Мәдениет

Дінбасы ақтөбеге дән риза

Облыстық орталық мешіттердің бас имамдары есеп берген жиында Бас мүфти Ақтөбе облысында жасалған жұмыстарды ерекше атап өтті.

Халықтың бірлігі, ынтымағы тәуелсіздігіміздің бірден-бір тірегі, кепілі болмақ. Сондықтан барша қазақтың бір дінде, соның ішінде бір мәзһабта, бір сенімде болуы қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Бұл орайда соңғы жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына филиал болып табылатын мешіттер қатарының көбеюі – үлкен жетістік. Бүгінгі күні облысымызда ҚМДБ-ға филиал болып табылатын 58 мешіт бар. Олардың 14-і – өткен жылы тіркелгендер. Соның ішінде ең елеулі оқиға – облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті ғимаратының бой көтеруі болды.

«Нұр Ғасыр» мешітінің құрылысы облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қолдауымен, Ақтөбе халқының ұйымшылдығымен қысқа мерзім ішінде аяқталды. Бір сәтте 3500 адам құлшылық жасай алатын, мұнаралары мен күмбезі алтынмен қапталған, сән-салтанаты келіскен мешіт бүгінде – барша ақтөбеліктердің мақтанышы.

«Нұр Ғасыр» мешітінің бүгінгі тыныс-тірлігі әңгімені бас имам Бауыржан қажы Есмаханнан сұраған едік:

Біріншіден, мынаны айтқым келеді, – дейді Бауыржан қажы Әбдірашұлы. – Өткен жылдың соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқасының мәжілісі өтті, онда облыстық орталық мешіттердің бас имамдары 2008 жыл қорытындысы бойынша есеп бердік. Осы мәжілісте біздің облысымызда жүргізіліп жатқан жұмыстарға төралқа тарапынан жоғары баға берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі біздің облыста рухани тұтастықты сақтау жолында жасалып жатқан істерге ризашылығын білдіріп: «Осы істерге ұйытқы болып, мешіттерге үлкен қолдау-қамқорлық көрсетіп отырған Елеусін Сағындықовтың еңбегін басқа облыстар басшыларына үлгі етемін», – деп атап айтты. Расында да, қандай қиындықты да жеңіп шығу үшін халқымызға ең алдымен Аллаға деген сенім мен ауызбіршілік керек. Сенім тұтастығы болмаса, ұлт өзінің бірлігін сақтай алмайды. Ал бірлігі жоқ ұлттың – болашағы жоқ. Елінің, халқының болашағын ойлайтын басшы ғана мешіт салу ісіне, мешіттерге қамқорлық көрсетуге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы тұрғыдан келгенде, Елеусін Сағындықовқа деген Дінбасымыздың ризашылығы, ақтөбеліктердің ризашылығы өте орынды.

Бауыржан қажы Есмахан кейбір қандастарымыздың дінді саясатқа айналдырып, халық арасында іріткі салуды көздеген түрлі ағымдардың жетегінде кетуі – діни сауатсыздықтан деп есептейді. Сондықтан да «Нұр Ғасыр» мешіті бас болып, облысымыздағы ҚМДБ-ға филиал болып табылатын мешіттердің барлығы да ең алдымен халықтың діни сауатын ашуға, уағыз-насихат жұмыстарына үлкен көңіл болып отыр.

«Нұр Ғасыр» мешітінде халық ерекше көп жиналатын жұма намазынан бұрын 35-40 минут көлемінде уағыз айту дәстүрге айналған. Ал бас имам Бауыржан қажы Есмахан әр аптаның бейсенбі күні – ер адамдармен, жексенбі күні әйел адамдармен түсінбей жүрген сұрақтарына жауап беру үшін кездесу өткізіп тұрады.

Арнайы жасақталған үгіт-насихат тобы ауылдарда, сонымен қатар облыс орталығындағы көптеген мекемелер мен кәсіпорындарда, жоғары оқу орындарында кездесулер, дәріс-сұхбаттар, тәрбие сағаттарын ұйымдастырды. Өткен жылы аталмыш топ мүшелері Ырғыз, Байғанин, Мұғалжар аудандарында болып, тұрғындармен кездессе, биылғы жылдың қаңтар айында ғана Мәртөк, Хромтау, Алға аудандарында болып қайтты.

Әсіресе, жастар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр Ақтөбе қаласындағы көптеген оқу орындарында дәріс-сұхбаттар өткізілсе, бұл іс биыл да жалғасын тауып отыр. Үстіміздегі жылы ақпанның 4-ші жұлдызында Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде бас имам Бауыржан қажы Есмаханмен кездесу өтті. Кездесу барысында студенттерден түскен сауалдарға орай ата-анаға құрмет; сәлемдесудің маңызы; хиджаб және оқу орындарындағы киім тәртібі; нашақорлық, маскүнемдік, насыбай ату, шылым шегу секілді теріс қылықтардың зардап-залалы тақырыптарында әңгіме қозғалды. Жалпы, қуантарлық жайт – жастардың көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарға дін өкілдерінен жауап алуға деген ықыласы зор.

«Нұр Ғасыр» мешіті жанында ер адамдар мен әйел адамдарға арналған діни сауат ашу курстары бар. Бұл курстарда бүгінгі күні 50-ден астам ер адам, 100-ге жуық әйел адам дәріс алып жүр. Сауат ашу курсының негізгі бағдарламасында Құран әліппесі, тәжуид, ғылымхал дәрістері өткізілуде.

2008 жылы қазан айында мешіт жанынан ер балаларға арналған медресе ашылған еді. Медреседе қазір 12 шәкірт дәріс алып жүр. Алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Оқу ұзақтығы – 2 жыл 10 ай. Шәкірттер медресе ғимаратында күніне үш мезгіл тегін тамақтандырылады, жатақханалары да  осында. Оқу бағдарламасында діни пәндер ғана емес, сонымен қатар дүние сабақтары да бар. Бұл сабақтарды жүргізу үшін жоғары оқу орындарының оқытушылары шақырылады.

«Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы кітапхана қоры күннен-күнге толығып келеді. Мұнда діни әдебиетпен қатар қазақ тарихына қатысты кітаптар, қазақ ақын-жазушыларының шығармалары бар.

Мешіт БАҚ-пен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отыр. Бір ғана мысал – Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар «РИКА» телеарнасы арқылы 1 сағат 45 минут бойы тікелей эфирден берілді.

Құрбан айт мерекесі кезінде көптеген отбасылар құрбандыққа шалынған мал еттерін «Нұр Ғасыр» мешітіне тапсырды, балалар киімдерін, ақша тапсырғандар да болды. Ал өз кезегінде мешіт садақаға берілген етті, ақша мен киімдерді көмек ретінде балалар үйлеріне, мүгедектер қоғамдарына, ауруханаларға және жағдайы төмен отбасыларға (барлығы – 85 шаңырақ) таратты.

…Шешенстан президенті Рамзан Қадыров: «Шешен халқы үшін 2008 жылдың «ең басты жаңалығы – республика астанасында «Шешенстан жүрегі» мешітінің ашылуы болды», – деді. Ал ақтөбеліктер үшін де ата дініміздің мерейі болған «Нұр Ғасыр» мешіті өткен жылдың ең үлкен сыйы екені анық. Егер бұрын Ақтөбе қаласында Қадір түнінде, Айт және жұма намаздары кезінде жұрт мешіттерге сыймай, көшеде тұруға мәжбүр болса, қазір оларға өз парыздарын әдемі, таза жерде өтеуге мүмкіндік бар.

Ел ынтымағының арқасында бой көтерген «Нұр Ғасыр» мешіті ел игілігіне қызмет ете бермек.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button