Денсаулық

«Жасанды тері» қолданыла бастады Бұл — «Лабмедсервистің» көмегі

Ақтөбелік дәрігерлер күйік пен ашық жарақаттардың тез жазылуы үшін «жасанды тері», яғни арнайы таңғыш пайдалана бастады. Облыстық жедел жәрдем ауруханасында соңғы бір ай ішінде денесін күйік шалған он адамға осындай таңғыш қолданылыпты. Қазір науқастардың жағдайы жақсы, алды ауруханадан шығарылған. Бұндай уақытша таңғышты жергілікті «Лабмедсервис» ЖШС «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауруханаға тегін беріп отыр.

Аурухананың травмотология бөлімінің меңгерушісі, травмотолог-ортопед Нұрлан Әбішевтың айтуынша, биоматериалды күйік, трофикалық жаралар және ашық жарақаттар кезінде қолдануға болады. Науқас үшін тиімділігі өте зор.

— Бұл жасанды таңғыш Ресейде шығарылған. Соңғы жылдары ресейліктер осы әдісті  кеңінен қолданып жатыр. Ал бізге енді-енді келуде. Жасанды тері таңғышы адам терісіне ұқсас, яғни құрамында гиалурон, аминоқышқылдар және коллаген бар. Адамның терісіндегі қажетті заттардың барлығы болғандықтан күйіктің тез жазылуына ықпал етеді. Мәселен, күйік шалған адамның терісі ойылып, түсіп қалады. Оған  май жағып, оны қайта таңғанда адам ауырсынып, қиналады. Кейде жараның ауызы ашылып кетеді. Осындайда күйіп қалған  жерге жасанды таңғышты жапсырсақ, науқас бұрынғыдай қиналмайды. Терінің түсі тәрізді жапсырма бірден жабысып қалады. Соның үстіне май жағып, таңып тастаймыз. Ал таңғыш тері жасушаларының қалпына келуіне ықпал етеді. Таңғыштың асты жазыла бастайды. Бұндай кезде май жағып, таңу оңайырақ болады. Жара жазылғаннан кейін жасанды тері түсіп қалады, — дейді Нұрлан Кеңесұлы.

Сондай-ақ бұл әдіс жарақат таңатын материалдар мен сықпа майларға да үнем болады. Әрі медбикелер таңғыштарды жиі ауыстырып, уақыт жоғалтпайды. Биоматериалды балаларға да қолдануға болады. Нұрлан Кеңесұлы әзірге тек күйік шалған науқастарға қолданылып жатқанын айтты.

— Адамның денесінде қан жүрмей қалғанда жаралар пайда болады. Қант диабетіне шалдыққандардың аяқтарының басы жарылып, қан дұрыс жүрмеген жерлер жараға айналады. Осындай кезде жасанды таңғышты пайдалануға болады. Алайда біздің қолданғанымызға бір ай енді болып жатыр. Әзірге нәтижесі жақсы,  ешқандай қауіп жоқ. Дегенмен таңғыштың толық нәтижесін бір жылдан кейін айта аламыз, — дейді Нұрлан Әбішев.

Бұл — «Туған жерге тағзым» акциясының жемісі.  Ақтөбелік «Лабмедсервис» ЖШС жерлестеріне осындай сый жасады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button