АуылБасты жаңалықтар

Жол мен жолаушы

«Бизнестің жол картасы-2020»

«Қиылыс» — беделді бекет

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізі Ырғыздың түбімен өтеді. Бұл баяғы «Жібек жолы» сорабына орнаған бүгінгі балама тас жол.  Осы тұстан тіке қиып, Ырғыз-Шалқар тас жолдары түйіседі. Сондықтан да бұл жерді халық «Қиылыс» деп атайды. Көліктер бұл жерде тәуіліктің барлық уақытында ерсілі-қарсылы ағылады да жатады. Тоқтаса да, ұзақ уақыт бөгелмейді. Көбіне дәмханалардан тамақ ішіп, аз-мұз ауқаттануға ғана аялдайды. Тым шалғайдан шаршап келе жатқандар қонақ үйлерге кідіріп, аяқ суытады. Содан соң көліктеріне осы жерден жанар-жағармай алып, сапарларын әрі қарай жалғастырады.

Осы тұстағы жол бойына қойылған сілтемеде:  «Арал — 204 шақырым, Қызылорда — 660 шақырым, Шымкент — 1112 шақырым» деп көрсетілген. Ырғыз-Шалқар жолының сілтемесі де тұр. Жергілікті тұрғындар енді  Ырғыздың үстімен Нұра мен Торғайды басып,  Астанаға тіке тас жол салынатыны туралы хабарды таратып жүр. Бұл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынатын Ақтау мен Астананың арасын қосатын жол. Елбасының халыққа Жолдауында Астана-Алматы, Астана-Өскемен, Астана-Ақтау тас жолдары 2020 жылға дейін аяқталатыны көрсетілген. Соңғы жол пайдалануға берілгенде, Ырғыздағы қазіргі түйіскен жолдар саны бұрынғыдан да ұлғайып, тоғыз жолдың торабы деген атауға лайықты бола түспек.

Ал мұндай жолдың қайнаған өмір, табыстың көзі, бүгінгінің тілімен айтқанда, нағыз бизнес екенін ұзақ дәлелдеудің қажеті жоқ. Осыны ырғыздық кәсіпкерлердің жақсы түсінгенін жақында осы ауданда іссапарда болғанда өз көзімізбен көріп, қуандық.

Оның үлкен шоғыры ұзақ сапардың жолаушылары көбірек аялдайтын «Қиылысқа» орналасыпты. Көпшілігі мұнда бұдан ондаған жыл бұрын жолаушыларға жол бойы қызметін көрсететін шайхана, шағын қонақ үй сынды орындар салып бастаған. Одан бергі аралықта бірсыпыра уақыт өткені белгілі. Ал уақыт, өсіп келе жатқан талғам өзінің түзетуін енгізетіні тағы ақиқат.

Ол кезде ауыл кәсіпкерлерінің көпшілігінің қарапайым қазақы шайхана салуға ғана шамалары келген-ді. Оның өзін де қолға түскен қарабайыр материалдан тұрғызып, сәулеттік сән-салтанатты ескере бермеді.  Ал қазір сол кемшін тұстарды түзететін кез келді. Сондықтан ырғыздық кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланып, қаржылық институттардан жеңілдікпен несиелер алып, бұрынғы ғимараттарын жаңартып, тіпті тыңнан екі қабатты кемпинг, мейрамхана сияқты  қазіргі уақыттың талабына жауап беретін көрнекі де, көрікті құрылыстар салып жатыр.

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолының  Ырғыз аумағындағы жол бойы бизнесімен танысуды «Қилысқа» арнайы соғып, іс басындағы ауыл кәсіпкерлерімен пікірлесуден бастадық.

Біздің бірінші жолыққан жеке кәсіпкеріміз Ержігітова Зәуре болды.

— Осы жерде отбасылық бизнесімізді бастағанымызға 10 жыл болды. Ол кезде мынау асфальт жол әлі төселмеген еді. Әуелі осы жерде тұрғызылған қазақы шайхананы сатып алдық. Сонымен жолаушыларға, осы жол құрылысын жүргізген адамдарға біраз жыл қызмет көрсеттік. Кейін жаңа жол құрылысының аяқталуымен, біздің қызметімізге де талап күшейді. Мынадай жолдың бойында бұрынғы қарабайыр құрылыстар қораш көріне бастады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ырғыз өңірін аралаған алғашқы сапарында жол бойындағы жүргіншілерге қызмет көрсететін құрылыстардың бірінші кезекте талапқа сай болуы қажеттігін ескертті. Содан кейін кезінде талғамсыз салынған көп құрылыстар бұзылды. Біз де көне шайханамызды бұзып, Қазақстанның Даму банкі арқылы 3 миллион теңге несие алып, екі қабатты кемпинг тұрғызуға кірістік.

Әрине, 3 миллион теңгеге көп ақша емес, мұндай құрылыс тұрғызу үшін аздық етеді, сондықтан өз қаржымызды салдық.

Ұзақ жылдардан бері жол бойында қызмет етіп отырғасын, жолаушылардың жағдайын жақсы білеміз. Алыс жолдан шаршап жетеді . Жатып демалғысы, 1-2 сағат болса да көз іліндіріп алғысы келеді. Біздің кемпингіміз сондай жолаушыларға  ыңғайлап тұрғызылған құрылыс. Соны ойлап, дәмхананамызға да құрылыс қосып, кеңейттік. Жүргіншілердің сұраулары бойынша, аяқ созып отырып, тамақ ішетін столдар қойылған, арнайы  бөлме жасақтадық. Несиені  молырақ алғанымызда мейрамхана тұрғызу да ойымызда бар еді. Алайда несие қаржы аз тиді де, «көрпемізге қарай көсілуге тура келді», — дейді Зәуре.

Біз әңгімелескен жеке кәсіпкер бұл жерде отбасылық бизнес құрып, тек жолдасымен екеуіне ғана емес, тағы бірнеше адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Кемпинг құрылысын салуға да жергілікті құрылысшыларды тартқан. Қазір құрылыс аяқталған.  Енді «Мақсат» дәмханасына, кемпингке қоятын жиһаз, жабдықтар алуды ойластырылуда.

 

Жұмыс бар, келуші жоқ

Ал жеке кәсіпкер Асанова Қазына әңгімесін өткен уақытты, ерте дүние салған отағасын еске алып бастады.

— Бұл істі отағасым Әділхан Асанов бастап еді. Осы жерден жер алып, алғашқылардың қатарында дәмхана салды. Ол кезде айдала, маңайда ештеңе жоқ болатын. Құрылыс материалдарының да тапшы кезі еді. Электр желісі әлі тартылмаған. Сондықтан осы жолды салған инвесторлармен жалғасып, мұнда бірінші болып жарық жеткізді. Сөйтіп жүріп, осыдан бес жыл бұрын жол апатына ұшырап, өмірден өтті.

«Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген, Әділханның бастаған ісін жалғастырып, отбасымызды асырадық. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Қазақстанның Даму банкінен 4,5 миллион теңге несие алдық. Сол несиеге  жинағымызды қосып, құрылыс бастап, осы дәмхананы екі айда бітіріп, кірдік.

Көне дәмхананы қонақ үйге лайықтап, қайта жаңғырытып салдық. Жолдасым негізін қалаған бизнесінің арқасында осындай дәрежеге жеттік, — деп түйді ойын.

Расында да, отағасы құрған бизнесті дамытуға отбасын жұмылдыра отырып, Қазына әкеден ерте айырылған төрт баланы тәрбиелеп, жеткізген. Қазір үлкен ұлы мен келіні Шалқар қаласында жұмыс істейді. Екі қызы Ақтөбеде қызметте. Жол бойындағы бизнесінде өзіне серік болып, үлкен қайрат қылып жүрген кенжесі Дастан  екен. Әкесі  кезінде дәмхананы осы ұлының есімімен атапты. Жанынан тастамай әр кез ертіп жүрген. Сірә, сол кездің өзінде ұғымтал ұл  көп нәрсені әкесінен үйренген болса керек.  Қазір үйленбеген, жиырмадағы бозбала анасына қамшы салдырмай, шаруасын дөңгелетіп отыр.

— Қызмет істеп жатқан осы бала. Әкесінің қасында көп жүріп еді, соның арқасы шығар. Мен тек бағыт-бағдар беріп отырамын, көп шаруаны мойнына алып өзі істейді, —  деп  анасы ұлын мақтаныш етті.

Бұл жерде отбасынан өзге де біраз адамның осы дәмхана мен қонақ үйден нәпақа тауып отырғанын білдік. Бірнеше жұмысшылары, аспаздары, қонақ күтушілері бар. Ырғыздан да жұмыс істейтін бірнеше адам алған. Дегенмен, Қазынаның әңгімесіне қарағанда, жұмыс істейтін негізгі адамдары Ақтөбе қаласынан екен.

— Біз түнгі 12-ге дейін ғана жұмыс істейміз. Ал жол бойындағы жүргіншіде толас жоқ, келе береді. Кейде оларды тамақтаныру үшін дәмхананы мезгілісіз уақытта да ашуға тура келеді. Сондықтан арасында ауысыммен жұмыс істейміз. Бірақ жұмысты бұлай өне бойы ұйымдастыруға, шынын айтсақ, адам жетіспейді, — дейді кәсіпкер.

Себебі, жергілікті жерден шақырғанмен, жұмыс істеуге адамдар білек сыбанып шыға қоймайтын көрінеді. Ауданда жұмыссыздармен жәрмеңке ұйымдастырылған кезде кәсіпкер аспазға, даяшыға, ыдыс жуушыға шақырып өз аяғымен барған. Алайда жұмысқа тұруға ешкім тілек білдірмеген.

— Мен 50 мың теңге айлық беремін. Жатар орны, тамағы тегін, 20 күн жұмыс істегеннен кейін, кезектесіп үйіне барып демалып келуге болады. Мен жұмысқа заң талабына сай орналастырамын, салығын төлеймін, зейнеткерлік қорға қаржысын аударамын, — дейді бәйек боп кәсіпкер.

Қазинаның дәмханадан басқа, 25 орындық қонақ үйі бар. Жамбас ақысы арзан, тәулігіне — 500 теңге. Неге олай дейсіз ғой? Жоғары дәрежеде қызмет көрсете алмағасын кәсіпкер қонақ үйдің бағасын төмен белгілеген. Себебі, «Қилыстағы» үлкен проблема — су. Осы жерде отырғандардың барлығы да суды Ырғыздан тасып ішеді.

— Жақында арнайы қаладан мамандарды шақырып, құны қанша болса да төлеймін деп, бұрғылаттым, 50 метрге дейін қазды, су шықпады. Ырғыздағы сумен жабдықтау мекемесінің су таситын көліктерінен, екі жетіде 10 тонна су аламын, құны 15 мың теңге тұрады. Судың болмауы біздің қолымызды байлап тұр. Әйтпесе, осы жерді гүлдендіріп жіберер едік. Кімнен көмек сұрауға болады? — деп, өзімізге қарсы сауал қойып аяқтады сөзін.

Бізбен бірге болған ауданның мемлекеттік қызметшілері Ырғыздың ауызсуды Айырқызыл құмдарынан алып отырғанын, ол тұщы судың мол қоры бар аумақты құм екенін, оның бұл жерден қашық еместігін, болашақта сол тұстан су тартуға болатынын, тек қаржы мәселесін шешу қажеттігін айтты.

Жеке кәсіпкер Қазына  Асанова «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары арқылы несие берсе, Ырғыздың орталығынан балабақша салуға да әзірмін деп, құлшынып қояды.

 

Ырғыз бен Қарабұтақ арасында

Жол бойында қостанып жатып, жолаушыларға қызмет көрсететін нысандар осы жылы-ақ көбейетін сыңайлы. Облыс әкімінің үлкен дәліздің бойында кемі әр 30 шақырым сайын жүргіншілерге қызмет көрсететін түрлі орындар салу туралы бастамасын қолдаушылар көп екен.

Бұған дейін мал шаруашылығымен айналысып келген ырғыздық кәсіпкерлер Мылтықбай Сарманов «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының 1132- шақырымынан келістіріп кемпинг салып жатқанын көрдік. Бұл кемпинг Құрылыс ауылына бұрылатын тұста.

Жол бойында жанар-жағармай, газ құю бекеттері де көбейе түспек. Мысалы, біз әңгімелеген «Қиылыстан» «Байланыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы аумақтан бірінші рет жер алып, «Гелиос» жанар-жағармай құю бекеті құрылысын бастаған. Осы маңнан «ҚазМұнайГаз» компаниясының сенімді өкілі сондай май құю бекетін және дәмхана, қызмет көрсету орнын салмақ.

Арғы түбі ырғыздық, бірақ қазір Ақтөбе қаласында тұратын кәсіпкер Самат Нұрбаев та тас жол бойынан кемпинг тұрғызуға жер алған.

Осы аудандағы «Тұлпар» шаруа қожалығының иесі Әбдібай Әбенов аталған тас жолдың 1131-шақырымынан кемпинг құрылысын бастаған, алдағы жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Ырғыз ауданының аумағындағы тас жолдың бойына бұл жерден тыс жерлерде тұратын азаматтар да қаржы салып, жолаушыларға қызмет көрсету орындарын салуға ықылас білдіруде. Жеке кәсіпкер Гүлнафис Рахманова газбен жабдықтау бекеті құрылысын салмақ, өткен жылы жерін алып қойған.

Ал ырғыздық белгілі кәсіпкер, «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Хамит Өтеуов кемпинг құрылысын бастап кеткен. Ол бұл құрылысты өзі тұратын, адамдары еңбек ететін Құмтоғай, Қарақұдық ауылдарының тұсынан тұрғызуда.

Осы ауданның «Айтбай» шаруа қожалығының иесі Зина Айтбаева кемпингті Шұрық аталатын жерден салуды қалаған. Қазір құрылысын бастап кеткен.

Жол бойынан тұрғызылып жатқан бұл құрылыстар — күні ертең-ақ талайларға бір жағынан жұмыс, екінші жағынан халыққа қызмет болмақ.

Әрине, жол бойында бұдан бірнеше жыл бұрын бизнесін бастап, халыққа қызметін көрсетіп жатқан тәжірибелі кәсіпкерлердің жөні бөлек. Олардың бірнешеуін біз жоғарыда айттық. Солардың қатарын толықтыратын жол бойында автотұрағы, қызмет көрсету орындары бар, бұрынғы ырғыздық, қазір Ақтөбе қаласының кәсіпкері Лиза Өтемұратованы, Қалыбай тұсында 2009 жылдан «Ақниет» дәмханасын ұстап тұрған жеке кәсіпкер Райгүл Спандиярованы атап кеткен жөн сияқты.

Жеке кәсіпкер Нұрболат Нияров тас жол бойында 2005 жылдан халыққа қызмет көрсетуде. Осы жолдың 1076-шақырымында оның жанар-жағармай  құю бекеті, кемпингі жұмыс істеп тұр.

Қазір қай жерде де көліктер жаппай арзан отын түрі — газға көшірілуде. Сонымен байланысты жол бойында газ құю бекеттерін көптеп тұрғызу қажет болып отыр. Әзір оның қатары бұл аумақта өте аз. Сол аздың бірі — Қиылыста тұрған  жеке кәсіпкер Қажымұқан Тілеуғабыловтың газ құю бекеті.

Жолдың жайын жүрген біледі деген, жолға шыққан адамның мұқтажы көп болады. Әсіресе, байланыстың түр-түрі болғаны артықтық етпейді. Бұл жолдағы «BeeIine» қызметі соның айғағы.

Әрине, жол бойындағы бизнес өзінің толық күшіне  ене қойған жоқ. Біз жүріп өткен Ырғыздан Ақтөбеге дейінгі күре жолдың бойында талай шақырымдардың еш қызмет көрсету орындарынсыз өтетін тұстары көп. Алда Ырғызға көрші  аумақтарда да  бұл іс қанат жаяды деген сенімдеміз.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button