Ауыл

Аудандар

  • Қобда

«ҚАМҚОР» ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТЕДІ

Аудан орталығында «Қамқор» әлеуметтік дүкені ашылды.

Бұл жоба «Қобда» ЖШС басшысы Валентина Семионованың бастамасымен жүзеге асырылды. Бастапқыда әлеуметтік дүкенге «Қызыл ай» қоғамының көмегімен Финляндияда өндірілген тауарлар әкелінді. Алайда бұл дүкенді ашудағы мақсат — мұқтаж адамдарға аудан тұрғындарынан көмек ретінде киім жинау. Әлеуметтік дүкеннен аз қамтылған отбасы мүшелері өзі таңдаған киімді ақысыз ала алады.

— Менің қолымда аудан әкімдігінен берілген адрестік көмек алушылардың аты-жөні жазылған тізім бар. Аудан бойынша бұл тізімде барлығы 97 адам. Бүгінде аудан тұрғындарының көпшілігі өзіне керексіз киімдерді менің үйіме әкеліп тастайды, — дейді дүкен сатушысы Ольга Семионова.

Әлеуметтік дүкен аптасына 3 рет жұмыс жасайды: дүйсенбі, сәрсенбі және жұма. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ашық тұрады.

«Қамқор» әлеуметтік дүкені ашылғалы бері 31 адам өзіне қажетті киім-кешекті таңдап алған.

Людмила ЗАГРИДА.

 

  • Ырғыз

САЗАН САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛДЫ

2008 жылы ауыл маңайындағы Соркөл көлін  жалға алған Құтикөл тұрғыны Әлімбек  Бимағанбетов балықшылық кәсіппен шұғылданады.

Қазіргі кезде заңсыз балық аулап, кәсіп жасаушылар тыйылмай отыр. Соның салдарынан балықты өткізуде қиындықтарға тап боламыз. Осындай тығырықтан  шығудың жолдарын қарастырудамыз. Ырғыз селосындағы   бір дүкенді жалға алып, тұрақты түрде балық сатуды қолға алудамыз. Тұрғындарға жаңадан ауланған, сондай-ақ кептірілген балық түрлерін сатып алуларына мүмкіндік жасамақпыз. Балықты аршып, жарып берудің жағдайлары жасалады, — дейді кәсіпкер.

Соркөлде табан, шортан, алабұға, сазан, ақбалық сияқты балық түрлері бар. Қазіргі кезде кәсіпкер аудан орталығы тұрғындарына сазанды қолжетімді бағамен сатуда. Балық аулау кәсібін нәсіп етіп жүрген  кәсіпкер шаруасын ұлғайтуды көздейді.

Марат ҚАПАНҰЛЫ.

 

  • Байғанин

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨШІРІЛЕДІ

Қазақстан елдімекенінің тұрғындары аудан орталығына көшіріледі.

Даму әлеуеті төмен, тұрғындар саны аз Қазақстан елдімекеніндегі 8 отбасының мәселесі биыл шешімін таппақ .

«Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 2 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 49,4 млн теңге, сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы және айналаны абаттандыру жұмыстарына республикалық, жергілікті қазыналардан  20,2 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Келер жылы да салынатын тұрғын үйлер мен олардың инженерлік желілерін тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өткен.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА.

 

  • Хромтау

ҚҰРЫЛЫС ҚҰНЫ — 30 МЛРД 826 МЛН 508 МЫҢ ТЕҢГЕ

 

Ауданда хром, мыс кендерін және қиыршық тас өңдейтін кешендердің құрылыстары жүргізіліп, бірқатары іске қосылуда.

Бүгінгі күні «Ақтөбемыскомпания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы қуаттылығы жылына 500,0 мың тонна мыс-мырыш өндіретін «Весенне-Аралчинское» кен орнының құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы құны — 30 млрд 826 млн 508 мың теңге. Бүгінгі күні бұл қаражаттың 9 млрд 640 млн 717 мың теңгесі игерілді.

Сондай-ақ, «Лиманное», «Құндызды» кен орындарын игеру мақсатында инвестициялық жобалар әзірленіп жатыр.

Қызылсу селолық округі аумағында «БВР» ЖШС арқылы жылына 5,0 тонна жарылғыш заттар шығаратын және Аққұдық селолық округі аумағында «Игданит» ЖШС арқылы жылдық қуаттылығы 25,0 мың тонна сөндірілмеген ізбес өндіретін  зауыттардың құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Ләззат ӘБДІРОВА.

 

  • Әйтеке би

«ХАН МОЛАСЫ» ҰМЫТ ҚАЛМАЙДЫ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудандық жастар ресурстық орталығы  «Бабалар мекеніне тағзым» атты акция ұйымдастырды.

Акция аясында жастар Толыбай ауылындағы «Хан моласы» мемориалды кешеніне тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудандық білім бөлімі жастарға автобус бөлсе, «Қайнар» ЖШС су тасу көлігімен қамтамасыз етті.

Комсомол және Ақтасты ауылдық округтеріндегі  «Жасыл ел» жастар жасағының жауынгерлері мен белсенді жасотандықтар кешен маңына тазарту жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, жасыл желектерді түптеп, суарды, түбін әктеді,  тас төсеніштерді қалпына келтірді. Сондай-ақ, кесененің  іші-сыртын жуды, — дейді  орталық жетекшісі Н.Сатанова.

Аудан жастары игі шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Бауыржан ӘБДІХАЛЫҚ.

 

  • Ойыл

БАСТЫ МӘСЕЛЕ — ИНТЕРНЕТ

ҚР Парламент Сенатының депутаты Марат Тағымов ауданға келді.

Сенатор ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында М.Тағымов өңірде мал шаруашылығын дамытып, өнім өңдеу орындарын ашуға, тұрғындардың суармалы жерлермен көбірек жұмыс жасауына кеңес берді. Сөз кезегінде  аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева жергілікті атқарушы органдардың барлығы электронды қызметке көшкенін, алайда өңірде интернет желісі жылдамдығының төмендігін айтты. Бұл мәселенің бейжай қалмайтындығын ескерткен депутат жиын аяқталысымен аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

 

  • Қарғалы

100 РОМАН ОҚЫҢЫЗ…

 

«Жазғы оқу залы» атты кітап көрмесі Бадамша ауылдық округі әкімдігі ғимараты алдында ұйымдастырылды.

Мақсат — жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, патриоттық сезімдерін ояту.

Аудандық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен өткізілген шарада

библиографтар ҚР Мәдениет және ақпарат  министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару»  бағдарламасы  негізінде жарық көрген «Қазақтың 100 романы» сериясымен басылған шығармалар жинағын көпшілікке таныстырды. Көрмеге келушілерге кітаптың пайдасы турасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды.

Бақыт ИМАШЕВ.

 

  • Мұғалжар

МАЙДАННАН КЕЛГЕН ЧЕМОДАН

Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы жарияланды.

Бұл акцияға аудан тұрғындары қатысып, көнеден қалған жәдігерлерді музейге тарту етті.

Қала тұрғыны Салтанат Шәмшина әкесінің 1946 жылы майдан даласынан өзімен бірге ала келген ескі чемоданды, Күләнда Махметова анасы пайдаланған жар сағат пен түбіт түтетін аяны музей қорына тапсырды. Акция аясында 1950 жылы Германияда жасалған сепаратор, сондай-ақ қалауыш, ескі көзәйнектер де әкелінді.

Музей қызметкерінің айтуынша, акция қорытындысы 16 желтоқсан күні, яғни Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жарияланады.

Лилия ШАМҒАЛИЕВА.

 

  • Шалқар

43 боздақтың есімі

 

Айшуақ ауылдық округіне қарасты Есет ауылының Мырзақоңыр биігіндегі Жанаман ахун мешітінің жанында осы ауылдан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмаған боздақтардың есімдері жазылған ескерткіш-тақтаның салтанатты ашылу рәсімі болды.

Шараға ерлікпен қаза болған боздақтардың ұрпақтары мен ауыл азаматтары қатысты.

Ескерткіш-тақтаның ашылу рәсімінен соң Жанаман ахун мешітінде ас беріліп, жауынгерлердің рухына құран бағышталды.

Деректерге сүйенсек, Есет ауылынан соғысқа 60-тан астам жауынгер аттанған.

Ескерткіш-тақтаға 43 боздақтың есімі жазылған. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жүргізілген бұл игілікті іс боздақтардың ұрпақтары мен  ауыл азаматтарының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.

 

  • Мәртөк

ШАРУАЛАР ЖЕР ЖАЙЫНА АЛАҢДАЙДЫ

 

Облыс әкімдігі жанынан құрылған  үшжақты комиссия мүшелері — «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов, Батыс Қазақстан аймағы бойынша «Невада-Семей» антиядролық қоғамдық қозғалысы филиалының жетекшісі Ізімғали Көбенов және жер қатынастары бойынша республикалық үшжақты комиссияның сарапшысы Көшкенбай Ахметов партияның  аудандық филиалы ғимаратында жергілікті халықпен кездесті.

Комиссия отырысы жер пайдаланушылардан, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша мәселені өңірлерде талқылау және ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында өткізілді. Жиынға жергілікті атқарушы органның өкілдерімен қатар, аудандағы ірі шаруа қожалықтарының басшылары, селолық округтердің әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында аудан тұрғындары мал және егін  шаруашылықтарына қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алды,  жер мәселесіне қатысты ойларын ортаға салды. Комиссия мүшелері көтерілген мәселелердің барлығы республикалық деңгейдегі комиссия отырысында қаралатындығын жеткізді.

Аманат ҚАЛПИЕВА.

 

  • Темір

СЕНБІЛІКТЕГІ СЕРПІН

 

Шұбарқұдық ауылдық округі орталығындағы көшелерді тазартуға 200-ден астам адам жұмылдырылды. 

Сенбілікке шыққан барлық мекеме қызметкерлері мен жұмысшылар орталықтағы Желтоқсан, Ж.Кереев, Асау Барақ көшелерін тазартып, шөп жұлды.

Ауылымыздың таза болғаны өзімізге жақсы. Таза ауамен тыныстау — денсаулыққа пайдалы. Балабақша ұжымы бұл шараға бір кісідей ат салысып жатыр, — дейді «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Б.Ақбалиева.

Бұл күні ауыл  азаматы Ерлан  Глимов өзі  тұратын Ш.Берсиев  көшесінің жолын тегістеп, құм төседі. Бұл шаруа ауыл тұрғындарының бірлесіп атқаруының нәтижесінде аяқталды.

Сенбілік кезінде 10 тоннадай қоқыс сыртқа шығарылды.

Г.КӨБЕВА,

Б.САҒЫНДЫҚОВА.

 

  • Алға

«АҚТӨБЕНІҢ» ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ

 

Ауданымызда «Ақтөбе» футбол орталығының филиалын ашу үшін аудан әкімі мен облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы, облыстық футбол ассоциациясы үш жақты меморандумға қол қойды.

Спорттық инфроқұрылымды жақсартуға байланысты жұмыстар атқарылып, стадионды жасақтау үшін бюджеттен қомақты қаржы аударылды.

Жауапкершіліктің негізін «Ақтөбе» футбол орталығы өз мойнына алды. Қазіргі уақытта жұмысқа қабылданған бапкерлер дайындық топтарына ойыншылар қабылдап жатыр.  7-8 және 9-10 жастағы балалардан екі топ ашу жоспарланып отыр, — дейді аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Берікқали Бақытов.

Алдағы уақытта топтар да, тәрбиеленушілер де көбейе түсуі мүмкін. Аталмыш жоба болашақта «Ақтөбе» футбол клубының негізгі құрамын өз түлектерімізбен толықтыруға жол ашпақ.

И.БОЛАТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button