Денсаулық

Ақтөбеде ғана тегін жүргізілетін ем

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазіргі таңда облыста 2383 мүгедек бала бар. Оның ішінде 678 бала сал ауруына шалдыққан. Сондай-ақ соңғы жылдары аутизм және Даун синдромына ұшыраған балалар саны өсіп барады. Бұндай мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру жұмысы облыста әр түрлі бағытта жүргізіледі. Соның бірі — иппотерапия. Бүгінгі күні облыста осы ем түріне мұқтаж 112 бала тіркеуде тұр.

 

Облыс әкімінің қабылдауынан соң

Өңірде алғаш рет бұндай тәсілмен емдеу жұмысын «Тарлан» медициналық орталығы ақпан айында бастады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауының арқасында орталық тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар, аутизм және Даун синдромына шалдыққан балаларға жылқының көмегімен оңалту әдісін  жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда бұл жерде 30 бала ем алып жүр. Орталықтың құрылтайшысы Ләззат Ерімбетова иппотерапияның  балалар үшін тиімділігі өте зор екенін айтады.

Отбасымызда осындай емге мұқтаж бала бар болғандықтан, иппотерапияның мүмкіндігі шектеулі балалар үшін пайдасы өте зор екенін жақсы білдім. Кейін оңалтудың бұндай түрі біздің өңірде жоқ екенін білгеннен кейін, әрі өзге де балаларға көмектесу үшін иппотерапия ісімен айналысқым келді.

Жобаны іске асыру үшін екі жыл бойы тиісті мекемелер мен атқарушы биліктің есігін тоздырдым, хат жаздым. Алайда нәтиже болған жоқ. Өткен жылы Бердібек Сапарбаев өңірге басшы болып тағайындалғаннан кейін, осы мәселені айтып, әкімнің қабылдауында болдым. Ол кісі жобаны бірден мақұлдап, қолдайтынын айтты. Осыдан кейін №10 ат спорты мектебінде оңалту шарасын жүргізуге мүмкіндік берілді.

Облыс басшысының қолдауымен бұл жерде ат және манежді тегін пайдаланатын болдық. Бір айта кетерлігі, елімізде осындай емді тегін жүргізетін тек қана біздің өңір. Ал басқа облыстарда негізінен ақылы түрде жүзеге асады. Бір баланың 25 минут атқа отырып шығуы 5-8 мың теңге аралығында, — дейді Ләззат Ерімбетова.

Иппотерапия —  жүйке жүйесі зақымдалған науқасты жылқы малы арқылы емдейтін медицинаның бір саласы.  Бұл әдіс әлемде тек қана тірек-қимыл жүйесі бұзылған емес, аутизм, сал ауруы, Даун синдромы және өзге де сырқаттарға шалдыққан балаларды  емдеуде кеңінен қолданылады. Иппотерапияны ат спортымен шатастыруға мүлде болмайды. Бұл медицина саласы жүргізетін баламалы ем түрі, яғни медициналық қызметкерлерге арналған арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асатын сауықтыру әдісі.

«Тарлан» медициналық орталығындағы дәрігер-иппотерапевт, иппотерапия бойынша нұсқаушы, атшы, яғни үш адам баланың иппотерапия кезіндегі қауіпсіздігі мен денсаулығына жауап береді. Бұндай ем түрін дәрігер-иппотерапевттің қадағалауынсыз, рұқсатынсыз жүргізуге болмайды.

— Орталыққа келетін балалардың барлығы медициналық тексеруден өтеді. Себебі аурудың түріне байланысты оңалту әдісінің қарсы көрсетілімі болуы мүмкін. Мәселен, кейбір Даун синдромына шалдыққан балаларды атқа мінгізуге болмайды. Сондықтан балалар алдымен дәрігердің қарауынан өтеді. Дәрігер-иппотерапевт  аурудың тарихымен танысып, тірек-қозғалыс жүйесін түсірген рентген қағазын қарайды. Осыдан кейін барып  оңалтуға жіберіледі, — дейді Ләззат Ерімбетова.

 

Орталыққа ат пен көлік  керек

«Тарлан» медициналық орталығындағы екі маман Салтанат Ерімбетова мен Шыңғыс Ержанов Өскемендегі  «Ақтай» қоғамдық бірлестігінің оқу базасында иппотерапия әдісін меңгеріп келіпті. Олар  он бес күн бойы білікті мамандардан дәріс алған. Жалпы еліміз бойынша, бұндай ем түрі Өскемен қаласында оқытылады екен.

Иппотерапияның тірек-қимыл жүйесіне тигізер оң әсері өте көп. Баланың барлық бұлшық еттері қозғалады, дене белсенділігі артады. Ойлау қабілеті жоғарылап, бойындағы қорқыныш пен үрейден арылады.  Әсіресе, аяғын тік баса  алмайтын, денесін тік көтере алмайтын балаларға тиімді. Гипербелсенді балалар үшін де пайдасы зор. Қазір ата-аналар риза. Тіпті аудандардан хабарласатындар бар.  Қандыағаш қаласынан екі бала келіп жүр.  Жақында Қобда мен Шалқар ауданынан ата-аналар балаларын әкеледі, — дейді Ләззат Ерімбетова.

Бұл жерге 2 жастан 11 жасқа дейінгі балалар келеді. Әр балаға 20-25 минут арналады. Алайда орталыққа берілген бір атпен мамандар барлық баланы қамтып үлгере алмай жатады. Ләззат Ерімбетова егер тағы бір ат болса, балалардың кезек күтіп, мазасыздануына жол берілмейтінін айтады.

Сондай-ақ қазір ата-аналар балаларын өз көліктерімен әкеліп жүр. Ал көлігі жоқ ата-аналар үшін қала сыртына шығу оңай емес. Осы ретте құрылтайшы мектепке баратын көлік мәселесі қаралса деген тілегін жеткізді.

 

Жылқының жылуы

Медициналық орталыққа келіп, тегін ем алып жүрген ата-ананың бірі — Салтанат Махамбетова. Салтанаттың 3 жасар ұлы Данияр спастикалық диплигияға, яғни бас ми қыртысының зақымдануы, негізгі қозғалыс жолдарының бұзылуы ауруына шалдыққан. Баласының сауығып кетуі үшін бар мүмкіндікті қарастырған ана шілде айында иппотерапияға алып келіпті.

— Бұл емнің тірек-қимылында ақауы бар балалар үшін тиімді екеніне көз жеткіздім. Әсіресе, баланың бұлшық етінің босауына, нерв жүйесінің тынышталуына жақсы әсер етеді. Денесін тік ұстауына тиімді. Жылқы өзі ерекше жануар ғой, ұлыма мейірім беретіндей көрінді.  Атқа отырғызғанда кәдімгідей қуанады, бойынан бір құлшынысты байқаймын. Ат пен баланың арасында бір жылылық пайда болады. Мамандар әр баланың ауруына байланысты жаттықтырады. Он күн ішінде кәдімгідей оң нәтижені байқадық. Бізге тегін ем алуға мүмкіндік берген облыс басшысы Бердібек Машбекұлына, орталық құрылтайшысы Ләззат Қарасайқызына алғысымыз шексіз, — дейді Салтанат.

Салтанат кейде атты күтіп, біраз уақытын жоғалтып алатынын айтты.

Егер қосымша тағы бір ат берілсе ауру балаларды бағып отырған аналар үшін жақсы болар еді, — дейді ол.

Сондай-ақ Салтанат орталықтан тегін массаж, логопед және  психолог маманның көмегін алады. Мамандардың қызметі көңілінен шығатынын айтып, алғысын білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button