Экономика

Алтын, күміс тас екен…

Мамандардың сөз сыңайына қарағанда, әлемді бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарыс қаусырап тұр. Кеше ғана аспанға шот лақтырып отырған небір алпауыт елдерді бүгінде қаржы тапшылығы алқымнан алып отыр. Көмір керексіз болып қалды. Темір өтпейтін болды. Мұнайдың бәсі құлдырады. Жуан жіңішкерді, жіңішке үзілуге айналды. Бұрынғы бай елдердің халқы белбеуін тарта бастаса, ежелден күнкөрісі қиын ендіктің жұртшылығы тоқ жарау күн кешуге көшті.

Мұның арты не боларын әлі ешкім болжап білер емес. Бір нәрсе айқын, ұлы бабаларымыздың «Алтын, күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сөзі расқа шықты. Ұшқан құс, жүгірген аң сияқты адамның да үнемі тамақты ойлайтын уақыты келген сияқты. Ендігі жерде табыс пен пайданың көзі де осы саладан түсетіні белгілі болып қалды.

Елбасының әлемдік дағдарысқа байланысты болған Ақордадағы бір жиында дағдарыстың біздің еліміз үшін пайдалы жағы да болуы мүмкін деуінде астарлы сыр жатқан сияқты. Себебі Қазақстан – азық-түлігі мол, тоқ ел ғана емес, ауыл шаруашылығы дамыған, осы саланың өнімін сыртқа еселеп шығаруға әлі де мүмкіндігі көп ел. Соның арқасында әлемдік дағдарыстың біздің елімізге сөзі жеткенмен, өзі әсер ете алған жоқ. Ел ішіне дендеп кіре алмай тұр.

Ауыл шаруашылығының табысты сала екендігі осы ақпан айының басында өткен Үкімет отырысында да айтылды. Мұнда өткен жылдың негізгі қорытындылары талқыланып, үстіміздегі жылдың міндеттері анықталған еді. Осында ел экономикасына қосып отырған ауыл шаруашылығының сүбелі үлесі де ортаға түсті.

2008 жылы ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің өсу қарқыны 17 пайызды құраған. Еңбек өнімділігі арта түскен. Негізгі капиталдағы инвестиция 21 пайызға, ал орташа айлық мөлшері 21,5 пайызға жоғарылаған. Өңделгеннен кейінгі астықтың жалпы көлемі 15,6 миллион тоннаны құраған. Мамандар астықтың сапасы өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай жоғары болғанын айтады. Сонымен қатар экспорттық мүмкіндік 6 миллион тоннаны құраған.

Мал шаруашылығы бағытындағы табыстар да атап көрсетілді. Егер нақты деректерге жүгінсек, мал басы өсімінің қарқыны мен бұл саладағы өнім өндірісінің көлемі өткен жылдардың деңгейінде сақталып, 6-7 пайыз төңірегінде болды. Мамандар мал табындарының генетикалық әлеуеті оңалды деп есептейді. Асыл тұқымды мал басының саны орташа есеппен 8-10 пайызға өскен.

Үкімет отырысында атап көрсетілгеніндей, өткен кезеңнің барлық қиындықтарына қарамастан, жалпылай алғанда, қайта өңдеу бағытында өндірістің тұрақтылығы сақталды. Өңдеу саласының өсімі индексациясы есептелгенде 0,5 пайызды құрады. Тек өткен жылғы 11 айдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімі экспорты мен оның өңделген өнімінің көлемі 57 пайызға жоғарылап, 2,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Осы арқылы экономиканың аграрлық секторы экспорттық-импорттық операцияларда оң сальдоға қол жеткізген.

Өткен жылы да астық бойынша экспорттық арналарды кеңейту жұмыстары жалғасты. Ресей нарығында қазақстандық еттің экспорты басталды. Астық, күнбағыс майы, күріш, ет, құрғақ сүт секілді әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорлары құрылды және олардың экспортына шектеу енгізілді.

Осының алдында қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ведомство алдына бірқатар қосымша тапсырмалар жүктеген болатын. Премьер-Министр осы кездесуде: «Мұнай және қымбат металдар бағамдарының арзандауына қарамастан ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша кейбір бюджеттік болжамдарды қайта қарастырамыз. Ал еліміздің ауыл шаруашылығы саласына бекітілген қаржылық ресурстар қайта қаралмауға тиіс», – деп бұл салаға үлкен қолдау көрсетті. Отандық ауыл шаруашылығы тауарларын шығаруға әлемдік стандарттарды сақтауға шақырған Үкімет басшысы: «Еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы экспортқа баратын елдер протекционистік саясатты жүргізуді бастауы мүмкін. Сондықтан біз барлық санитарлық және ветеринарлық нормаларға қатысты жоғары деңгейді сақтап қалуымыз шарт. Егер талаптар сақталмаса, онда бұл экспорт жабылып қалады», – деп қауіп айтты.

Жалпы, жұртшылық ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты бизнес құрылымдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында тиісті меморандумдарға қол қойылғанынан құлағдар болу керек. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының негізін қалайтын дақылдарға бөлінетін субсидияның мөлшері артты. Мұнымен бірге Астананың азық-түлік белдеуінің шекаралары бекітіліп, елорданың азық-түлік нарығындағы ахуалы талданды және аталған белдеудегі өндірісті дамытудың басым бағыттары анықталды.

Қазіргі кезде «ҚазАгро» Ұлттық холдингі жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден астам қаржыға 54 бизнес жобаны несиелендірді. Әр аймақта азық-түлік белдеуін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанда мал да, астық та бар екенін, мүмкіндігі одан да мол жатқанын күллі әлем біледі. Дағдарыс барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік кеңесі сарапшыларының біздің еліміздің жер алқабына назар аударуы да тегін емес. Бұл – бір кезде азық-түлікпен, оның ішінде астық, ет, сүт өнімдерімен Кеңес Одағы деп аталған ұлан-ғайыр зор мемлекетті асыраған жер байлығы сарқылмайтын мол ел. Ол ұмытылған жоқ. Рас, одан кейінгі жылдары бізде сондай мол дәрежеде ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмеді. Өндірілсе де үлкен көлемде сыртқа шығарылмады. Оның да өзіндік себебі бар. Бұл туралы таяуда Астанада өткен макроаймақтардың экономикалық мамандандырылуы мәселелері жөніндегі  кеңестен кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев: «Қазақстанда мал шаруашылығын дамытып, өндірілетін етті экспортқа шығаруға мол мүмкіндік бар», – деп атап көрсетті. Осында А.Күрішбаев Қазақстан ішкі нарығын етпен толық қамтамасыз ете алатынын айта келе: «Біз мал шаруашылығын дамыта отырып, ауыл шаруашылығын өркендетудегі әлеуметтік мәселелерді шеше аламыз. Мұндағы басты проблема біздің етімізді экспорттай алмайтынымызға тіреліп тұр. Неге? Себебі біздің ет экспортқа қажетті ветеринарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан бізге мал бордақылайтын алаңдар құру қажет», – деп мәлімдеді. Бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанын Үкімет басшысының біз келтірген жоғарыдағы сөзінен де аңғару қиын емес.

Осы міндеттерді басшылыққа алып, аймақтар іске кірісіп те кетті. Қазірдің өзінде қай аймаққа, ауыл шаруашылығына қанша қаржы бөлінетіні белгілі. Біздің облысымыздың әкімі Елеусін Сағындықов таяуда жұртшылық алдында берген есебінде бұл жөнінде жан-жақты баяндады.

2009 жылы облыстық агроөнеркәсіп кешені қаржыландырудың барлық көздерінен 7 млрд. теңге қаржы алатын болды. Бұл қаржылар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға – астық және көкөніс секторларына, сондай-ақ ет, сүт өнімдерін өңдеуге жұмсалады. Экономиканы тұрақтандырып, нығайту бағдарламасының шеңберінде жылыжай шаруашылықтары, көкөніс сақтау, құс фабрикасы, тауарлы сүт фермалары, мал семірту алаңдары, ет өңдеу кешендері, басқа да осындай салаларға қатысты желілерді құру көзделуде. Биыл Мәртөк, Қарғалы аудандарында 2 тауарлы сүт фермасы, Мұғалжар ауданында 40 мың қой семіртетін алаң болады. Жалпы, бұл бағытта «Батыс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бірсыпыра жұмыстарды қолға алып отыр.

Атқарушы биліктің тікелей араласуымен және ұдайы қадағалауымен азық-түлік қауіпсіздігін сақтауы оның бағасын тұрақтандыру барысында  және облыс аумағында азық-түлік белдеуін құру үшін аймақта әлеуметтік дүкендер, қалыпты бағамен сауда жүргізу орындары ашылып жатыр. Облыс тұрғындарға қажетті тағам түрлерін, тек қанттан басқасын өзімізде жеткілікті өндіріп келеді. Ақтөбеде өндірілетін күнбағыс майын республика тұрғындарының 60 пайызы алады. Ел бойынша ең арзан нан – бізде. Негізінен, астық, ет, сүт тағамдарын көрші Атырау, Маңғыстау аймағы біздің облыстан алады.

Атқарушы билік аймақта ауыл шаруашылығын дамыту үшін аянып жатқан жоқ. Тек өткен жылы ғана осы салаға барлық қаржы көздерінен 6,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 73 пайызға жоғары.

Әйтсе де ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға облыс басшысының  көңілі көншімей отырғаны белгілі болып қалды. Өзінің есебінде бұл саланың әлі де баяу дамып отырғанын атап көрсетуі – осыған дәлел. Облыс әкімі үнемі айтып жүргендей, аудандарда тұтынушылар кооперативтерін құру тым баяу қолға алынуда. Соның салдарынан ауылдағы шаруа  малының өнімінің қызығын әлі де орта жолдан делдалдар көруде. Көп жерде өңдеу орындары жоқ. Сондықтан да оның өнімдері жоғары стандартқа сай бола бермейді. Мұның өзі сыртқы сауданы былай қойғанда, елдің ішкі рыногына да шығуын қиындатып отыр. Шындығына келгенде, біздің ауылдарда өндірілген ет, сүт өнімдері сатылмай жатқан жоқ. Ауылдағы, қаладағы базарлар сонымен күн көріп отыр. Тек соны өркениетті елдердегі үрдіске сай тәртіптеу жеткіліксіз сияқты. Жергілікті жерлерде мал тұқымын асылдандыруға, оның ветеринарлық жағдайын жақсартуға мән беріле бермейді. Ал бұл салаға мемлекет жыл сайын қыруар қаржы бөліп отырғаны белгілі. Осы шаруаларды дұрыс жолға қоймайынша, ауыл шаруашылығында сыртқы саудадан пайда табу мүмкін емес.

Егер бұл мәселелер оң шешілсе, әлемдік дағдарыс жағдайында да агроөнеркәсіп кешендерінің алдында зор мүмкіндіктер ашылғалы тұр. Мұны Елбасы да, Министр де үнемі еске салып келеді.

Мәселен, А.Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, Ресей жылына 1,5 млн. тонна етті Бразилиядан, Аргентинадан және басқа да елдерден сатып алады. «Егер Қазақстан  Ресейге толық ет экспорттайтын деңгейге көтерілетін болса, – деді министр, – Онда мал шаруашылығы саласы қарқынды дами алады. Оның бірден-бір жолы – мал бордақылайтын кешендер салу».

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда отандық өндірісті дамыту міндетін пәрменді түрде қойып отыр. Соңғы күндердегі қаржы саласындағы батыл қадамдар да осы мақсатты көздейді. Себебі біз, мамандардың атап көрсетіп жүргеніндей, импорт бағасын реттей алмаймыз. Егер азық-түлік тауарларының басым бөлігін импорттайтын болсақ, инфляцияға жол ашылады. Сондықтан да отандық өндірісті дамыту керек. Оған Үкімет жеткілікті қаржы бөліп, айрықша назар аударып отыр. Осы жылғы ақпанның 10-ы күні болған Үкімет отырысында «ҚазАгро» холдингтің компаниялар тобы тек көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге 124 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін мәлімдеді. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаржы ақпанның 20-сына дейін холдингке берілетін болады. Әрі қарай ауыл шаруашылығы саласына тарайды.

Таяуда Үкімет басшысы Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында депутаттардың сауалына осылай деп жауап берді.

Үкімет басшысының әңгімесіне қарағанда, биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзан жанар-жағармай да, төмен үстемақымен несие қаржы да болады. Тек жергілікті жерлер істі дұрыс ұйымдастыра білуі керек.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button