АуылБасты жаңалықтар

Ақтөбеде Ойыл ауданының күндері басталды

Кеше Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Туған жерім — нұрлым елім!» атты акция аясында Ойыл ауданының күндері басталды. 

 

Шығанақ туралы шағын макет

Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі ауласындағы Шығанақ Берсиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған шараға Маңғыстау облысынан даңқты диқанның ұрпақтары келді. Ақтөбеде ұйымдастырылған Ойыл ауданының күндері облыстық өнер музейінде ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің 135 жылдығына арналған «Шығанақ бағындырған шың» тақырыбындағы танымдық мәдени шарамен өз жалғасын тапты. Бұл шараға кезінде Ойыл өңірінде еңбек етіп, кейін  Ақтөбеге қоныс аударған сол өңірдің перзенттері мен «Ойыл» ынталы тобының мүшелері, Шығанақтың ұрпақтары қатысты. Мәдени шараға келгендердер өнер музейінің кең залына қойылған «Ақ тарының ақтаңгері — Шығанақ» атты көрмедегі жәдігерлерді тамашалады. Мұндағы жәдігерлер Ойылдағы Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінен әкелінген. Көрмеге диқанның фотосуреттерінен бөлек, оның өмірі мен еңбек жолын насиахаттайтын шығармалар, хаттар мен естеліктер, тарыны пайдалануға қажетті бұйымдар қойылған. Жәдігерлердің ішінде көпшіліктің қызығушылығын туғызғаны — Ащы-Ойыл өзені бойындағы егіс алқабының макеті болды. Макетті Ақтөбеге келерден бір күн бұрын аудандық өнер музейінің қызметкері Дулат Исабаев жасапты.

Тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік рекорд жасаған диқан ата — Шығанақ Берсиевтің сол кездердегі Ащы-Ойыл өзені бойындағы егіс алқабын игеру кезіндегі еңбегін балаларға ұғынықты болу үшін шағын макетке түсірген едім. Макетте Ащы-Ойыл өзені бойы, сол өзеннен тары алқабына қарай тартылған 200 метр шамасындағы арықты бейнеледім. Арық бойына салынған шығыр да бар. Жалпы шығыр ағысы жай өзендер мен каналдарда, көлдерде пайдаланылады. Шығанақ атамыз өз ісінде түйе шығырды пайдаланған. Яғни, арық бойына қондырылған шығырды түйенің күшімен айналдырып, сол арқылы егіс алқабына су жіберген, — дейді Д.Исабаев.

Көрмеге қойылған жәдігерлердің қатарында 2006 жылы жергілікті мүсінші Кеңес Аққонысов жасаған Ш.Берсиевтің гипс мүсіні, Әнет Әбілов жасаған Шығанақ Берсиев ауылының белгісі де бар.

 

Ойылға — 95 жыл

Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева жүргізген танымдық шара барысында Ойылдың ақ тарысын әлемге әйгілі еткен Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбек жолын баяндайтын бейнефильм жұртшылық назарына ұсынылды.

Кездесу кезінде Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева сөз сөйледі.

— Ойыл  ауданын 1921 жылы 14 болыс болып құрылған кезден санайтын болсақ, биыл ауданның құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ұлы Жібек жолы бойындағы Көкжар жәрмеңкесінен Ойылдың аты танылып, одан бері қарай Ұлы Отан соғысы жылдарында тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ атамыздың Отаны — Ойылда даңқты диқанның ұрпақтары бұл үрдісті әлі де  жалғастырып келеді. Ауданның ауыз толтырып айтатын жетістіктері өте көп. Ол — әлеуметтік-экономикалық саласының дамуы. Ойыл — бүгінгі күні облыстағы алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Бұл — мал шаруашылығы дамыған өлке. Бүгінгі таңда бұл салада да мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жоғары көрсеткіштер бар. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын Ойыл ауданы жұртшылығы көгілдір отынмен қарсы алмақшы. Шығанақ Берсиев атамыздың жасаған еңбегі — бүгінгі жастарға үлгі. Жас ұрпақ осы есімді ұмытпай, әрмен қарай үлгі ретінде ұлықтауымыз керек, — деп аудан әкімі жиналған қауымға Ойылға деген ыстық ықыластары үшін алғысын айтты.

 

Ол — Шекспир бейнесіне жақын тұлға…

Ш.Берсиевті зерттеуші, қаламгер Идош Асқар ұйымдастырушыларға мұндай үлкен шараны Шығанақтан бастағандары үшін өз ризашылығын білдіріп: «Бұл кісі көп жасаған жоқ. Өмірде небәрі 63 жас жасады. Бірақ жасаған еңбегі зор. Шығанақ Берсиев — философиялық тұлға. Рекорд деп айта береміз. Ректорд дегеннің өзі сайып келгенде — спорттық термин. Яғни, әркім өзі үшін жасайтын, алысқа секірісті өзі үшін, жүгірісті өзі үшін, көтерсе өзі үшін көтеретін рекордтар. Ал Шығанақтың жасағаны — бұл адамгершілік, азаматтық рекорд. Жақсы адамның қолынан осындай ұлы істер келеді. Бірақ біз Шығанақты әлі ашқанымыз жоқ. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» туралы романында Шығанақ жоқ. Онда Шығанақ бригадир шамасында ғана көрсетілген. Бірақ біз іздеген Шығанақ ол жерде жоқ деп айтуға болады. Шығанақ — Шекспир бейнелеріне жақын ұлы тұлға. Оны ашу оңай нәрсе емес. Оны ашу үшін Мұхтар Әуезов сияқты үлкен адамдар керек. Ізімізді басып, жас ұрпақ келе жатыр. Осы жас ұрпақ Шығанақты шығарады деп ойлаймын. Шығанақтың азаматтық, адамгершілігін ашу керек», — деді И.Асқар.

Өз сөзінде ардагер журналист И.Асқар 1946 жылы сәулетші Төлеу Бәсеновтің архитектурасымен Шығанақ Берсиевтің туған жерінде даңқты диқанға арнап салынған кесененің іші бүгінде бос тұрғанын, алдағы уақытта сол кесене ішін жаңғыртып, айналасын абаттандыру ісіне жергілікті билік назар аударса деген өз ұсынысын білдірді.

Сол сияқты танымдық мәдени шарада Ойыл ауданының құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері — Қаракөз Қамақызы, Тұрар Шериязданов, Елубай Қалиев, Арыстан Аймағамбетов, Мақсот Балғынов, Тельман Төлебаевтар, сондай-ақ Ш.Берсиев ұрпақтары атынан Айшара Берсиева, Мұхамбет Ешмұхановтар сөз сөйледі. Әйгілі тарышының немересі Ерлан Ешмұқанов атасына арнап өлең жолдарын оқыды.

Шара барысында Шығанақ бағындырған шыңға қол жеткізбесе де, бүгінде осы істі жалғастырушы Ойылдағы «Жақып», «Спартак» сынды шаруа қожалықтарының тары өсіріп, сол үшін мемлекеттік грантқа ие болған шаруашылық иелерінің бүгінгі еңбектері де айтылмай қалмады.

 

«Туған өлке» — Ойылдың анықтамалығы

Облыс орталығындағы Ойыл ауданы күндері барысында С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Туған өлке» атты Ойыл ауданының анықтамалық-ақпараттық танымдық жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл шараға ауданының құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдар, бірқатар облыстық басқарма басшылары, жастар қатысты.

Аталған жинақ облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көріпті. Жинақтың басылып шығуына белсенді атсалысқандардың бірі — облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева бұл еңбектің тарих және география пәні мұғалімдері, оқытушылар үшін қосымша оқыту құралы ретінде берері мол екенін атап өтті.

Кез келген елдің өткені мен бүгіні сол елдің ұлттық топонимиясы, яғни елдімекендерінің атаулары, көлдері, өзендері, соның сабақтастығымен жүзеге асырылады. Әрбір мемлекеттің өзінің топонимикалық принциптері, елдімекендері атауларының тарихы бар. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы осыдан үш жыл бұрын осындай анықтамалықтар сериясын шығаруды қолға алды. Бұндай анықтамалықтарды шығаруға бірнеше мәселе түрткі болды. Біріншіден — Ақтөбе облысы, оның аудандары туралы ғылыми кеңістікте дара-дара материалдардан басқа ешқандай нәрсе жоқ. Сондықтан да әрбір ауданның өзінің аумақтық құрылысы, жер бедері, табиғаты, климаты секілді материалдарды әртүрлі дереккөздерден жинау, табу қиынға соғады. Серия шығаруды жоспарлағанда әрбір аудан туралы осындай ғылыми деректердің бәрін жеке-жеке біртұтас жинаққа топтастыруды ойластырдық. Облыстың барлық ауданы зерттеледі. Бұған дейін Мұғалжар, Байғанин аударының кітаптары шықты. Енді бір айдан кейін Темір ауданы туралы анықтамалық шығады. Осылайша жоспарлы түрде кезең-кезеңімен барлық ауданның үш тілде анықтамалықтар сериясы шеңберінде жинақтар шығарылады. Жинақ танымдық емес, өлкетанулық, туристік, патриоттық  мақсатта шығарылды, — деді Г.Төлебаева.  

Әзірге жинақ 150 данамен басылған. Бірінші кезекте бұл жинақ білім беру ұйымдары мен селолық, аудандық, облыстық кітапханалар мен мұражайларға тегін таратылмақ. Алдағы уақытта мұндай жинақтың электронды нұсқасы да жарық көреді. «Бұл — Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқан жоба. Еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылдығын тойлайын деп отырса да, осы жылдар ішінде жергілікті топонимикалық кеңістік өте аз зерттелген. Мұны осы іс барысында зерттеуге тартылған ғалымдар да айтып өтті. Тағы бір айта кететін жайт, бұл зерттеу еңбектерді табу үшін тек Ақтөбе облысының емес, Ресейдің Астрахань, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербор қалалары мұражайларынан материалдар зерттеліп, қамтылды» — деді басқарма басшысы.

Тұсаукесер рәсімінде «Туған өлке» кітабы көпшілікке кеңінен таныстырылып, кешке қатысушылардың жылы лебіздері тыңдалды.

Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданы күндеріне арналған шаралар кеше мұнымен шектелген жоқ. Кешкілік Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда Н.Қалауовтың «Шығанақ» спектаклін тамашалауға келгендер көп болды.

(Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданы күндері туралы толық материал газетіміздің келесі нөмірінде ұсынылады).

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button