Ауыл

435 жоба қаржыландырылды

Семинар-кеңес

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шараларын жүзеге асыруға ағымдағы жылы да қомақты қаржы қарастырылған.  Еліміздегі пилоттық жобалар аясында біздің облыстан ауылдық жерлердегі 435 жоба қаржыландырылып отыр.

Бұл жөнінде алдыңғы күні облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің төрағалығымен өткен семинар-кеңесте айтылды. Осы басқосуда  аймақтағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға байланысты алынған шаралардың тиімділігі талқыланып, агроөнеркәсіп кешендері өндіретін өнімнің көлемін ұлғайту үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың қуатын пайдалану  және азық-түлік қауіпсіздігін жасау мәселелерін шешу сөз болды.

Семинарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің  мал шаруашылығы және мал өнімдерін өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов қатысты.

Оның сөзіне қарағанда, пилоттық жобалар жеке қосалқы шаруашылықтардың  қуатына және оларды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруге негізделген. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту, азық-түлік  қауіпсіздігін нығайту және қосымша жұмыс орындарын құру көзделуде.

Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғындардың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Барлық мал басының 60-70 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталады. Еттің — 70, сүттің 85 пайызы осында өндіріледі. Сөйте тұра, ет пен сүт өңдеу кәсіпорындары 50-60 пайыз қуатында жұмыс істейді.

— Осымен байланысты жеке шарбақтардағы шаруашылықтарға қолдау көрсету, кооперативтерге біріктіріп, шағын қабылдау желілерін және отбасылық бордақылау алаңдарын құру арқылы өңдеу кәсіпорындарының толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыстар жүргізу  қажет, — деп атап көрсетті Еркебұлан Ахметов.

Департамент басшысы әр өңірдің ерекшелігіне қарай құрылатын сүт қабылдау бекеттері мен отбасылық мал бордақылау алаңдары туралы айта келіп, олардың қаншалықты тиімді болатындығы жөніндегі  жасалған есептерді ұсынды. Әзірге кәсіпорындар құрған кезде, әр жерде пайдаланылмай текке тұрған нысандарды кәдеге жарату мәселесіне назар аударды.  Жеке шарбақтардағы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірудің маңыздылығына тоқталып, олардың сонда ғана  мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды толық пайдалана алатынын айтты.

Мұнымен бірге, өңірлерде ешкі шаруашылығын дамытып, қаз-үйрек, бөдене өсіру, ара шаруашылығын қолға алу туралы да әңгіме қозғады. Бұл ретте Ақтөбе облысының белсенділік танытып, тың істерді қолға алып жатқанын да атап көрсетті.

Еркебұлан Ахметовтің және облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтің сөздерінде айтылғандай, облыста жобалар ағымдағы жылдың басынан бастап, пилоттық режимде жүзеге асырылуда.  Бүгінгі күнге 435 жоба қаржыландырылып, 3687 ірі қара, 397 жылқы, 4653 қой сатып алынды. Дегенмен, бұл бағытта жылдың аяғына дейін әлі де көп жұмыс жасауға тура келеді. Қаралған қаржының едәуір бөлігін қысқа мерзімде игеру қажет.

Семинар кеңестің қорытындысымен  алға үлкен міндет қойылды. Осында ұсынылған шаралардың нәтижесінде кемінде 3 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту, қосымша 29 мың тонна сүт өңдеу, 9 мың тонна қосымша ет өндіру және 4600 қосымша жұмыс орындарын ашу күтілуде.

Әрине, бұл межеден шығу үшін алда көп жұмыс жүргізу қажет. Семинар-кеңеске қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары мен мамандары, аудандардың әкімдерінің осы мәселемен айналысатын орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы  бөлімінің меңгерушілері, басқа да осы салаға жауапты мекемелердің өкілдері мәселенің кейбір тұстарын нақтылай түсті. Сауалдар қойып, өздерін толғандыратын шешуі күрделі мәселелер бойынша жауап алды.  «АкТеп» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Сағыналин жеке қосалқы шаруашылықтардан бордақылау алаңына ірі қара малды қанша болса да қабылдап алуға мүмкіншіліктің мол екенін айтты. Сондай-ақ аймақтағы сүт зауыттары жекеден сүтті шектеусіз қабылдай алады. Мал өнімдерін өткізуге келгенде облыс орталығына жақын жерлерге орналасқан аудандардың жеке қосалқы шаруашылықтары үшін қиындық жоқ. Бұл жерде негізгі мәселе —Шалқар, Байғанин, Ырғыз, Ойыл сынды шалғай аудандардың тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарындағы өнімдерді өткізу мен өңдеуге байланысты болды.

Мәселені талқылау барысында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев шалғай өңірлерде сүт өнімдерін өңдейтін аудандық, ауыларалық кәсіпорындар құру тәжірибесін қолданып, кей өңірдегі бұрынғы сүт зауыттарының жұмысын қайта жандандыруды қозғады.

Семинарға қатысушылардың пікірлеріне қарағанда, бұл шараларды түбегейлі шешудің жолдары өте көп.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button