Білім

Оқу жылына әзірміз бе?

 

 

 

 

 

 

Біздің облыста 1081 білім беру ұйымы бар. Оның 422-сі — мектеп.  Жаңа оқу жылында 130 мыңға жуық бала білім алады. Мұның 17 мыңға жуығы  —

1-сынып оқушылары.  Биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалардың бәрі жаңартылған білім беру жүйесі бойынша оқиды.

Облыс мектептерінде 17 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді.

1 қыркүйек — Білім күні еліміздегі барлық мектептерде «Мен өз Отанымның патриотымын» тақырыбында тәрбие сағаттары өтеді.

Үш ауысымды, апатты жағдайлардағы мектептердің проблемасын шешуде қандай жұмыстар атқарылды? Ата-аналар көңілін алаң еткен мектеп формасының үлгісі қандай болмақ?  Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Құлыбековамен мектептердің жаңа оқу жылына  әзірлігі туралы әңгімелескен едік.

 

Басты үш ерекшелік

Ең басты ерекшелік — бастауыш білім беру мазмұны өзгеріп, жаңа жүйеге көшті. Биылдан бастап еліміздегі барлық мектептердегі 1-сынып оқушылары жаңартылған жүйе бойынша білім алады. Олар үшін бес күндік оқу аптасы енгізіледі. Әдістемелік материалдардың толық ресурсы: оқу бағдарламалары, оқулықтар, күнделікті сабақ жоспарлары, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдардың бәрі де дайын. 1-сынып оқушыларына арналған оқулықтарды «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Бөбек», «EXPRESS PUBLISHING»  баспалары әзірлепті. Оларға 9 пән бойынша сабақ өткізіледі. Бұл пәндер: сауат ашу, математика, музыка, көркем еңбек, жаратылыстану, дүниетану, өзін өзі тану, ағылшын тілі, қазақ тілі (орыс тілі). Сондай-ақ, 1- сынып оқушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным — Қазақстан» атты кітап сыйға тартылады.

Екінші ерекшелік — Білім және ғылым министрлігі «Білім туралы» Заңның 5-бабының 14-1 тармақшасына сәйкес, биылдан бастап міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті. Бұрын мұндай нақты талап болған жоқ.

Жаңа оқу жылының үшінші ерекшелігі, көпшілік мектептерде «Робот техникасы» курсы енгізіледі.

Бұл курс ғылым, технология, инжиниринг және математика бойынша оқытылады. «Робот техникасы» курсын оқыту оқушылардың инженерлік және дизайндық-ойлау, математикалық модельдеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

 

Міндетті мектеп формасы: талап пен келісім

Міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келеді. Оның үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады. Сондай-ақ, үш түстен асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалуы тиіс. Мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Ер балаларға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ер балалардың шалбары еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруы міндет. Ал қыз балалардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қыста: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыз балаларға арналған шалбарлар да еркін тігілген және ұзындығы тобықты жауып тұруы тиіс. Сондай-ақ, мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

Мектеп формасына қойылатын талаптарда климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимараттарындағы температуралық режим ескеріледі. Баланың денсаулығы үшін мата сапасына да ерекше мән беріледі. Киім антибактериалдық, антимикробтық, антистатикалық қасиеттері бар жүн, мақта материалдарынан тігілуі керек.

Білім және ғылым министрлігі мектеп формасына байланысты жалпы нұсқау беріп отыр. Ал киімнің түрін, түсін, пішінін, юбканың ұзындығын мектеп әкімшілігі ата-аналармен келісіп шешуі қажет.   

Көп мектептерде ата-аналармен келісіп  тігілген мектеп формалары бар. Бұл мектептердің бәрі де сол формаларды қалдыратын болды. Өйткені, бұл мектеп формалары министрлік міндеттеген талапқа сай тігілген, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары. Оның айтуынша, Ақтөбе қалсындағы мектептердің 1-сынып оқушылары бірыңғай мектеп формасын киеді. Бұл жөнінде ата-аналармен келісім бар.

Осылайша, мектеп оқушылары бірыңғай мектеп формаларына бірте-бірте көшетін болады, —дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Жаңа құрылыс: 10 ғимарат салынып жатыр 

Биылғы жылы 10 білім беру ұйымының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы 10 нысанның сегізінің құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылына дейін 5 білім беру мекемесі еңсе көтереді. Оның төртеуі — мектеп, біреуі — балабақша. Бұл мектептердің біреуі — жекеменшік «Сымбат» мектебі. Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы ауылында 320 орындық балабақша ашылады.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында Ұлттық қордың қаржыландыруымен 1200 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, Заречный-3 елді мекенінде 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Аталған ауылда бұрын-соңды мүлде мектеп болған жоқ.

Бұл елді мекеннің балалары көршілес ауылдарда — Заречный-1-дегі №50, Заречный-2 елді мекеніндегі №55 және Ақтөбе қаласындағы мектептерге қатынап оқыған еді. Енді ауылдың өз мектебі болады. Әрине, бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Кірпішті елді мекенінде 320 орындық мектептің де құрылысы жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталады.

Бұл үш мектептің үшеуі де Ақтөбе қаласындағы үш ауысымды мектептер проблемасын шешуге септігін тигізеді. Нақтырақ айтқанда, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынып жатқан мектеп пен Заречный-3 елді мекеніндегі мектеп пайдалануға берілгенде Қарғалыдағы №53 мектептің мәселесі шешіледі. Кірпішті ауылында бой тіктеп жатқан 320 орындық мектеп аталған ауылдағы №18 мектептің мәселесін шешеді.

Сонымен қатар, жыл аяғына дейін үш ауданда: Қарғалы ауданының Әлімбет, Алға ауданының Қарақұдық, Мәртөк ауданының Аққайың ауылдарында әрқайсысы 100 орындық білім шаңырақтары бой көтереді. Бұл құрылыстар апатты және апат алдындағы мектептердің  мәселесін шешу үшін салынып жатыр.

Қазір келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған екі білім беру мекемесінің де құрылысы жүргізілуде. Олар: Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы мектеп және Ақтөбе қаласындағы Батыс шағын ауданындағы 320 орындық балабақша.  Айта кету керек, Қандыағаштағы құрылыс апатты жағдайдағы  №1 мектептің проблемасын шешу мақсатында салынып жатыр, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

 

Күрделі жөндеу және  «туған жерге тағзым» акциясы

Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, облыстағы 68 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 53-і мектеп, 12-сі балабақша, 2-еуі қосымша білім беру мекемесі және 1 колледж. Бұл мақсатта бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлініп отыр.

Қазір Темір және Әйтеке би аудандарындағы екі білім беру мекемесінің жұмыстары аяқталды.

Жалпы жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталады.

Мектептің материалдық базасын нығайту, жөндеу жұмыстары үшін «Туған жерге тағзым» акциясының да пайдасы көп. Түлектер шамамен 260 миллион теңге көлемінде 218 білім беру ұйымына көмек көрсетті, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

 

Оқулық

Жаңа оқу жылында оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдары үшін 712,9 миллион теңге бөлініп отыр.

Бұрын-соңды оқулықтар үшін мұндай көп қаржы бөлінген жоқ. Былтыр бұл мақсатта бөлінген қаржы — 405,4 миллион теңге. Бөлінген қаражатқа қажетті оқулықтар сатып алынып, белгіленген уақытта мектептерге жеткізілетін болады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Биылғы оқу жылында 1-сынып пен 8-сынып оқушыларына арналған оқулықтар жаңадан жарық көреді. Сондай-ақ, 4-сынып оқушылары үшін ағылшын тілі мен 8-сынып оқушыларына арналған дінтану оқулықтары қайтадан басылып шығады. Жаңадан жарық көретін оқулықтар оқушыларға тегін таратылады.

 

Маман жеткілікті ме?

Ауыл мектептерінің жас мамандармен қамтылу көрсеткіші қандай? Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбаймен сөйлескен едік.
Жас мамандарды жұмыспен қамтуда, оларды ауылда тұрақтандыруда  «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының маңызы зор. Министрлік бекіткен педагогикалық мамандықтар бойынша түлектерді жұмыс орындарына бөлу жөніндегі жол картасы аясында облыстық білім басқармасы, Ақтөбе қаласының және аудандық білім бөлімдерінің басшылары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті арасында меморандумға қол қойылып, түлектерді жұмысқа алдын ала бөлу рәсімі өткізілді, — дейді Шамшат Жұбай. Оның айтуынша 2016-2017 оқу жылына 328 педагог кадр қажет болған. Ауыл мектептері үшін сұраныс —  252 маман. Оның 74-і математика, 53-і орыс тілі, 26-сы физика, 31-і бастауыш сынып мұғалімдері.

Қазір сұраныстың 80 пайызы қамтылды. Білім және ғылым министрлігіне, облыстардың білім басқармаларына сұраныс жіберілді. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бұл мәселені шешеміз, — дейді Шамшат Жұбай.
2010-2015 жылдарда  679 жас маманға тұрғын үй алу үшін жалпы сомасы   1 258 699 теңге несие және 1670 жас маманға жалпы сомасы 207 524 655 теңге көтермеақы беріліпті.

P.S:  Тамыз айының 17-18-і күндері «Білімді ел — мәңгілік ел» тақырыбында республикалық тамыз кеңесін өткізу жоспарланып отыр. Ал облыстық тамыз кеңесі тамыздың 22-сі күні өтеді. Біздің облыста тамыз кеңесі аясындағы шаралар 15 тамыздан басталып, 26 тамызға дейін жалғасады. Негізінен он бағыт бойынша шаралар ұйымдастырылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button