Білім

Жаңартылған білім беру жүйесі: 1-сынып көш бастайды

DSC_5698Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне білім беру мазмұнын жаңартуды тапсырған болатын. Соған байланысты жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептердің 1-сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша білім алады. Сөйтіп,  2020 жылға қарай кезең-кезеңмен барлық сыныптар бес күндік оқу аптасына көшетін болады. Сондай-ақ, 12 жылдық оқу бағдарламасы енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл — әлемдік тәжірибенің озық үлгісі.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбековамен жаңа білім беру стандарты туралы әңгімелескен едік. Сонымен…

 

 

Жаңа жүйе және қажеттілік

— Еліміздегі барлық мектептер 1 қыркүйектен бастап кезең-кезеңмен білім берудің жаңа жүйесіне көшеді. Білім беру мазмұнын жаңартудың қажеттілігі неде?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін қойып отыр. Ел экономикасының қарқынды дамуы білім беру жүйесіне тікелей байланысты.

Қоғамда азаматтың тек қана білім алуы жеткіліксіз, ең маңыздысы — сол алған білімін күнделікті өмірде тиімді қолдана білуі. Сол себепті, қазір оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға басымдық беріліп отыр.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері осыдан 28 жыл бұрын білім берудің жаңартылған үрдісіне көше бастады. 1997 жылы көп ел PISA деп аталатын жаңартылған мазмұнды бағалаудың бірыңғай стандартына көшу туралы келісімге келді.

Еліміздегі бірқатар мектептер 2009, 2012 және 2015 жылдары осы стандарт  бойынша білім сапасын анықтауға қатысты. Осы зерттеудің қорытындысында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру қажеттілігі анықталды. Білім беру мазмұнын жаңартудың себебі содан.

Жаңа оқу жылынан бастап осы жүйе, яғни әлемдік тәжірибе еліміздің барлық мектептерінің бірінші сыныптарына енгізіледі.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76,79, 89-қадамдарын және Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі жаңаша білім мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жұмыстарын бастады.

Білім беру жүйесіне енгізілетін реформа, ең алдымен, оқушыларға сапалы білім беруді, болашақта олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуді көздейді.

Қандай істі бастамас бұрын алдын-ала зерттеу, қорытындысын жан-жақты талдау, түйінді мәселерді анықтау арқылы дайындық жұмыстары жүргізілетіні анық. Осы туралы айтсаңыз. Дайындық жұмыстары қалай, қандай деңгейде жүргізілді?

— Бұл бағыттағы жұмыстар Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жасалып жатыр. Біздің облыста осыдан 3 жыл бұрын 12 жылдық оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жобасы талқыланды. Министрліктің тапсырмасына сәйкес,  2013-2014  оқу жылында аталған стандарт жобасы еліміздің барлық өңірлерінде  педагогикалық қызметкерлер, ата-аналардың қатысуымен бірнеше рет талқыланып, on-line режимінде түсіндірілді.

2014 жылдың қаңтар айында Білім және ғылым министрлігі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымдарының өкілдері біздің өңірге арнайы келіп, педагогикалық қызметкерлер, ата-аналар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жаңа стандарт жобасын таныстырды. Сондай-ақ, жұртшылықтың ұсыныс-пікірлеріне де ден қойып тыңдады. Жаңа стандартты қабылдау кезінде осы айтылған сын-ескертулер, ұсыныс-пікірлер ескерілді.

Тиісті нормативтік құжаттар, жаңа стандарт, оқу бағдарламалары, оқулықтар әзірленгенімен, олардың іс жүзінде орындалуы, оқушыларға білім беру үшін оның қаншалықты тиімді екенін, мұғалімдерге қандай көмек қажет болатынын анықтау мақсатында жаңартылған білім беру мазмұны апробациядан өткізілді.

Министрліктің 2014 жылғы 4 шілдедегі №263 бұйрығына сәйкес, бастауыш білім берудің оқу бағдарламаларын апробациядан өткізу үшін республика бойынша анықталған 30 мектептің қатарына біздің облыстан 2 мектеп: Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназия және Новый орта мектебі енгізілді.  1-сыныптағы 357 оқушы жаңа жүйе бойынша білім алды. Осы оқушыларға сабақ беретін мұғалімдер біліктілік арттыру курстары, оқыту семинарлары арқылы арнайы даярлықтан өтті.

Министрлік тарапынан 2015-2016 оқу жылының соңында 30 пилоттық мектептегі апробация жұмысының қорытындысына зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн 30 пилоттық мектептің бәрінде де сынамалаудан табысты өткені анықталды. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып осы  стандартқа көшеді.  Жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жоспар бойынша жүйе төрт жылда толық енгізіледі.

 

 Межелі мерзім: төрт жыл

—  Жаңа стандарт сатылы түрде қай сыныптан бастап енгізіледі?

— Жаңартылған білім мазмұны арнайы кестеге сәйкес, 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Нақтырақ тоқталсақ, биыл, яғни 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1-сынып оқушылары; 2017 жылы —  2, 5, 7-сыныптар; 2018 жылы —  3, 6, 8, 10-сыныптар; 2019 жылы – 4,9, 11, 12-сыныптар жаңа стандартқа көшеді.

2020 жылға қарай 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бес күндік оқу аптасы: 1 қыркүйек. 1-сынып. 1 маусым

Жаңа жүйе бойынша білім алатын 1-сынып оқушыларының оқулықтары дайын ба? Оларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіледі?

— Әдістемелік материалдардың толық ресурсы: оқу бағдарламалары, оқулықтар, күнделікті сабақ жоспарлары, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдардың бәрі де дайын.

1-сынып оқушыларына арналған оқулықтарды «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Бөбек», «EXPRESS PUBLISHING»  баспалары әзірледі.

Біздің облыста жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 16 мыңнан астам оқушы қабылданады деп жоспарланып отыр. Осы балаларды оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 300 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жаңа бағдарламаға сәйкес қазақ тілі, орыс тілі, математика, сауат ашу, көркем еңбек, дүниетану, жаратылыстану, өзін-өзі тану, музыка, ағылшын тілі пәндері оқулықтары толықтай шығарылды. Сондай-ақ, 1- сынып оқушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным — Қазақстан» атты кітап сыйға тартылады.

— Жаңа жүйеге сәйкес, 1-сынып оқушылары бес күндік оқу аптасына көшетіні белгілі. Оқу мерзімінің ұзақтығы, оқу жылының қашан аяқталатыны туралы айтсаңыз.  Жазғы каникул қысқара ма?    

—  Балалар үшін ата-анасының, отбасының тәрбиесі аса маңызды. Бес күндік оқу жүйесі балалардың сенбі, жексенбі күнгі демалыс уақытында ата-анасымен бірге болуына көп мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, қосымша білім алуына, әсіресе, спортпен, өнермен айналысуына көбірек уақыт беріледі.

Білім беру бағдарламасының жаңартылуына байланысты 1 қыркүйектен бастап, 1-сынып оқушылары 1 маусымға дейін оқиды. Оқу мерзімінің ұзақтығы — 33 оқу аптасы. 1-сынып оқушылары сенбі күн есебінен 34 күн қосымша демалыс алады.

 

Мұғалімдер дайын ба?

— Білім беру жүйесіндегі реформаларды жүзеге асыру мұғалімнің біліміне, біліктілігіне  тікелей байланысты. Мұғалімдер жаңа стандарт бойынша сапалы білім беруге қаншалықты дайын?

— Рас, білім беру мазмұнын жаңарту үшін біз ең алдымен оны жүзеге асыратын сапалы маман даярлауымыз қажет. Ата-аналар үшін де тиісті ақпараттық-түсінік жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздің барлық мектептерінде

1-сынып оқушыларына сабақ беретін 73 мың мұғалім жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша даярланатынын айтқан болатын. Қазір осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де  жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.  Мұғалімдерді жан-жақты даярлау үшін мемлекет бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, даярлық курстары ұйымдастырылуда. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы — «Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» және Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтөбе облысындағы филиалы базасы арқылы  біздің аймақта 3065 педагогты даярлау жоспарланып отыр. Оның ішінде 2691 мұғалім қазақ тілінде,  374 мұғалім орыс  тілінде оқытылады. Даярлық курсынан алдағы уақытта мектеп директорлары, мектеп директорларының орынбасарлары, білім бөлімдерінің әдіскерлері де өтетін болады. Қазір, жаңа оқу жылы басталғанға дейін ең алдымен 1-сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалімдерді оқыту міндеті тұр.

Мемлекет бюджеті есебінен мұғалімдерді даярлау жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болады. Өйткені, кезең-кезеңмен көшу кезінде барлық мұғалімдерді қайта даярлауымыз қажет.

 

Үш тілде оқыту — болашақтың ісі

— Ата-аналар: «1-сынып оқушылары сабақты үш тілде оқи ма?» деген мазмұндағы сауалдарды жиі қояды. Үш тілде білім беру жүйесі қай уақыттан бастап жүзеге асырылады?

—  Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа қабылданатын оқушыларға сабақ үш тілде  өткізілмейді. Қазақ тіліндегі сыныпқа қабылданған оқушы қазақ тілінде, ал орыс тіліндегі сыныпқа қабылданған оқушы орыс тілінде білім алады. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндері сәйкесінше осы тілдерде оқытылатын болады. Яғни, қазақ тілі — қазақша, орыс тілі — орысша, ағылшын тілі — ағылшынша өткізіледі. Басқа пәндердің барлығы жоғарыда айтқандай оқушының оқу тіліне қарай оқытылады.

Негізі мектептерде 2019 жылдан бастап мектептің оқыту тіліне қарамастан  Қазақстан тарихы пәнін қазақ тілінде, дүниежүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқыту туралы ұсыныстар бар. Бағдарламаға сәйкес,  2019 жылдан бастап тек қана 10-11-сыныптарда төрт пән:  физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр.

Биылдан бастап мұғалімдерді даярлау жұмыстары жүйелі ұйымдастырылады. Үш тілді білім беруді енгізуге бағытталған Назарбаев Университеті еліміздің барлық өңірлерінде биология, химия, физика, информатика пәндерінің мұғалімдеріне  арнап 4 айлық курстарды өткізеді. Жалпы бұл мақсатта 675  мұғалім оқытылады. Оның  39-ы — біздің облыстың мұғалімдері.

Қазір еліміздің 42 жоғары оқу орнында 18 мыңнан астам студент үш тілді білім беру жүйесіне сәйкес білім алып жатыр. Оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттердің үлесі — 5 мың.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button