Әлеумет

Шағын несие шаруаны аяққа тұрғызады!

Елбасымыз өткен жылғы Жолдауында шағын несие беру ұйымдарының жұмысына тоқталып, оларға мемлекет қаражаты есебінен  қолдау көрсету керек екенін айтқан болатын. Оның ішінде азаматтардың кәсібін ашу үшін тиісті орындарға несиенің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.

Әрине, бұған дейін де елімізде шағын несие беру жұмыстары жүйелі жүріп келді. Бірақ осы салаға қатысты қордаланған мәселелер де жеткілікті болатын. Оның ішінде ауыл халқына несиелер жете бермеді. Өйткені банктердің қойған талабы қатаң. Шаруаның қарапайым үйі мен азын-аулақ малын банктер кепілдікке ала бермейді.  Сондықтан ауыл халқы несиеге зәру болатын. Алғашқы уақытта осы тығырықтан шығу үшін арнайы қор құрылып, олар шағын несие беру жұмыстарымен айналыса бастады. Кейін жергілікті жерлерде осы мақсатта құрылған  серіктестіктер мен ұйымдар да өз жұмысын жандандыра түсті. Оның ішінде біздің өңірде шағын кәсіпкерлікке және ауыл халқына несие беру жұмыстарын  бір ізге келтірді. Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеу негізінен екінші деңгейлі үш банк арқылы жүрсе, ауыл шаруашылығын несиелеу де оң жолға қойылды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының инвестициялар  және кәсіпкерлікті қаржы-несие қолдау бөлімінің бастығы Жеңісбек Ақбергенов шағын және орта бизнесті несиелендіру мақсатында бірқатар жұмыстардың атқарылғанын айтты.

Өткен жылы облыстық бюджеттен кәсіпкерлерге  шағын несие беру үшін   870 миллион теңге бөлінді. Оған қосымша 540 миллион теңгені «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қосты. Содан барлығы 1 миллиард 400 миллионнан астам қаржы екінші деңгейлі банктерге аударылды.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған Үкіметтің 28-28 бағдарламасы бойынша 351 жоба қаралды. Жобалардың құны 6,3 миллиард теңгені қажет етті. Алайда  арнайы құрылған комиссияның шешімімен 274 жоба мақұлданды. Дегенмен іріктелген  жобаларды әрі қарай қаржыландыру үшін  олар екінші деңгейлі банктердің облыстағы филиалдарына жіберілді. Мәселен, «БТА банк» акционерлік қоғамына  67 жоба бағытталса,  Еуразиялық банкке – 111, Центр Кредит банкіне 93 жобаны қаржыландыруға жібердік. Қазіргі кезде банктер жіберілген жобалардың 49-ын қаржыландыру үстінде. Яғни банктер өздеріне аударылған қаржы көлеміне қарай әрекет етті, – деді.

Екінші деңгейлі банктердің арасында «БТА банк» АҚ белсенділік танытқан.  Мәселен, аталған банк 16 жобаны қаржыландырса,  «Еуразиялық банк» АҚ – 7, ал «Центр Кредит банкі» АҚ  11 жобаға қаржы салған. Қазіргі таңда «Еуразиялық банк» АҚ  мен «Центр Кредит банкі» АҚ бөлінген қаржыны толықтай игерді. Ал «БТА банк» АҚ арнайы келісім бойынша қалған жобаларды қаржыландыруды наурыз айына дейін аяқтамақ.

Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің аудандардағы филиалдары да ауыл халқын шағын несиемен қамтамасыз еткен.

Ауыл жұртшылығы несиені бір кәсіпті бастау үшін немесе шаруасын әрі қарай жандандыру үшін алады. Несие алған азаматтың оны қандай мақсатта жұмсайтыны да бізге белгілі. Мәселен, біздегі арнайы тізімде кәсіпкердің не үшін несие алғаны жазылады. Мәселен, Темірдің  бір азаматы  наубайхана ашу үшін, ал Шалқардың кәсіпкері халыққа түрлі қызмет көрсететін орталық ашу үшін несие алған. Жалпы, осындай шағын кәсіпті бастауға несие алғандардың қатары көп.

Сондай-ақ, өткен жылы банктерден алынатын несиенің үстеме пайызы 13 пен 14 пайыз аралығында  болды.

Ал биылғы жылы  шағын және орта бизнесті қаржыландыруға облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге қарастырылды. Оның 1 миллиард теңгесі бөлінді. Қазіргі таңда осы бөлінген қаржыны қалай жұмсау керектігі жөнінде жұмыс жүріп жатыр, – деді бөлім бастығы.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Есет Сартаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласына шағын несие беру жұмысы екі жолмен жүзеге асады. Біріншісі, шағын несие ұйымдары арқылы берілсе, екіншісі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық  филиалы арқылы беріледі. Облыста ауылдық жерге несие беретін 29 ұйым бар. Өткен жылы осы ұйымдардың 8-і жұмыс жасаған жоқ. Ал қызметін тоқтатпаған 21 ұйымның жетеуі мемлекеттің қаржысына,  қалғаны  жеке адамдардың қаражатына негізделген.

Былтыр  осы ұйымдар ауыл халқына 254 миллион 200 мың  теңге көлемінде несие берген. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 12,11 пайызға артық. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық  филиалы берген 186 миллион теңге  несиесін ауылдықтар қажетіне жаратқан.  Аталған қор 2007 жылы 73 миллион 200 мың теңге көлемінде несие берген екен.

Сонымен, былтыр барлығы  440 миллион 200 мың теңге көлеміндегі шағын  несие ауыл жұртшылығының игілігіне жарады.

Сондай-ақ,  несие 200 мың теңге мен 1 миллион теңгенің аралығында берілді.

Қолына қаржы тигендердің басым бөлігі оны мал шаруашылығына жұмсады. Несиенің пайызы кәсіптің түріне қарай әр түрлі болды. Мәселен, саудаға алғандар – 16 пайыз,  ал мал шаруашылығы немесе өзге салалар үшін алғандар 9,5 пайызбен төледі. Ал мемлекеттің қаржысы жоқ ұйымдар несиені қандай пайызбен бергісі келсе де өз еріктерінде болды.

Биылғы жылға республикалық бюджеттен  бөлінетін қаржы әзірге шешілген жоқ. Ал облыс көлемінде шағын несие беру үшін арнайы «Ауыл тұрғындарына шағын несие беру» бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарламаны облыстық бюджет пен «Батыс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қаржыландырады. Яғни, облыстық бюджет 150 миллион, «Батыс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 150 миллион теңге бөлді. Алайда, бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Батыс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті бюджет қаржысы арқылы құрылған «АқтөбеАгроСервис» серіктестігі құрылтайшы болып, тағы бір несие беретін серіктестікті  құрмақ. Осы  серіктестік шағын несие беру жұмысымен айналысады. Ақпан-наурыз айларында осыған қатысты барлық  жұмыс толығымен аяқталады.

Сондай-ақ, берілетін несиенің үстеме пайызы қанша болатынын құрылтайшы шешеді. Бірақ біз  пайыз көлемі нарықта белгіленген мөлшерден аспайды деген ойдамыз, – деді Есет Сартаев.

Сондай-ақ, басқарма бастығының орынбасары ілгеріде шағын  несие негізінен  бұрын несие алып, оның қыр-сырын үйренген ауыл азаматтарына беріліп келсе, ендігі жерде осыған қолынан іс келетін, бірақ несие алып көрмеген ауыл адамдарын тарту қажет екенін айтты.

Бүгінгі таңда облыс орталығы мен барлық аудандарда несие беретін 12 серіктестік бар. Өткен жылы осы серіктестіктер ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға 527 миллион 600 мың теңге несие берген. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 143 пайызға артық.

Сонымен, өткен жылы шағын кәсіпкерліктер мен ауыл халқына несие беру жұмыстары қызу жүрді. Алайда қолына қаржы тимеген шаруалар қаншама? Жуырда Үкімет басшысы осы мәселеге тоқталып, ауылға  шағын несие беретін ұйымдардың жұмысын сынға алды. Ауылдағы ағайынның 30 пайызы жеке кәсіппен шұғылдануға қабілетті екенін, бұған 20 миллиард теңгедей шағын несие қажет екенін айтты.  Осы мақсатта «ҚазАгро» холдинг құрылымы арқылы несие беру көзделді.

Сондай-ақ, ел Үкіметі жақында қаржы дағдарысына байланысты 2009-2010 жылдарға арналған экономика мен қаржы секторын тұрақтандырудың іс-қимылдар жоспарын қабылдады. Тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар негізінен бес бағытта өрбиді. Оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі де қаралды.  Бұл үшін «Самұрық – Қазына» қоры 2009 жылы қосымша 1 миллиард АҚШ долларын бөледі. Сонымен бірге  ауылдық жерлерді, соның ішінде ауыл кәсіпкерлерін шағын несиемен қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленіп, шағын және орта бизнесті әрі қарай жандандыру үшін атқарылатын жұмыстардың заңнамалық тетіктері жасалады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі де талқыға салынды. 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджеттің агроөнеркәсіп кешенін қолдау шығыстары – 350 миллиард теңге. Бұған қосымша «ҚазАгро» холдингі арқылы 120 миллиард теңге қаржы бөлу көзделді. Сөйтіп, қаржы дағдарысы кезінде шағын несие беру саласындағы қиындықтардың алдын алу қарастырылып жатыр. Бұл тұрғыда біздің өңір де қарап қалған жоқ. Әлгі айтылған бағдарлама әзірленіп, ауыл жұртшылығын шағын несиемен қамтамасыз ету шаралары басталып та кетті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button