Ауыл

25 мың тұрғынның шаһары

1. Жаяу курьер

Қашан көрсең де қара сөмкесін иығына іліп жүретін Эмиль Арықбаевты хромтаулықтардың біразы таниды. Себебі, ол Хромтаудың о шетінен бұ шетіне дейін күніне 15-20 шақырым жаяу жүреді. Жай жүрмейді, ол — аудандық прокуратура мен соттың корреспонденцияларын үйлерге жеткізіп беретін курьер. 

Өз қызметін мүлтіксіз атқаратын Эмиль ІІІ топтағы мүгедек екен. Біз оны кешқұрым уақытта көріп қалдық. Дүкеннен үйіне асығып бара жатыр екен. Қайырымды екені көзінен көрініп тұр. Күтпеген кездесу мен сұхбаттан қымсынып тұрғаны байқалды. Ол біздің сұрақтарымызға тез-тез жауап берді де, «Кете берейін?» деп, жылдам жүріспен демде көрінбей кетті. Біздер оның жүріс-тұрысының қалыпты емес екенін байқадық. Ауыл тұрғындары сонысын қызық көретін кейбірі оны келеке етіп, мазақтағысы келетінін, Эмиль бала секілді аңғал, балалар шақырса да, жетіп баратынын әңгімеледі. Бірақ, әңгімесі түзу.

— Диагнозымды білмеймін, маған айтпайды. Денсаулық жағдайыма байланысты ыңғайлы жұмыс іздеп көрдім. Жұмыспен қамту бөлімінің жолдамасымен алты жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Курьерлік қызметті де осы кезде бастадым. Бұрын «Қазақтелеком», «Қазпошта» құжаттарын тасыдым. Қазір аудандық прокуратура, сотқа тұрақты жұмысқа қабылдандым. Күніне 20-25 мекенжайға қағаз апарып беремін. Кейде иттерінен кіре алмайтын кездерім болады. Ондай күндері бір мекенжайға екінші рет барып, қалай да тапсырылған құжатты жеткізуге тырысамын. Жазда ештеңе емес, қыстыгүні қиындау, бір жерден келесі мекенжайға жеткенше, тоңып қаласың, — дейді ол. Эмиль есік алдына шықандықтан аяғына сүйретпе іле салыпты. Негізі жұмысқа кроссовка киеді.

Ауылдастары Эмильдің жаяу жүргенде құйындай ұшатынын, бір сөзбен айтқанда, желаяқ екенін әңгімеледі. Эмиль аудан орталығына таксимен жетеді екен, Дөң ауылынан Хромтауға қатынайтын автобус жоқ. Әр күн сайын түскі асқа үйіне келіп кетеді екен, сонда күн сайын ол 400 теңгені тек жолға жұмсайды, ал айына 12 мың теңге кетіп қалады. Биыл қыста боран қатты болып, көліктердің жүруі қиындаған кезде таксилер жолақы бағасын мың теңгеге дейін өсіріп жіберген көрінеді. Сондай кезде Эмиль Хромтаудағы жұмысына жаяу қатынапты.

Қырықтағы бойдақ жігіт қазіргі таңда ата-анасымен Дөң ауылында тұрып жатыр. Қолы қалт еткенде үйдегі шаруашылыққа, бау-бақшаға көмектеседі. Кейде кітап оқып, компьютерде отырады. Эмильдің бар білімі — он бір жылдық.

Кейін анасымен сөйлескенімізде ол мұғалімдері мен сыныптастары ұлын жақсы сыйлағанын, оның жауапкершілігін, қайырымдылығын мақтайтынын жеткізді.

—  Ұлым ешқашан шаршағанын білдірмейді. Бірақ, мен анасымын ғой, бәрін сеземін. Оған біздің қымбат аяқ киім алып беретін мүмкіндігіміз жоқ, ол кәдімгі қытайлық аяқ киіммен жүреді. Кейде жұмыстан аяқ киімі жыртылып келген күндер болды. Әрине, екі аяғына дамыл жоқ. Ақша жинасақ та велосипед сатып алуға да болар еді, ол да бір жүк болмаса, шаршауын жеңілдете қояр деймісіз? Кейде таныстары көлікпен әкеліп тастайды. Ұлымды халық жақсы көреді, «Повестка алып прокурор келе жатыр» деп әзілдейтіндері де бар. Ол жұмыста болғанда мен қатты алаңдаймын. Ол адамға сенгіш, ешкім оны ренжітпесе екен. Көктайғақта көлікке түсіп қалмаса екен деп тағы да уайымдаймын. Оның тұрақты жұмыс тапқанына қуаныштымын. Мен 61 жастамын. Эмиль — менің жалғыз ұлым. Ол туғанда аурушаң боп туды. Екі айынан жабысқан ауру мүгедектікке шығарды. 27 мың теңге жәрдемақы алады. Ол неге жетеді дейсіз? Сосын ғой, Эмильдің жұмыс талғамай түрлі жұмысқа жабысып жасап жүргені, — дейді Эмильдің анасы.

P.S. Жол азабын тартқан біледі. Дөң ауылы мен Хромтау қаласына қатынайтын арнайы автобустың қажеттілігін бір ғана Эмильдің жағдайынан көруге болады. Хромтауды күніне бірнеше мәрте жаяу аралайтын курьерге қалаішілік автобус болса, тіпті қатып кетпей ме.

 

 

2. Моноқалада қалаішілік автобустар жүрмейді

Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы әзірленді. Осы бағдарлама бойынша өнеркәсіптік өндірісі мен еңбекке жарамды тұрғындар есебінен 27 моноқала іріктелгені белгілі. Осы топқа біздің облысымыздан Хромтау қаласы енді.

Хромтау қаласы қазір күн сайын көркейіп, күн сайын өсіп жатыр. Мәселен, облыс орталығына бара жатқан жолда 22-квартал аталатын жаңа қоныс бой көтеріп келеді. Аудан әкімінің орынбасары Сейтмағанбет Шілмановтың айтуынша, биыл ғана 500 хромтаулыққа тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі берілді. Сондай-ақ, Дөң ауылының 400 тұрғыны да өз кезегімен жер теліміне ие болды.

Бір байқағаным, осындай күн санап өсіп келе жатқан 25 мыңнан астам тұрғыны бар Хромтау қаласында қалаішілік автобустар жүрмейді. Халықтың біразында көлік жоқ қой. Сондықтан аудан орталығының ана шетінен мына шетіне дейін жаяу жүріп уақыттары өтеді.

Осыған қатысты біз аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әспеновке хабарластық.

— Бұдан екі-үш жыл бұрын бір кәсіпкер қалаішіндегі бағыттарға автобустар ұйымдастырды. Алайда, тұрғындар мінбегендіктен тиімсіз болғанын айтып, қызметін тоқтатты. Жергілікті тұрғындар Дөң кен байыту комбинатының екі шахтасына қатынайтын үлкен автобустарын тоқтатып, тегін мінеді. Баратын жерлеріне сонымен жақындап қалады. Оқу жылында қаламыздағы мектеп оқушыларын екі автобус тасыды. Жаңа оқу жылында мектеп автобустар тағы да жұмыстарына кірісетін болады, — дейді.

Осыған қатысты жергілікті тұрғындардың бірімен сөйлесуді жөн көрдік. Хромтаудың тұрғыны, зейнеткер Ұлжан Аймағамбетова:

— Қаланың жаңа станса жағында тұрамын. Өткен қыста қала ішілік бағыттарға қатынайтын бір «Газель» көлігі шығып еді. Қуанышымыз көпке бармады. Бір-екі ай ғана жүрді ғой деймін. Жарнама жоқ болды ма, әйтеуір, жаңағы көлік те жоқ болды. Орталықта балаларым тұрады. Соларға бара қоюға, олардың қолы тимегенде балабақшадан немерелерімді ала қоюға барайын десем, орталыққа бару қиынға соғады. Бұрынғыдай жас емеспіз. Қонаққа немесе құжаттармен жүрсек те, жаңа станса жақтан әкімдіктерге жаяу жету оңай емес. Үнемі таксиге мінуге қалтамыз көтере бермейді. Негізі, қала ішінде жүретін автобустар болса, жергілікті халық мінеді. Шахтаның жұмысшыларын таситын автобус өзінің уақытымен, байқауымша, екі мезгіл ғана жүреді. Ал біз оны күтіп тұра алмаймыз. Кейде жұмысшылармен қыстырылысып мінеміз, кейде оған да міну қиын, — дейді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button