АуылБасты жаңалықтар

Шалғай өңірдің өз тіршілігі бар

Елбасының сарабдал саясатын, облыс әкімінің тапсырмаларын жүзеге асырудың нәтижесінде алыс ауылдарда да игілікт істер атқарылуда. Ең бастысы, жаңа мақсаттарға ұмтылыс, құлшыныс бар. Сонымен бірге, шешуді қажет ететін толғақты мәселелер де жеткілікті. Мұны біз жақында шалғайдағы Ырғыз ауданына іссапарда болып, өз көзімізбен көріп қйттық. Солардың бір парасы…

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақкенже ешкіні көбейтпек.

Бірақ ол үшін бірер мәселелерді шешу керек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша ешкі шаруашылығын дамытқалы отырған «Асыл жол» шаруа қожалығының төрайымы Ақкенже Отаралинаны мазалайтын мәселелер аз емес екен. Соны айту үшін ол бізді Аманкөл ауылынан Ырғызға арнайы іздеп келіп жолықты.

Ол жөнінде осының алдында ғана аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Досекешов сүттік бағыттағы асыл тұқымды ешкі сатып алуға талпыныс жасап жатқанын  айтқан еді.

— Мен ешкіні бұрыннан өсіріп келемін, — деп бастады әңгімесін кәсіпкер келіншек. —Бірақ кәдімгі жергілікті қазақы ешкі. Бір-екі жылдықта оның басын 500-ге дейін жеткіздім.  Қазір сойдым, саттым, азайттым. Бірақ әлі де 200-дейі бар. Мен қой ұстамаймын, бірыңғай ешкі өсіремін. Жылқы баққым келеді, бірақ оған әзір күшім жетіп тұрған жоқ. Сиырларым бар. Негізінен пайданы ешкіден көріп отырмын. Бұл малдың еті жеңіл, іш майының көп ауруға ем болатынын да әр қазақ біледі. Ешкі бағуды ақырет көретіндер де бар. Ал мен ешкіден қорлық көріп жатқаным жоқ. Сол жергілікті ешкінің де сүтін сауып ішіп,  ауысқанын сатып отырмын. Менің ешкілерімнің қылы да, түбіті де өтеді. Тіпті қайда өткіземін деп әуре болып та жатпаймын. Көбіне Қызылорда облысынан кәсіпкерлер  үйіме өздері іздеп келіп, келісін 1000 теңгеден алып кетеді. Бір кезекте 300 келі қыл мен түбіт өткізген кезім болды. Қазір ешкім аз, 200-дің үстінде, содан 150 келі жүн өткізіп, бір жолда 150 мың теңге санап алып жатамын. Сонда әріптестерім «Ешкі өсіруіміз керек екен» деп қызығады. Алайда ешкі малының мүмкіндігін толық пайдалануға біздің күшіміз жетіп отырған жоқ. Қазір қожалықта ерім, ұлым — үшеуміз ғана еңбек етеміз. Өзім сонша ешкіні тараймын, қырқамын, түбіті мен қылын айыруға шамам келмейді. Егер оларды бөлектеп өткізетін болсам, әлдеқайда қымбат болар еді, — дейді Ақкенже.

Кәсіпкердің пайда түсетін жолды жақсы меңгергенін, сол мақсатты орындау жолында жоба-жоспарларының да жеткілікті екенін әңгімесінен аңғардық.

— Жеңілдіктер бар дегесін, ешкі өсірумен дендеп айналысуды ойлап отырмын. Асылтұқымды ешкі алғым келеді. Көзін тауып асыл тұқымды ешкі мен текесін сатып алсам деймін. Қазір осы жолға бекіп, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының аясында несие алып жатырмын. Өкінішке қарай, несие аз тиді —1 миллион теңге. Себебі кепілдікке қойылатын ауылдық мүлік арзан құндалады. Соның жартысының мөлшерінде ғана несие беріледі, — деп өз жоспарын ортаға салып, несие туралы ойларын да білдіре кетті.

Дегенмен, шаруа қожалығының басшысын несиеден гөрі, қысы-жазы отыратын қонысының жайы мазалайды екен. Қожалық басшысы отбасымен Аманкөл ауылынан 2 шақырым жердегі Әйімде тұрады. Бұл жерді бұрынырақта кіші мал маманы болып қызмет еткен марқұм әкесі қоныс етіпті. Кейін қараусыз қалып, бұл қоныс бұрын келіп тұрған жоғары кернеулі электр қуатынан да, ауыз су құбырынан да ажыратылған. Солай күйі кеткен мекенге, әке орынын жоғалтпаймын, мал бағып, нәпақамды осы жерден табамын деп, Ақкенже отбасымен көшіп келген. Қазір осында жалғыз үй тұрады. Төрт бала екі шақырым қашықтан, Телжан Шонанов атындағы орта мектепке қысы-жазы жаяу қатынап оқиды.

Бір қызығы, қазірде де жоғары кернеулі электр желісі мен кейін іргедегі ауылға тартылған су құбыры бұрынғыша жалғыз үйдің үстімен өтеді екен. Бірақ оларды қосуға шаруа қожалығының қаржысы жоқ, әзір маңда шамасы келмейді.

Сондықтан түнде баяғыша майшам жағып амалдап, ауыз суды құдықтан алып ішіп отырған жайы бар. Бұрын қыруар малды да қауғалып құдықтан суарып келген. Биыл көлге су толып, жағдайлары сәл де  болса жеңілдеген.

— Осы жоғары кернеулі электр желісі де, су құбыры да әкем барда үйге кіріп тұрды. Кейін берекесіздік басталып, электр желісінің бағаналарын да, сымын да сол саланың тиісті мекемелері жинап әкетті. Ал қазір сол мекемелердің басшылары бұл үлкен шығынға түседі деп, жолатпайды, — дейді таңданыс білдіріп кәсіпкер.

Сол жерде мұның ендігі жолын аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Балайым Қашқынбаева көрсетті.

— Мемлекеттік бағдарлама бойынша бұл жағдайда тегін инфрақұрлым тартудың  ережесіне сәйкес келмейді. Ол үшін қашықтық 1 метр болу керек, мұнда 2 метрге тең. Және инфрақұрлымға жұмсалатын қаржының мөлшері 3 миллион теңгеден аспау қажет. Ал мұнда өте қымбатқа түседі. Сондықтан қазіргі жағдайда қожалыққа тек күн мен жел қуаты бойынша жұмыс істейтін қондырғы орнату арқылы мәселені шешуге болады. Бұл үшін «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша қожалық несие алу керек болатын. Қазір кәсіпкер несиеге қол жеткізуде. Сондықтан алда бұл мақсат орындалар деген ойдамыз, — деді.

Бұған кәсіпкер:

— Менің де ендігі үмітім осында. Қазір осы мақсаттарды жүзге асыру үшін құжаттар жинастырып, тиісті орындарға тапсыруға талаптанып жатырмын. Күн мен жел қуаты бойынша жұмыс істейтін қондырғы туралы көп естідім. Оның сапасы қалай болады,ертеңгі күні бұзылып, кәдеге аспай қалмай ма деп те ойлап қоямын. Ондай қондырғы орнататындай мен шалғай жайлауда, алыс далада емес, барлық инфрақұрылымы бар үлкен елді мекенге іргелес отырмын, — деп өз пікірін де айтып, шарасыздан көнгендей сыңай танытты.

Саралап қараған адамға кәсіпкердің бұл сөзінің де жаны бар сияқты.

 

Нұраның бойы шалқыған су.

Алайда тұрғындар ауыз суды 90 шақырым жерден тасып ішеді

Әсіресе, биылғы жылы Нұра өзеніне, оның айналасындағы көлдерге су мол келген. Бес жыл бойы суы тартылған өзен мен оның салалары,  құрғап кепкен көлдері өткел бермейтін дәрежеге жеткен. Содан да Нұра ауылдық округінің орталығына таяу тұрған ауылдарға бүгінде біраз жер айналып баруға тура келеді. Мәселен, Белшер ауылына бару үшін жолаушы Тәуіпке қарай жүретін көтерме жолға түсіп, Құланшы деген жермен 140-150 шақырым қашықтықпен айналады екен. Ал көзге көрініп тұрған Мамырға 45 шақырым жол жүріп жетеді. Дүкен елді мекеніне дейінгі жол да 70 шақырымға ұзаған. Осындай жерде тұрған елдің қашаннан ауыз су зарын тартып келгені көпшілікке аян. Рас, кешегі кеңес заманында, бірсыпыра уақыт, бұл өңірге ауыз су  аудан орталығынан құбырмен жеткізілген. Бұл құбырды сексенінші жылдары көргеніміз бар еді. Жолдың өне бойында соншама бекеттері, су айдайтын қуатты насостары, оларда жұмыс істейтін қыруар адамы бар жүйенің үлкен шығынға түсетіні айтпай-ақ көзге көрініп тұрғандай  еді. Сол жүйе нарықтың талабына жауап бере алмай, тоқсаныншы жылдардың аяғында тоқтады, аяғы талан-таражға түсіп жоқ болды. Нұра бойындағы ауылдар қайтадан тұщы су тапшылығына ұшырап, аудан орталығынан көлікпен тасып ішетін бұрынғы қаракетіне көшті. Екі мыңыншы жылдан санағанда, бұл тірлік 16 жыл бойы жалғасып келеді.

Бұл жылдарда, нұралықтарға кезек тимегенмен, «Ақбұлақ» әлеуметтік бағдарламасының арқасында аудан халқы ауыз сумен қамтуға байланысты біраз игіліктерді көрді. Осы сала мамандарының есебінше,  қазір ауданның 19 елді мекенінің 9-ы орталықтандырылған су құбыры арқылы ауыз сумен қамтылған. Әлі де 10 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтуды қажет етеді.

Әсіресе, ауыз су мәселесі кейінгі жылдары ыждағатты түрде шешіле бастаған. Аманкөл, Құтикөл, Қызылжар, Құмтоғай, Ырғыз, Ақши ауылдарында сенімді су құбыры жұмыс істейді. 2014 жылы Қалыбай, Құрылыс, Құмтоғай,  ауылдарының ауыз су құбырларының  құрылысы жүргізілді. Өткен жылы шалғайдағы Жайсаңбай,  Құйылыс,  ауылдарына  су құбыры тартылды. Соның нәтижесінде  аудан халқының 76,4 пайызы орталықтандырылған су құбырынан ауыз су ішетін болды.

Аудан басшылары ауыз судан қатты қиыншылық көріп отырған Нұра өңірінің мәселесінің де көптен назарда екенін айтады. 2014 жылы Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарының тораптық ауыз су құбыры құрылысына 633917,0 мың теңге,

«Белшер» ауылының дербес ауыз су құбыры құрылысына 172241,0 мың теңге көлемінде жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалған.  Осы бойынша жасалған тиісті мемлекеттік сараптама қорытындылары облыстық энергетика  және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жолданған. Несиелендіру бойынша «Ислам Даму Банкі» өңірлік өкілдігіне хат жіберілген. Осындай мазмұндас хаттар аудан, облыс басшылығы тарапынан несиелендіруге ықпал жасау үшін еліміздің Су ресурстары комитетіне де жолданған. Мәселе көтеріп, көмектесуді сұраған хаттар Парламент Мәжілісінің депутаттары С. Симонов пен А. Смағұловқа да жіберілген.

Ауыз суға аса зәру болып отырған Нұра ауылдық округіне Нұра, Мамыр, Белшер және Дүкен елді мекендері қарайды. Бұл округ бойынша барлығы 220 отбасында 1370 адам тұрады. Оның ішінде Нұра ауылында 138 отбасында 706 адам, Мамыр ауылында 33 отбасында 207 адам, Белшер ауылында 49 отбасында 273 адам бар. Осы аталған Нұра өңірімен бірге, биылғы жылы Жаныс би, Шеңбертал ауыз су құбыры құрылыстарына да жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 29 314,0 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс жарияланды.

Бүгінгі таңда Нұра өңірінің халқы 90 шақырым жердегі Ырғыздан ауыз суды тасып ішеді. Күніге 10 тонналық автокөлік бір рет қатынап ауыз су жеткізеді. Уақытша да болса ауыз су тапшылығын шешу үшін жақында Ырғыздан ауыз су тасымалдауға екі автокөлік бөлінді.

Нұра өңірінде орталықтандырылған су құбыры құрылысын жүргізуге, мамандардың есебі бойынша, 633 млн. теңге керек. Қаржыландыру мәселесіне байланысты жүргізілген жұмыстарды айттық. Әзірге  ол шешілмеген, мәселе Астананың құзырында.

Біздің білгеніміз,  бұл жолы ауыз су құбырын алыстан тартып әуреленудің қажеті жоқ. Округ аумағынан тұщы су қоры іздестіріліп, зерттеліп, жер асты суы көзінен ұңғылау-қазбалау жұмыстары жүргізілген. Сөйтіп осы аумақтың халқына жететін су көзі табылған.

Бүгінде Нұра өңіріне орнатылмақ су құбырының бар мәселесі қаржыға тіреліп тұр. Ал оның шешілуі Астанаға байланысты.

 

Ырғызда экоблог кірпіштер шығады.

Немесе 100 мың теңге қалай үнемделеді?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Озық технологияның жемісі саналатын мұндай құрылыс материалдарын шығаруға, күні кешеге дейін аудан түгілі, облыс орталығындағы кәсіпкерлер де тәуекел ете бермейтін. Ырғыз селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлмира Абылаева сондай іс бастап, биыл батыл қадамға барып отыр. Ол бұған кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары нәтижесінде жетті. Дәлірек айтсақ, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жобасы аясында экоблог кірпіштерін шығаруға 3 млн. теңге несие алды. Оған өзінің де қаржысын қосып, экоблог кірпішпен қатар, құдықтарға салатын сақиналы дөңгелектер шығаруды да қолға алды.

Біз іссапарда болғанда аудан орталығында ашылып, төрт айдан бері жұмыс жасап жатырған осы өндірістің жұмысымен арнайы барып таныстық. Жеке кәсіпкер Гүлмира Даярлыққызы басқаратын бұл бизнес азғантай уақыттың ішінде аяғына тұрған екен. Құрылғаннан бергі төрт ай аралықта 1500 экоблог кірпіш, 60-қа жуық құдықтарға салынатын сақиналы дөңгелектер шығарып үлгерген.  Өнімнің бағалары да облыс орталығында шығарылатын осы тақылеттес бұйымдардан қымбат емес. Кірпіштің бір шаршы метрі 15 мың теңге, құдыққа тастайтын сақиналы дөңгелектер 12 мың теңге тұрады. Кәсіпорында әзірге 4 адам жұмыс істеп жатыр.

Өндіріс басында біз Асан Самұратпен әңгімелестік. Ол — Ақтөбе ауыл шаруашылығы коледжінің түлегі. Мамандығы — техник-механик. Үш құрбысымен бірге, осы кәсіпті қалалардағы өндіріс орындарынан үйреніп келіп, дөңгелентіп отыр.

— Қоспаға керекті кейбір шикізатты, химикаттарды облыс орталығынан, Ресейден аламыз. Жергілікті жердің құмын, өзге де материалдарын пайдаланамыз. Шығарған өнімдерімізді халық кідіріссіз сатып алып жатыр, — дейді  маман.

 

 

 

 

 

 

 

Бұлай болатыны, ауданға газ құбыры кіргеннен бері тұрғындар арасында құрылыс салушылар, әсіресе, жеке үй тұрғызып, мекенжайын кеңейтушілер көбейген. Ал олар үшін экоблог кірпіштер де, құдықтарға тастайтын сақиналы дөңгелектер де ауадай керек дүниелер. Егер оларды Ақтөбеден тасымалдаса, аса қымбатқа түседі екен. Мәселен, бір көлік кірпіш жеткізу үшін кемі 100 мың теңге төлеуге мәжбүр. Жергілікті жерден алған кірпіш арқылы осынша қаржыны үнемдеп қалады. Көптеген тұрғын үй иелері газбен жылытылатын болғасын, үйлеріне қаладағыдай жуынатын орындар, әжетханалар орнатуға кіріскен. Кәсіпорынның екінші өнімі сақиналы дөңгелектер солардың кәріз суын жинайтын құдықтарына орнату үшін керек екен. Сондықтан бұл бұйымдарға да тұрғындар арасында сұраныс жоғары.

Ауыл кәсіпкеріне өндіріс ашып отырған құрылыс аудандық әкімдіктің қолдауымен тегін берілген.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ақтөбе-Ырғыз-Ақтөбе. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button