталығын көпшілік жақсы біледі. Мекеменің құрылғанына биыл — 17 жыл. Былтыр орталық басшысы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалы арқылы 12 миллион теңге несие алып, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алыпты. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған мекеме басшысы Жәнібек Қожақовты әңгімеге тарттық.

Жәнібек Қожақовтың негізгі мамандығы — акушер-гинеколог. 1984 жылдан бастап қаладағы жедел жәрдем ауруханасында еңбек етіп келеді. 1999 жылы дәрігер жеке клиника ашуды ойлайды. Әріптесі, белгілі акушер-гинеколог Александр Хамко да бұл ойын құптап, істі бастап кетуге кеңес береді. Сөйтіп, сол жылы жаңа медициналық мекеменің құжатын дайындауға кіріседі. Көп қабатты үйдің бірінші қабатындағы екі бөлмелі пәтерді клиника қылып ашады. Келер жылы тұрғындарды қабылдай бастайды. Орталықтың жұмысы ілгері басып, пациенттердің көңілінен шыға бастаған соң, Жәнібек Қожақов клиниканың ғимаратын кеңейтуді көздеді. 2008 жылы Тұрғындар қалашығы ауданынан жер алып, үш қабатты орталықтың іргетасын қалады. Құрылыстан бөлек, қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары да  ұзақ уақыт алды. Сөйтіп жаңа ғимаратты былтыр іске қосты. Несие алып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.

— «Даму» қоры арқылы алған қаржы бізге үлкен көмек болды. Шынымды айтсам, бұдан да көбірек қаржы алатын едім, білмей қалдым. Қор жиырма миллион теңгеге дейін несие береді екен. Қор арқылы алған қаржы кәсіпкерлерге өте тиімді. Несиенің он төрт пайыз үстемеақысының жеті пайызын мемлекет төлеп отыр, — дейді орталық директоры Жәнібек Қожақов.

12 миллион теңгенің 11 миллионын Оңтүстік Кореядан жаңа аппараттарды сатып алуға жұмсады. Қазір жаңа ғимаратта бір дәрігер мен бір медбике жұмыс істейді. Болашақта орталықта балалар гинекологы мен генетик дәрігер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ экстракорпоральді ұрықтандыру орталығын ашуды да көздеп отыр.

— Қалада мемлекеттік  экстракорпоральді ұрықтандыру орталығы ашылғалы жатыр. Бірақ мемлекеттік мекеме мен жекеменшік клиникалардың қатар жүргені артықтық етпейді. Бұл азаматтардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Осы ретте болашақта осындай орталық ашсам ба деген ойым бар. Әрине, ол үшін әлі де көп медициналық аппарат керек. Ең негізгі, әрі қажетті деген бір аппараттың өзіне 99 миллион теңге қажет екен. Бұндай қаржыны табу қиын. Егер «Даму» қоры тағы да көмектесіп жатса, мүмкіндікті пайдалануға болады. Жалпы ұзақ жылғы тәжірибемде байқағаным, соңғы жылдары ерлер мен әйелдер арасындағы бедеулік көрсеткіші өсіп барады. Тіпті жас отбасылардың ішінде бала сүю қабілетінен айрылғандары қаншама. Экологиялық және өзге де жағдайларға байланысты ерлердегі белсенді ұрықтың саны азайып барады. Осының барлығы бедеулік мәселесін тудырып отыр. Сондықтан алдағы уақытта клиника осы бағытта жұмыс істесе деп ойлаймын, — дейді орталық директоры.

Қазір қалада жекеменшік клиникалар өте көп. Бірақ олардың барлығы бірдей сапалы қызмет көрсете беремейтіні анық. Бұл ретте Жәнібек Қожақов былай дейді.

Жекеменшік клиникалар тек қана ақша табуды көздесе, ұзаққа бармайды. Ең алдымен сапалы қызметке мән беруі керек. Бағасы қымбат, бірақ сапасы нашар қызметтен халық онсыз да бас тартады. Алғашқыда дәрігерлерге төлейтін қаржы түссе, соған да шүкіршілік етуі керек. Клиниканың қызметі ұнаған адам келесіде қайта келеді. Біздің клиниканың бағасы көп мекемелермен салыстырғанда арзан. Жаңа ғимаратта көрсетілетін қызмет құны да өспейді, — дейді дәрігер.

Жәнібек Қожақовтың өзі қазір жедел жәрдем ауруханасында еңбек етеді. «Мемлекеттік мекеменің бір қиын жері —  қағазбастылықтың көптігі», — дейді дәрігер. Дәрігер науқас тарихы мен өзге де мәліметті алдымен қағазға, кейін компьютерге түсіреді. Осылайша бар уақытын жоғалтып, науқаспен тілдесетін уақыт таппайды. «Ал жеке клиникада бәрі басқа» деген Жәнібек Қожақов қаржы болса, жаңа аппараттар алып, әлі де қыруар шаруаны атқаратынын айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button