Ауыл

Өндірістік кооператив — тиімді субсидия кепілі

Ауыл

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы және мал өнімдерін өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты қызметкерлері, қаржы институттарының басшылары  Қарғалы ауданының Қосестек ауылдық округінде болды.

Олардың бұл округке баруы кездейсоқ емес еді. Мұнда жеке кәсіпкер Еркін Өтегеновтің базасында тұрғындардан сүт дайындайтын жаңа үлгідегі ауылдық өндірістік кооператив құру қадамы жасалып жатқан-ды.

Таңдаудың Еркін Өтегеновке түсуі де тегін емес болатын. Ол қалыптасқан тәжірибелі кәсіпкер, тұрғындардан сүт дайындаумен ондаған жылдардан бері  айналысады. Бір кезде ыдыспен жүріп сүт жинаса, қазір арнайы сүт таситын автокөлікке ие. Және осы саланы жыл сайын кеңейтіп келеді.

Мәселен, өткен жылы Велиховка, Большевик, Қосестек ауылдарынан сүт жиналды. Күн сайын бұл ауылдардан 6 тоннаға дейін сүт түсті.

Сүттің көлемінің молаюы оны сақтауды жақсартуды, тоңазытқыш апаруды қажет етті.  Сол кезде «Молочные истории» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеді. Сүт ертеңгілік және кешкілік тасылып, тапсырылды. Жұмыс өнімділігі артты.

Министрліктің департамент басшысы осы жағдайларды біліп, істің қазіргі жай-күйімен танысты. Кооперативке субсидиядан жәрдемдесу жөнінде айтты. Ал жекелеген шарбақтардың иелері бұған дейін өндірген сүті үшін субсидия ала алмайтын. Енді кооперативке бірігу арқылы бұл шаруа шешіліп тұр.

Өзге ауылдағы ағайындар сияқты, Қосестек тұрғындары да мал өнімдерін, оның ішінде осы сүттерін сатып нәпақа тауып отыр. Олардың бәрі бірдей кооперативке кіре алған жоқ. Демек, оларға әзір субсидия да тимейді.

Ауыл тұрғындарымен өткізілген жиында осындай мәселелер талқыға түсті. Департамент басшысы, облыстық деңгейдегі жауапты мамандар тұрғындарға өз ақыл-кеңестерін берді.

— Кооперативтің тиімділігіне еш күмән болмауға тиіс, — деп әңгімесін бастаған Еркебұлан Ахметов сүтке субсидия төлеудің жолдарына тоқталды. Субсидияны сүт өңдейтін зауыт та алады. Соның нәтижесінде оның тұрғындардан алатын сүттің бағасын көтеруіне мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде тұрғындардың  сүт тапсыруға ықыласын арттырады әрі материалдық жағдайын жақсартады.

Тұрғындармен өткен жиында «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Сағыналин, «Жосалы» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Жарқынбек Ықыласов тұрғындар үшін бірігудің тиімділігін нақты мысалдармен әңгімеледі. Жарқынбай басқаратын еттік бағыттағы кооператив қазірдің өзінде субсидияға қол жеткізген.

Бұл кездесулер, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін тиімді болды. Көпшілік тұрғындар кооперативтерге бірігуге бұрылды. Осы жолға деген сенімдері ұлғайды.

Муапих БОРАНҚҰЛОВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button