Ауыл

Жерде шөп бар, дайындау қалай?

Шолу

Жаздың соңғы айы өтіп жатыр. Ал дала болса, көктемгі реңін сақтап әлі көк күйінде тұр. Биыл қатқыл мен құмақтың шөбі бірдей, биік. Шабындық жерлерде шөп белуардан келеді.  Бітік шыққан табиғи шөптің бұлай бояуын жоймай сақталуы жерге түскен ылғалдың молдығымен байланысты. Ала жаздай жауын-шашын көп болды. Тіпті, кейінгі жылдары кездеспеген жағдай, шілде айында да жақсы жауды.

Сондықтан да  мал азығын дайындаушылар табиғаттың биылғы осындай қолайлы сәтін пайдаланып қалуға тырысуда.  Облыс бойынша бір жарым жылдық мал азығы қорын дайындау  тапсырмасы белгіленген. Немесе науқан ішінде аймақта жемшөптің 2 млн. тонна қоры жасақталу керек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша 4 тамызға 1728,6 тонна пішен дайындалып, белгіленген меже 86,4 пайыз орындалды.

Қобда, Хромтау, Шалқар аудандары жыл жарымдық жемшөп қорын жасақтауға жақын. Әйтеке би ауданында, Ақтөбе қаласында да мал азығын дайындау науқанының қарқыны жоғары. Аудандардың ішінде биыл ең көп мал азығын дайындауға бел буған Әйтеке би ауданы 218,4 мың тонна пішен дайындап, жоспарын 93 пайызға жуық орындады.

Табиғи шөптің түсімінің жоғары болуы қай ауданда да еңбекті еселеп қайырып отырғанын істің нәтижесінен аңғаруға болады. Дайындалған шөптің тасылуында да айырма көп емес. Мәртөк, Әйтеке би, Алға, Темір аудандары дайындалған пішенді кідіртпей тасып алуда. Көпшілік аудандар дайындалған мал азығының жартысынан артығын қыстақ бастарына жеткізіп алды. Жеке қосалқы шаруашылықтарға, аулаларға шөп түсіру жұмысы да біршама ыждағатты көрінеді. Мысалы, облыс бойынша 50 мыңға жуық аула болса, соның 33 мыңнан астамына бүгінгі таңда мал азығы барып тұр.

Дегенмен, мал азығын дайындау науқанын ыждағаттай түсуді  тілейтін өңірлер жоқ емес.  Биылғыдай жылы Ойыл ауданының мал азығын дайындауда ала бөле көштен қалуының жөні жоқ сияқты. Бұл ауданда  70,6 мың тонна пішен дайындалды. Бұл жоспардың 49,9 пайызына тең. Ал аудан осы жылы 142,2 мың тонна табиғи пішен дайындауға міндеттенген. Мынадай қарқынмен ауданның уәдеден шығуы екі талай.

Жаздың соңғы айы өтіп жатқанмен, шөп бар, уақыт  та жеткілікті. Себебі мұндай берекелі жылда мал азығын дайындау науқанын біраз созуға, сөйтіп мал азығы қорын толықтыра түсуге болады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button