АуылБасты жаңалықтар

Аймақтың бас омарташысы

«Жұмыспен қамту — 2020»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тың іс

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе аймағында дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамыту бағыты пайда болды. Ол — сүтті ешкі, қоян, бөдене, бал арасын өсіру, балық шаруашылығын одан әрі жолға қою  істерін қамтиды.

Бұл жердегі мақсат, біріншіден, адамдардың өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуін жүзеге асыру, аймақта жұмыс орындарын кеңейту, екіншіден, біздің өңіріміз үшін жат болып келген табысты салаларды жолға қою.

Егер ұтырын тапса, бұған мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде. Талаптанған әр кәсіпкердің қолтығынан сүйейтін «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы осының айқын куәсі.

Алайда өңірімізде дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытудың қолға алынғанына көп уақыт өткен жоқ. Оның ішінде омарташылық сынды кейбір түрлері біздің аймақта бұрын мүлде болмаған. Мұнымен қарғалылық Александр Сенацкий сияқты бірен-саран адамдар, онда да өз бетімен әуесқойлық жағдайда айналысып келген. Енді осындай санаулы адамдардың бұл кәсіпті игеруін облысқа тарату, бал арасын өсіруге мүмкіндік бар жерлерде жаппай дамыту мақсаты қойылып отыр. Осымен байланысты біз жақында аймақтың бал омарташысы саналатын Александр Сенацкийді іздеген едік. Қарғалы ауданының Петропавловка селосында тұратын омарташы мекенінде болмай шықты. Араларын түрлі өсімдікті егістікке жаю үшін Мәртөк ауданының аумағына уақытша қоныс аударған екен. Бізді омарташы сол жаққа кездесуге шақырып, баратын жолын сілтеді. Алайда біз оған барар жолда Қарғалы мен Мәртөк аудандарының далалығында адасып, біраз әуреге түстік. Айнала орман-тоғайлы, қалың ну шабындықты, жайқалған кең алқапты егістікті жерлерді аралап, тоқсан тарау сүрлеу жолдармен жөн тауып жүру мүмкін болмады. Бір жақсысы, қалта телефоны арқылы омарташымен кез келген жерден жалғасып, сөйлесуге мүмкіндік болды. Ақырында, Александрдың өзі «Нива» көлігімен, жер ортасынан алдымыздан шығып, өзінің отырған жеріне алып барды. Бұл Мәртөк ауданының  Аққайың ауылының іргесіндегі жайқалып күнбағыс өсіп тұрған, айнала орман шоғыры қоршаған кең алқап екен. Осы жерге егіс еккен мәртөктік белгілі кәсіпкер досын араларын жаюға арнайы шақырыпты. Және бұл бірінші жыл емес сияқты. Өйткені, араларды егістікке жаю екі жаққа да пайдалы іс екен. Досының егісі аралар арқылы жақсы тозаңданып, бітік өнім алады, Александр гүлді алқаптан тәуір бал жинайды.

 

Араларын гүлді егіске жаяды

Белден келетін қалың шабындық ішіне орналасқан омарташының көші қомақты көрінді. Дөңгелекке тұрғызылған  бірнеше вагондар. Үсті толған жәшіктер — араның ұялары. Оларды бір орыннан екінші орынға ауыстырып, сүйреп жүретін астаулы «КамАЗ» көлігі бар. Оның үсті де әлгіндей жәшіктерге сықап тұр. Вагон үйлердің аядай бір бөлігі өздері отыратын, жатып тынығатын шағын бөлме. Осы жерде Орынбор университетінің екінші курсын бітіріп, демалысқа келген омарташының ұлы Даниль  интернетпен жұмыс істеп отырды.

Александр отыз жылдан бері осы іспен әуестеніп, ара шаруашылығының айтулы білгіріне айналған.

— Мектепте төртінші сыныпта оқып жүргенімде  Орынбордың Адамовка селосында еңбек лагеріне жұмысқа жіберді. Соның бау-бақшасының жанынан ара жайып жүрген омарташыларды алғаш рет көріп, қызықтым. Жәрдемдесіп, балдың дәмін таттым, ұнады.

Содан арада жылдар өтіп, әскерден оралғаннан кейін, Ақтөбеде геологиялық жұмысқа араластым. Бірде қаланың шеткі жағынан  араның ұясын байқадым.  Омарташыға жолығып, балалық шақтағы көрген әсерлерім оянып, бал арасын сатып алдым. Өзім Ақтөбе қаласының  Жилянка аталатын бөлігінде, үш пәтерлік үйде тұратын едім. Бірсыпыра уақыт шұғылданып, араларымды тәп-тәуір өсірдім, бірақ көршілерім қарсылық білдірді. Содан қонысымды аулаққа аударуға тура келді. Сол үшін Петропавловка селосынан үй сатып алдым. Оңаша шыққасын бал араларының ұяларын молайттым. Шаруа қожалығын ашып, жайлымдық 146 гектар жерге ие болып, аралардың  ұяларын көшіріп отыру үшін тіркемесі бар көлік сатып алдым. Алған егістік жеріме араларымды жайып, азықтандыратын гүлді екпе шөптер ектім. Алайда кейін ол жерден де ығыстырылдым. Өйткені, шегірткенің шығуымен байланысты көршілерім егістік жерлерін жаппай улайтын болды. Ал бұл араға жағдайсыздық әкелді, — дейді омарташы басынан өткен хикаясын шерітіп.

Александрдың әңгімесінен аңғарғанымыз, содан бері Қарғалы мен Мәртөк ауданының аумағында араға қолайлы қандай жер бар, сол жерлерде жүреді. Мұнысы малға отты, сулы жер іздейтін баяғы көшпенділердің тірлігіне ұқсайды. Бір жақсысы, осы аумақтағы егіс салатын кәсіпкерлер омарташының араларын жаюға, өздеріне пайдасы тиетін болғасын, арнайы шақыратын көрінеді. Өйткені, бұл төңіректе Сенацкийдің  аралары көп, егістіктіктің  тозаңдану кезінде, алқапты жақсы қамтиды. Омарташының қазір отбасылық ара ұясы ұлғайып 80-ге жеткен. Араның саны көп болған сайын, тауарлы балдың да көлемі молаятыны белгілі.

Біз көрген егістік алқап оған 300 отбасылық бал арасы ұясын қоюға мүмкіндік береді екен. Бірақ олай ұлғайтуға омарташының әзір күші жетпейді. Өзімен бірге бұл жерде оқудан демалысқа келген ұлы және екі-үш жәрдемшісі ғана қолғабыс етіп жүр.

Омарташы егер шығынсыз жұмыс істесе, қазіргі жағдайда әр ұядан 250 килоға дейін бал жинауға болатынын айтады. Ал өзі ең көп дегенде, 160 килоға дейін бал жинайды. Себебі, аралардың бал төгетін ыдысын ауыстырып қоюға үлгермейді екен. Содан аралар демалып көп тұрып қалады.

Александр араларды бағудың әдістерін, құпияларын, балды молайтудың түрлі тәсілдерін жақсы біледі. Аралардың тіршілігіне, өсіп-өнуіне қатысты талай әңгімелердің басын қайырды. Оларды бұрын бұл кәсіптен қашық өскен адамдарға түсініп алудың өзі де оңайға түспейді.

— Бір отбасылық ұядағы 70 мың бал арасы  бір күнде 7 кило таза бал береді. Биыл әр түрлі шөптерге жайып 2 тонна, егістіктен 1,5 тоннадан астам сапалы бал дайындадым, — дейді омарташы.

Бірақ, омарташы өндірген балын базарға шығармайды, арнайы сататын дүкені де жоқ. Көп жағдайда, бұрыннан үйренген тұтынушылары өздері іздеп келіп, осы араларын жайып жүрген жерінен 20-30 килодан көтеріп сатып әкететін көрінеді.

Омарташы біздің көзімізше көлік үстіндегі араның ұясынан бал түзілетін тор көздің екеуін алып, электр қуатымен жұмыс істейтін қондырғысына салып, бал қуып көрсетті. Бал арасы өнімінен еш қалдық қалмай, түгел пайдаға асатынын білдік. Оның айтуынша, егер бал дұрыс, таза болса, кез келген жерде бұзылмай сақталады. Оны тоңазытқышта, не арнайы орында сақтаудың керегі жоқ.

 

Александрдың шәкірттері

Осы жерде бал өндірудің жеңіл жұмыс еместігіне де көзіміз жетті. Бұл кәсіптен Сенацкий сынды жан-тәнімен берілгендер, ұзақ тәжірибе жинағандар ғана береке тапса керек. Біз әңгімелеп отырған омарташы сондай адам. Осы жолды  қалаған кәсіпкерлер оны аймағымыздың бас омарташысы  санайды, ақыл-кеңес алады.

— Менің  15-тей шәкіртім бар. Қазір соның 8-і өздері дербес омарташылық құрып, жұмыс істеп жүр, — дейді Александр. Олардың қатарында Мәртөктен Надя Усованы, облыстық тәжірибе станциясынан Сергей Прихорченконы, Хромтаудан Владимир есімді азаматты атады. Ал қазір өзімен бірге  Хазрет ауылынан Темірлан, Ақтөбе қаласының Заречный аумағынан Хайролла жұмыс істеп жүр.

Бүгінгі таңда бас омарташының есебінше, облыста шамамен 40-қа жуық бал арасын өсірумен тікелей шұғылданатын кәсіпкерлер бар. Солардың көпшілігіне Сенацкий жақсы үлгі.

Ол бағып-қағып отырған аралары өзін исінен таниды деп есептейді. Және араларда бірлесіп қимылдайтын ұжымдық ақыл бар екеніне сенеді. Омарташы аралардың мінезіне, әрекетіне қарап, ауа райын болжайды. Көктемнің қысқа, не ұзақ болатынын олардың ұя салудағы өзгешелігіне байланысты айырады. Егер жауын-шашын болатын болса, аралар екі-үш күн бұрын ұяларын қымтап, жаба бастайтынын айтады.

Омарташы аралардың қазіргі кезде қорғансыз қалғанына ашынады. Егістікке себілетін түрлі дәрі-дәрмектер, тыңайтқыштың түрлері аралардың топ-тобымен қырылуына себеп болуда.

— Егер аралардың өз ыңғайымен, табиғатын бұзбай жұмыс істейтін болсақ, олар ауырмайды, орынсыз шығын болмайды. Алайда біз омарташылар, көп ретте, оларға қамқорлық көрсетеміз деп, істі білмей, араның табиғатына қарсы әрекеттер жасап, өз қолымызбен жоятын жағдайларымыз жиі болады. Аралар адам араласпаса, табиғаттың қолайына қарай ұяларын жақсы салады, — дейді өз тәжірибесімен бөлісіп. Жақсы маман болу үшін омарташыға көп үйрену, оқу, іздену  қажеттігін алға тартады.

Александр шаруашылықта өндірілген балдың біраз бөлігін аралардың қысқы азығына қалдырады. Сонда олар ауырмай жақсы сақталады, келесі жылдың өніміне негіз қалайды. Соның арқасында жыл сайын тәуір бал жинайды. Биыл алғашқы балды Александр маусым айының ішінде сата бастаған.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button