АуылБасты жаңалықтар

Негізгі қажеттілік — жергілікті, сапалы өнім

«Анди» ЖШС сүтті-тауарлы фермасы күніне 100 литр қаймақ, 1000 литр айран, 500 келі сүзбе және 2500 литр сүт өндіреді. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Қурайлы ауылдық округіне жұмыс сапарында аталған кәсіпорынның жұмысымен танысты. 

«Анди» серіктестігінің құрылтайшысы Ербол Көшербаевтың айтуынша, шаруашылық иелігінде 500-ге жуық ірі қара, соның ішінде 200 сауын сиыр бар. Серіктестік өнімдері Ақтөбе қаласындағы сауда желілерінде сатылымға шығарылады. Кездесу барысында өнімдердің сапасын қала әкімінің өзі бағалады. Сондай-ақ, шаһар басшысы егін және мал шаруашылығымен айналысатын  «Нан» шаруа қожалығына барды. Қожалық иелігінде 248 ірі қара, 120 жылқы мен 345 ұсақ мал бар. Шаруашылық басшысы Талғат Нұржігітовтің айтуынша, қожалықта дәнді және мал азығы дақылдарының көлемі 1400 гектарға жеткен әрі  2300 гектар жайылымдық жер бар. Қазіргі таңда 450 ірі қараға арналған сүтті-тауарлы ферманың құрылысы басталып, ғимараты тұрғызылыпты. Жоба құны — 1 млрд теңге.

І.Испанов Қурайлы селолық округіндегі әлеуметтік нысандарды, соның ішінде дәрігерлік амбулаторияны, № 29 «Арай» балабақшасы мен мектепті, мәдениет үйін аралады.

Бүгінгі күні мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер мекеме — «ЭлектроСетьСтрой»  ЖШС.  Ғимаратты қайта жаңғырту үшін бюджеттен 157,6 млн теңге бөлініпті. Мердігер компания басшыларының айтуынша, бұл жұмыстар биыл желтоқсанда аяқталады. Бұл орайда І.Испанов Қурайлы селолық округінің әкімі Мақпал Тұрмағамбетоваға ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды жаңартылған мәдениет үйінде өткізу жөнінде тапсырма берді.

Бұл күні Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілері басшыларының басын қосып, қаланың агроөнеркәсіптік кешенінің жұмысын дамыту турасында жиын өткізді. Қала әкімінің жиынға қатысушылардың алдына қойған негізгі тапсырмасы — Ақтөбе қаласы тұрғындарын жергілікті тауар өндірушілердің мал және егін шаруашылығының сапалы өнімдерімен қамтамасыз ететін азық-түлік белдеуін дамыту.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні қаланың ауыл шаруашылығы саласы өз әлеуетін толық пайдаланбайды. І.Испанов қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаевтың және қалалық ветеринария бөлімінің  басшысы Үсен Тәңірбергеновтің баяндамаларын тыңдап, ауылдық округтердегі жағдайды талқылады. Жиын соңында қала басшысы 20 тамызға дейін агроөнеркәсіптік кешеннің проблемалық мәселелерін шешу және Ақтөбе агломерациясының құрылуы есебінен алдағы перспективаға ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды.

А.СЕРІКОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button