Ауыл

Ауыл: тамыз тынысы

  • Қобда

34 КОМБАЙН ЕГІСКЕ ТҮСЕДІ

Аудандағы шаруа қожалықтары мен агроқұрылымдар қолдағы бар техникаларын түгендеп, егін оруға дайындалып жатыр.

Биыл аудан бойынша шаруалар 7900 гектар алқапқа егін екті, соның ішінде бидай — 3750 га, арпа — 2200 га, тары — 1800 га, қара бидай — 116 га жерге  егілген болатын. Биыл ылғалдың мол түсуіне байланысты егін бітік шыққан. Қазір диқандар егін ору науқанына ерекше ынтамен кіріскелі отыр. Қажетті техникаларын сайлап, жанар-жағармай мәселесі де күні бұрын шешілген.

Биыл егін түсімінен жақсы көрсеткіш күтілуде, әр гектардан 10-12 центнерден өнім алуды жоспарлап отырмыз. Биыл аудан бойынша 32 шаруа қожалық егін екті, соның ішінде ең белсендісі — «Қобда-жер» серіктестігі. Осы жылы бұл серіктестік 1600 гектар жерге бидай, 200 гектар алқапқа арпа екті, — дейді  аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Жайық Мұқашев.

Маусымдық жұмыс кезінде 34 комбайн жұмылдырылады. Қазір күздік дәнді дақылдарды егу үшін 1000 гектар жерге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айша ҚЫЛЫШБАЕВА.

 

  • Алға

ЕСКЕРТУ БЕРІЛДІ, АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Биыл бірінші жартыжылдықта Алға ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жергілікті бюджетке 423 069,7 млн теңге түсім түсіріп, болжам көрсеткіштерін 105 пайызға орындады.

Бұл —  белгіленген болжам көрсеткішінен 19 967,7 млн теңге артық. Сондай-ақ салық салу базасын ұлғайту іс-шаралары бойынша бюджетке 31,4 млн теңге қосымша салық түсімін қамтамасыз етті.

Есепті кезең ішінде салық заңдылығының орындалуын бақылау бойынша рейд-тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 15 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 9 жағдай бойынша бақылау кассалық аппаратының қолданылмауы, ресми тіркеусіз кәсіпкерлікпен айналысу жағдайының 3 дерегі,

мемлекеттік лицензиясыз  алкоголь  өнімдерін сатуға қатысты 2 жағдай, сондай-ақ ілеспе құжаттарсыз алкоголь өнімдерін сату деректері анықталған. Аталған құқықбұзушылықтар Алға қаласы,  Бестамақ, Қарағаш, Маржанбұлақ, Қарақұдық, Ақай және Сарықобда  ауылдық округтерінде орын алған. Анықталған  құқықбұзушылықтар бойынша 9 салық төлеушіге  ескерту, алты адамға 350 925 теңге көлемінде айыппұл салынды.

И.БОЛАТОВ.

 

  • Темір

КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ, КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ

Аудандық прокуратура жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау штабында кәсіпкерлермен кезекті кездесу өтті.

Кездесуге ауданның жеке кәсіпкерлері, мемлекеттік кірістер, тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармаларының басшылары мен қызметкерлері, облыстық кәсіпкерлер палатасының Темір ауданы филиалының өкілдері қатысты.

Аудан прокуроры Н.Сұлтанов мұндай басқосуды өткізу кәсіпкерлерді заңнамаға енгізілген өзгерістермен таныстыру әрі ақпараттандыру, түсіндіру, олардың тарапынан мүмкін болатын заң бұзушылықтар мен қызметтегі кемшіліктерге жол бермей, алдын алу шараларын жүргізу екенін айтты.

Отырыс барысында аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау және  мемлекеттік кірістер басқармалары өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Басқосуда кәсіпкерлер тарапынан  жиі кездесетін заңбұзушылықтар мен олардың себептері талқыланып, бизнестегілердің сауалдарына тиісті органдар тарапынан жауап берілді.

М.КЕМЕШОВ.

 

 

  • Хромтау

КӨКТАУДАҒЫ КӨКПАР

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы,  Ақтөбе мыс компаниясының 10 жылдығы және Көктау аулының құрылғанына 50 жыл толуына арналған мерекелік шара Көктау ауылында ұйымдастырылды.

Жергілікті билік өкілдері көктаулықтарды мерейтойларымен құттықтады.

Көктау — тарихы бай өлке. Жергілікті тарихшылардың болжамы бойынша мұнда бірнеше мың жылдар бұрынғы тіршілік иелерінің қоныстары бар. Жарты ғасыр бұрын іргетасы қаланған ауыл бүгінде көркейіп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын өз жұмысын бастаған Ақтөбе мыс компаниясы елдімекеннің дамуына жаңа серпіліс берді. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы көш» бағдарламасы  аясында атамекеніне оралған қандастардың көп шоғырланған мекені де — осы Көктау, — деді ауылдық округ әкімі Сейсенбай Бердалин.

Шара барысында ауылдың өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтардың аты аталып, марапатталды.

Салтанатты жиын волейбол, футбол, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және ат спорты ойындарын тамашалаумен ұласты.

Қуандық РЕЙМОВ.

 

  • Шалқар

БОЗОЙЛЫҚТАР ҚҰЛАНДЫҒА БАРДЫ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Бозой ауылдық округі «Арай» мәдениет үйі жанындағы өнерлі топ  бірнеше елдімекенде болып, концерттік бағдарламаларымен жергілікті тұрғындардың көңілін көтеріп жүр.

Бұл шара маусым айынан басталды. Бозой ауылдық округінің Қаңбақты, Айшуақ ауылдық округіне қарасты Бегімбет елдімекендерінен басталған мереке, кейін Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Ақбасты, Құланды ауылдарында жалғасты. Көршілес жатқан Құландының халқы өнерпаздарымызды құшақ жая қарсы алып, ерекше алғыс білдірді. Қаңбақты ауылы тұрғындары атынан ауыл ақсақалы Аманжол Аязбаев өнерлі қыз-жігіттерге алғысын айтып, ақ батасын берді.

Мерекелік кешті «Шашу» биімен ашқан «Ақ шағала» би тобының бишісі Айда Абдулгаф пен Қазанғаптың күйін шерткен Нұржігіт Омаровтың өнеріне көпшілік тәнті болды. Әрбір аймақта болған мерекелік концерттің соңы жастардың би кешіне ұласты.

Өнерге жанашырлық білдіріп, жастарға қолдау көрсеткен Бозой ауылдық округінің әкімі Жарылқасын Шамбалаевқа, аудандық мәслихат депутаты Қабылжан Оразаливке, ауыл клубының әдіскері Пернегүл Қарасаеваға, сондай-ақ, Арал тораптық-өндірістік басқармасының басшысы Жадырасын Кенжебаев пен «Тран Азия Канстракшейн» ЖШС учаскелік басшысы Нұрлан Шайменовке айтар алғысымыз мол.

З.МАДЯР,

«Арай» мәдениет үйінің директоры.

Бозой ауылы,

Шалқар ауданы.

 

  • Байғанин

ЕТ ТЕ, СҮТ ТЕ ӨҢДЕЛЕДІ

Ауданда мал өнімдерін өңдеу бағытында кешенді жұмыстарды дамыту көзделіп отыр.

Ет өнімдерін өңдеу, ұқсату мақсатында осы жылы ет өңдейтін цех ашылмақ. Бұл бағытта 3 шаруа қожалығы жұмыс жүргізіп жатыр.  Сонымен қатар, сүт өнімдерін өңдеу бағытында «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы бойынша «Байдәулет» шаруа қожалығының басшысы Досымжан Шанов 10 миллион теңге көлемінде несие алуға құжаттарын тапсырып қойды.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button