АуылБасты жаңалықтар

Хромтау күндері қайырымдылықпен басталды

Туған жерім — нұрлы елім

Кеше Ақтөбеде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Туған жерім — нұрлы елім» атты Хромтау ауданының күндері басталды. Кеншілер өңірінен келгендер өз күндерін қайырымдылық жасаудан бастады.

Аудан әкімі Аязбай Османғалиев бастаған топ құрамында аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жайнагүл Рақышева, Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров , т.б. аудандық бөлім басшылары болды. Бұл топ әуелі «Үміт» сәбилер үйіне барып, балалардың жағдайымен танысты.

«Үміт» сәбилер үйінің бөлім меңгерушісі Гүлнәр Төлебаеваның айтуынша, бұл жерде қазір 57 сәби тұрып жатыр. Оның 25-і — мүмкіндігі шектеулі балалар. Сондай-ақ, бұл жердегі 20 шақты бала — сәбилер үйінің уақытша тұрғындары.

Мына өмірден хабарсыз, алаңсыз өсіп жатқан сәбилерді көргенде жүрегің езіледі. Аудан әкімі де шыдап тұра алмады ғой деймін, бір кішкентай қыз баланы қолына алып, Хромтау аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері әзірлеген «Қызыл телпек» ертегісін бірге тамашалады.

— Елбасының тапсырмасын орындай отырып, біз қоғамның көлеңкелі тұстарына, әсіресе, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі балаларға, қарттар үйіне ерекше көңіл бөлеміз. Сондықтан да облыс орталығындағы аудан күндерін қайырымдылық жасаудан бастауды жөн көрдік, — дейді аудан әкімі Аязбай Османғалиев. Сосын демеушілер есебінен сәбилер үйіне арнайы алынған кондиционерді табыстады.

Бұдан кейін аудан әкімі бастаған топ облыстық Алға балалар үйінің сауықтыру лагеріне барды. Мұнда Хромтау аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен үлкен концерттік бағдарлама мен спорттық жарыстар өтті. Хромтаулықтар бір күлкісі кем өскен балаларға үлкен теледидар мен спорттық аяқ киімдер мен жабдықтар сыйлап, өз қамқорлықтарын осылай білдіруге тырысты. Балалар үйінің басшысы Кенжеғазы Байғазин қонақтарға балалар үйінің тыныс-тіршілігін таныстырып, балалар атынан хромтаулықтарға ризашылығын білдірді. Жас кезінде боксшы болған, әлі де бокс десе жаны қалмайтын Аязбай Османғалиев мұндағы бокс секциясының балаларына спорттың осы түріне қажет жабдықтар беріп жіберетінін де айтып жатты.

Дәл осы күні  Хромтаудағы тау кен-техникалық колледжінің ұжымы Жайсаңдағы мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне концерттік бағдарлама ұсынып, түрлі-түсті принтерді сыйға тартты.

Айтпақшы, аудан фермерлері де қарап қалмай, балаларға мерекелік дастарқан ұйымдастыру мақсатында аталған мекемелерге бір-бір жандық беріп жіберіпті.

***

Хромтау ауданының облыс орталығындағы екінші күні Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батырларға тағзым етуден басталды.

Бұл күні ертеңгілік «Мәңгілік алау» мемориалды кешеніне жиналған хромтаулықтарды Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Мадьяр Қабыл  қарсы алды. Әуелі Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев және Хромтау ауданының құрметті азаматтары Мариям Жұмағалиева, Анатолий Казачок бастаған топ Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жуынгерлердің рухына тағзым етіп, «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қойды.

Осы топ бірден Әлия Молдағұлованың мемориалды кешеніне барып, батыр қыздың ескерткішіне, сосын Батырлар аллеясымен жүріп өтіп, Хромтау ауданынан шыққан батырлар — Валерий Величко мен Леонид Шиловскийдің бюсттеріне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып шықты. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мариям Жұмағалиева жерлес батырлар туралы қысқаша әңгімелеп, Леонид Шиловскийдің соғысқа Ақжардан, Валерий Величконың Қызылқайың ауылынан аттанғанын, қазір ауданда екеуінің де атында көше барын айтып өтті.

Батырлар аллеясында хромтаулықтарға Ақтөбе қаласының тұрғыны Наталья Исхакова жақындады.

— Мен Хромтау қаласындағы Леонид Шиловский атындағы көшеде 14 жыл тұрдым. Ішкі істер бөлімінде жұмыс жасадым. Ақтөбеде Хромтау күндері өтеді дегенді естіп, жерлестермен жүздесу үшін осы жерге арнайы келіп тұрмын, — дейді ішкі істер органының ардагері Наталья Исхакова.

***

Бұл күні  С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Хромтау орталық аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтіп жатқан облыстағы аудан күндеріне арналған «Мүмкіндігі мол өлке» атты мәдени-танымдық шара өтті.

Кешті бастаған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлжан Маханова хром кенімен әлемге танымал Хромтаудың шынымен де мүмкіндігі мол өлке екенін, сондай-ақ, өзінің де осы өңірден түлеп ұшқанын айтып өтті.

Журнал  форматында ұйымдастырылған кешті аудандық кітапхананың директоры Айгүл Таимова өзі жүргізіп отырды. Ол:

— Қай энциклопедияны ашсақ та Хромтаудың тарихы 1935 жылдан басталатыны жазылған. Оған дейін де қойнауы қазынаға толы өлкенің тарихы болмауы мүмкін емес. Тек жазылмай, жазылса да сақталмай қалғаны қынжылтады. Қазір өз әлімізше халық ауыз әдебиетіне, фольклорға, анығы, қазіргі өлкетанушылардың нұсқаларына сүйеніп, өңір тарихын жинақтауды қолға алып жатырмыз, — деді.

Кеш барысында сөз алған өлкетанушы Баянғали Құлтаев өңір тарихына қатысты деректер мен аңыздарды тірілтті.

Одан соң Хромтау кітапханаларының жас қызметкерлері кеншілер мен хром кеніне қатысты флешмоб ұйымдастырды. Бұдан кейін Хромтау ауданының құрметті азаматы, құрметті журналист Анатолий Козачок қазыналы өңір байлығы, оның ішінде Дөң тау кен байыту комбинатының тарихы туралы әңгімелеп берді. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мариям Жұмағалиева аудан жетістіктері — Тәуелсіздік жемісі екенін баса айтты.

Журналдың үшінші беті «Ұрпақтан ұрпаққа лайықты мұра» деп аталды. Мұнда Хромтау қаласындағы №2 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы, жас суретші Марсель Серіктайдың туындыларынан көрме ұйымдастырылыпты. Өскенде сәулетші-дизайнер болуды армандайтын Марсель бес жасынан бері Хромтаудағы кеншілер мәдениет үйінің бейнелеу өнері студиясында Клара Рычковадан дәріс алып жүр. Сурет салуға жаны құмар нағашысы Сәлімге тартып туса керек, 3 жасынан бастап Марсель де сурет сала бастапты. Қазір кішкентай суретші халықаралық жарыстардан топ жарып жүр.

Кеш жүргізушісінің «Хром туралы не білесің?» деген сұрағына Марсель мүдірместен: «Хромнан акварель, сыр секілді бояулар алынады. Оларды мен сурет салғанда күнделікті пайдаланамын», — деп жауап берді.

Шара соңында аудан басшысы Аязбай Османғалиев:

— Біздің өлке тарихы 1935 жылдан басталмайды, Ойсылқара дәуірінен, VII ғасырдан басталады. Біз өндіріспен тек беріде айналысқан жоқпыз, сонау ескі заманда ата-бабаларымыз айналысқан. Өлке қойнауы — кенге ғана емес, батырларға, ақындарға да бай. Осындай мереке жасап отырғанымыз да — Тәуелсіздіктің арқасы. Ал сол Тәуелсіздікті біздің ата-бабаларымыз аңсап кетті. Олар жетпеген бақытқа біздер жетіп отырмыз. Тәуелсіздік — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қанша жылғы қажырлы еңбегінің жеңісі. Ақтөбедегі аудан күндерін біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап отырмыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын! — деп қорытындылады.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button