Ауыл

Майтөбе — шекарадағы ауыл

Майтөбе ауылы мен Ресейдің Полевой елді мекені Ор өзенін бойлай шекаралас орналасқан.  

Жергілікті халық Көктөбе ауылдық округінің әкімшілік орталығын әлі күнге дейін Көктөбе деп атайды, ал ауылдың жаңа атауы — Майтөбе тек ресми заңды құжаттарда ғана көрсетіледі. Округ қарамағына орталықтан бөлек Көктерек ауылы мен Болат қыстағы кіреді, барлығында 136 үй ғана бар.

Бұл жерден Ресей шекарасына қол созсаң ғана болғаны, Орынбор облысының Дамбар ауданы Полевой елді мекені тиіп тұр. 9-10 шақырым жерде шекарадан жеңілдетілген өткізу бекеті бар, ал Майтөбеде №2030 әскери бөлімінің шекарашылар заставасының базасы орналасқан.

— Әрине, шекарадан өткен соң да өзіндік шектеулер қойылған, мысалы, азаматтардың екі жақта да осы аудандардан әрі асуға құқықтары жоқ. Ертеректе біз көршілермен әсіресе су тасқыны кезінде етене араластық. Көктем сайын Ор өзені тасып, кей кездері біздің ауылдың үйлері суға «шомылатын». 1990 жылдардың аяғында екі жақта та дамба салып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтті. Күні кешеге дейін ресейлік мамандармен бірге егістікте фитосанитарлық жұмыстар жүргізіп, ветеринарлар да өзара байланыста жұмыс істеді. Қазір айтарлықтай ортақ мәселе де жоқ, бұрынғыдай қоян-қолтық араласу да жоқ, әкімшілік деңгейінде бұрынғы байланысты жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Ал шекараның екі жағында орналасқан тұрғындар арасындағы достық қарым-қатынас ешқашан үзілген емес. Екі ауылдың жастары бір-біріне үйленіп, құда-жекжат болып жататын кездер де болады, — дейді Көктөбе ауылдық округінің әкімі Берік Сәтмұхамбетов.

Ауылдықтар Майтөбе ауылы маңындағы Болат қыстағының үстімен бір кездері Ұлы Жібек жолының керуені өткен дейді. Қазір бұл жерде 7 үй ғана бар.

— Ауыл тұрғындарының бәрін кәрі дей алмаймыз, орта жастағы адамдар. Қыстақта жалпы төрт бала бар. Оның үшеуі — мектеп жасына жетпегендер, ал біреуі округ орталығында туысқандарының үйінде жатып оқиды, — дейді округ әкімі.

Тұрғындар орнығып қалған жерін тастап кеткісі келмейді, мал шаруашылығымен айналысады. Осы жердегі ірі шаруа қожалығы саналатын «Дәурен» мал азығын дайындайды.

Әрине, ауыл өркениеттен алыс, бұл жерде мектеп те, пошта да, амбулаторлық пункт те жоқ. От жағады. Тек ұялы байланыс бар. Осы маңнан Ақтөбе мыс компаниясының «Приорский» карьеріне баратын жол өтіп жатқан соң, қыста қандай қар жауса да, жол тазартылып отырады екен.

Айтпақшы, Майтөбе орта мектебінің әр жылдардағы түлектері «Туған жерге тағзым» акциясы аясында, жалпы өздерінің шәкірттік парыздары ретінде туған жерге, өздері оқыған мектепке келіп, көмектесіп тұрады.

— Мысалы, биыл бір топ түлек келіп, мектеп ауласына 70 сүмбіл терек егіп берді. Сосын Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішті қайта қалпына келтіруге көмектесті. Жерлес патриоттарды атап айтсам, Нұрлан Ізтілеуов, Сырымбет Маханалин, Ерболат Рысбаев, Жеңіс Мұхамбетқалиев, Саламат Алмамбетов, Ержан Қосуақов, тағы басқалар, — дейді округ әкімі ауылдастарына ризалығын білдіріп.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button