БілімЖаңалықтар

«Мектепке жол» акциясы басталды, әр сенбі сайын мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылады

Брифинг

Кеше облыстық білім басқармасы, Ақтөбе қалалық білім бөлімі және Ақтөбе автожол колледжінің ұйытқы болуымен облыстағы 17 оқушыға көмек көрсетілді. Сөйтіп, педагогтердің өзі бас болып, республикалық «Мектепке жол» акциясына атсалысты. Бұл туралы дүйсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова айтты.

Қыркүйектің 30-ына дейін жалғасатын бұл шара биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Акцияның мақсаты — жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасы балаларына қолдау көрсету. Биыл аталған шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Бақытты балалық шақ мекені» ұранымен өткізілмек.

Акцияны ұйымдастыру және сапалы өткізу мақсатында облыс әкімі орынбасарының бекітуімен облыстық ұйымдастыру штабы құрылды. Штаб мүшелері шара аясындағы жасалған жұмыстарды жіті бақылайды. Материалдық көмек сапасыз болса, акцияға жауапты маманға тәртіптік  шара қолданылады.

Облыстық білім басқармасының басшысы ретіндегі алғашқы іссапарымды Мұғалжар ауданынан бастадым. Сол аудандағы Көбелей шағын жинақталған мектебіне 1-сыныпқа қабылданатын 11 оқушыға мектеп сумкасы мен құрал-жабдықтарды тарту етеміз, — деді Сәуле Өмірбекова. Оның айтуынша, «Мектепке жол» акциясы басталмас бұрын облыстық білім басқармасына Ақтөбе қаласындағы тұрғындардан 200-ге жуық өтініш түскен. Жалпы облыста аз қамтылған отбасыдан шыққан он мыңға жуық оқушы бар.

Біз мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін, меценаттарды, кәсіпкерлерді оқушыларға қолдау көрсетуге шақырамыз. Бүгінгі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы 20, облыстық индустриялдық-инновациялық  даму басқармасы 30 балаға көмек көрсетуге ниет білдіріп отыр, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Былтыр бұл игі шараның нәтижесінде 25 223 балаға көмек көрсетіліпті.

Айта кету керек, тамыздың 6-сы күні Ақтөбе қаласындағы «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығының маңында мектеп жәрмеңкесі өтеді. Шара әр сенбі  сайын ұйымдастырылады.

Акция барысында қадағалаусыз, панасыз қалып, жүйелі түрде мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында рейд жүргізіледі.

Оқушыларға қолдау көрсетушілер және көмек қажет еткен тұрғындар облыстық білім басқармасының сенім телефонына: 55-17-92 хабарласуына болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button