Экономика

Конкурстарға жаппай қатысу құрылысты көркейтпейді

Экономиканың ілгері, жан-жақты дамуында құрылыс саласының алатын орны ерекше. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс істейтін бәсекелестік ортаның күшеюіне байланысты тұтынушылар тарапынан талап та, талғам да арта түсуде. Біздің мекеме бақылау және қадағалау функциясын заңдылықтар ауқымында жүргізіп келеді.

Өткен жылдың ауқымына құрылыс қызметінің сапасын бақылау бойынша 534 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 1031 қадағалау мен бақылаудың өзге де нысаны бойынша шаралар жүргізілді, тексеріс нәтижесі бойынша 68 нұсқама берілді.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында 65 субъекті әкімшілік жауаптылыққа тартылды және бұл ретте заңдылық талаптарына сәйкес 8 миллион 136 мың 110 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Ақтөбе қалалық әкімшілік мамандандырылған сотының қарауына 21 әкімшілік іс жолданды. Соның ішінде 21 материал қаралып, оның 18-і бойынша айыппұл салынды, 3 құрылыс мәжбүрлеп бұздыруға жатты.

Басқарма мынадай құрылыс нысандарын бұзу бойынша бастама білдірген болатын: «Арайлы» тұрғын кешен нысаны бөлшектеп бұзылуға жатқызылды. Ақтөбе рельс арқалық зауытының үш қатарлы дайын өнімдерді зерттеу бойынша лабораториясы заңдылық талаптарын бұзғаны үшін, сондай-ақ Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы «Нұрдәулет» сауда үйінің маңындағы «Оптика» дүкені заңсыз өз еркімен салынған құрылыс ретінде бұзылды.

Биылғы бірінші жарты жылдықта 276 құрылыс-монтаж жұмыстары басталғаны туралы хабарлама қабылданды. Құрылыс қызметінің сапасын бақылау бойынша 42 жоспардан тыс тексеру және 38 қадағалау мен бақылаудың өзге де шаралары жүзеге асты.

Міне, жыл да ортасынан ауды. Биылғы жылға белгіленген бірқатар шаралар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Олардың бастылары қатарында облыс аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында заң нормаларының орындалуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондай-ақ  нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушілердің техникалық қадағалау қызметіне, жобаларды әзірлеушілердің авторлық қадағалау және мердігерлердің қызметіне бақылауды жүзеге асыру, салынып және қайта жаңғыртылып жатқан нысандардағы апаттар мен қирағандардың себептерін тексеру бойынша комиссияларға қатысу секілді шаруалар да бар. Біздер құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламалар бойынша мониторинг және талдауды жүзеге асырамыз.

Жергілікті атқарушы органдардың хабарламаларына қарағанда, бірқатар жағдайларда ереже талаптарына сәйкес келмеген өтінімдері кері қайтарылған мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысушылардың талаптары бойынша сот қарауы нәтижесінде бюджеттен қаржыландырылатын нысандар құрылысы созылып кететін жағдайлар кездесіп тұрады.  Әлеуетті мердігерлердің қазіргідей күрделі кезеңде табыс табуға ынталылығын, біз айтқан ахуалға қатысты наразылықтарын түсінуге болады. Алайда қарастырылып отырған құбылыс жүйелі сипатқа ие болып, бюджет қаржысын да, сондай-ақ құрылыс салуға бөлінген уақытта да тиімді пайдалануға теріс ықпалын тигізуде.

Әрине, мемлекет шаруашылық жүргізуші субъектілердің бәсекелестік мәселесіне араласа алмайды, ал аталған проблеманы реттеуде қоғамдық, кәсіптік қауымдастықтар, мысалы, құрылысшылар мен жобалаушылар ассоциациясы белгілі бір дәрежеде өз ролін атқара алар еді.

Негізінде құрылыс ұйымдарының өздерінің өндірістік мүмкіндіктерін нақты бағалап, барлық жарияланған конкурстарға жаппай қатысу практикасын доғарғанын қалар едік. Мұндай жаппай ілгері ұмтылушылық құрылыс кестесі мен оны қаржыландырудың бұзылуына әкеліп соғады.

Архитекторлар одағы мен Дизайнерлер одағының жергілікті бөлімшелері секілді шығармашылық одақтардың қызметін де жандандыра түскен пайдалы болар еді. Бұл ретте әсіресе жас мамандардың кәсіби дайындығының жалпы деңгейін көтере түскен дұрыс.

Айқын әрі заманауи сәулетті, қолайлы және қауіпсіз қалалық ортаның қалыптасуы өзге өңірлерден біздің облыс орталығына жастардың көбірек келуіне жол ашар еді. Бұның өзі болашақ Ақтөбе агломерациясын құрылымдау үшін өте маңызды. Экономикалық даму үстіндегі қаланың тартымды келбеті инвестициялық қызығушылықты арттырумен бірге, туризмді дамытуға да серпін беретінін есте ұстаған жөн.

Біз үшін басты өлшем — құрылыс сапасының жоғары болуы және белгіленген заңдылықтардың сақталуы. Алдағы уақытта да осындай биік талаптарға сай жұмыстарды жүйелі түрде атқара беретін боламыз.

Соңғы жылдары тұрғындар сұранысы мен талғамына қарай құрылысшылардың кәсіби бағыттағы ізденістерінің нәтижесінде құрылыс сәулеті жаңа кейіп-келбетімен ерекшеленуде. Халықтың қолайлы тұрмысына жан-жақты жағдай жасау үшін инфрақұрылым ауқымы да кеңейді. Қазір қала мен ауыл құрылыстарының сәні мен мәні теңесті.

Құрылысшы болу — қай уақытта да құрметті және абыройлы іс. Біздің құрылысшыларымыз өңір аумағында әлеуметтік және өндірістік нысандарды жоғары талапқа сай сапалы және мерзімінде іске қосуға атсалысып келеді. Облысымызда бүгінгі заманға лайықты сәулетті ғимараттар қатары күн сайын өсу үстінде. Қаланың, ауылдың сәнін келтіріп, айшықтандырып тұрған құрылыстарға қалдырған құрылысшылар қолтаңбасы — олардың әрқайсысы үшін мәртебе.

Бердияр ПІРІМБЕТОВ,

облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының

басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button