Денсаулық

Қант диабетінен қорғаныңыз!

Қант диабеті — қатерлі аурулардың бірі. Әлемде әрбір 10 секунд сайын 2 адам осы дертке шалдығады.

Қант диабеті — асқазан асты безі жұмысының бұзылуымен байланысты және қан құрамындағы қанттың үнемі жоғары деңгейде болуымен сипатталатын, жазылмайтын ауру. Сырқаттың алғашқы белгілері әлсіздік, жиі шаршағыштық, үнемі шөлдеп жүру, шамадан тыс семіру не арықтау, т.б. Бүгінде әлемде бұл індетке шалдыққандар саны көбейіп барады. Сондықтан дүние жүзі дәрігерлері бірлесе жұмыс жүргізуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу-сауықтыру жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы Тамара Сафронованың айтуынша, бүкіл әлемді қамтыған қант диабеті облысымызда да көбейіп отыр.

— Дерекке жүгінсек, 2000 жылы 2400 адам қант диабетімен тіркелген еді, енді бұл көрсеткіш соңғы 9 айдың ішінде 6700-ге жетті. Оның 34-і — балалар, ал 27-сі — жасөспірімдер. Қант диабеті екі түрге бөлінеді. Оның алғашқысы балалар мен жасөспірімдер арасында, ал енді бірі 40 жастан асқан адамдарда  кездеседі. Әуелгісіне басты себеп, бала кезде түрлі вирустық инфекциялармен ауыру және соның салдарынан ұйқы безінің зақымдануы болып табылады. Ал екіншісінде тұқым қуалаушылық факторымен бірге, семіздік те әсер етеді. Сондықтан бұл сырқатпен ауыратындар, үнемі қозғалыста болып, дене қимылдарымен шұғылдануы қажет. Және тағамның мөлшерін бір қалыпты ұстау да қатаң талап етіледі, — дейді Т.Сафронова.

Қазір бұл індетпен күресу үшін жер-жерде қызу жұмыстар жүріп жатыр. 14 қараша — халықаралық диабетпен күрес күнінде ғимараттар мен көшелерге көгілдір жарық шамдар орнатылды.

— Көк — диабетке қарсы тұратын түстің бірі. Сондықтан 14 қарашада қаламыздағы «Нұр Ғасыр» мешіті мен «Қасиетті Никольск соборы» алаңына көк шамдар орнатылды, — дейді Т.Сафронова.

Қант диабетінің тырнағына бір іліккен адамның оңай құтылуы екіталай. Сол себепті жиі дәрігерлік тексерулерден өтуді талап етеді. Бұл сырқат инфаркт пен көздің көрмей қалуы, бүйрек жұмысының бұзылуына, аяқ-қолдың жансыздануына, тістердің түсуіне алып келеді. Сондықтан дәрігердің барлық кеңесін орындауыңыз қажет.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button