Ауыл

Ауыл: шілдедегі шаруалар

ЫРҒЫЗҒА БАРАТЫН ГАЗ НЕГЕ КІДІРІП ТҰР?

 

 

 

 

 

 

 

 

Осыдан бес-алты жыл бұрын шалғайдағы Ырғызға газ барады десе, біреу сеніп, біреу сенбес пе еді.  Ал қазір бұған ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, оның құрылысы еліміздегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағдарламаларға сәйкес, осыдан үш жыл бұрын басталғанын көпшілік жақсы біледі. Сондықтан бұл игілікті істің уақтылы аяқталып, жақсылықтың тезірек жетуіне ең әуелі ырғыздықтардың мүдделі болатыны түсінікті. Ауданда іссапарда болғанымызда, былайғы жұртшылықты осы газдың  қашан іске қосылатыны алаңдататынын аңғардық. «Піскен астың күйігі жаман» дегендей, құрылысы бірыңғайланып қалған газ желісінің бірсыпыра уақыттан бері неге бөгеліп тұрғанын жай халық түгілі, аудандағы мамандардың өздері де біле бермейді. Осы мәселенің төңірегінде Ырғыз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Еркін Жүсіповпен әңгімелескенімізде, маңызды құрылысқа қатысты біраз мағұламат берді. Жалпы ұзындығы 165 шақырым болатын «КС-13 Шетырғыз-Ырғыз» газ құбыры құрылысына 5 594 027, 7 млрд. теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Бас мердігер «Окси Билд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Аудан бойынша «КС-13 Шетырғыз-Ырғыз» газ құбыры жолында орналасқан Ақши, Қалыбай, Құрылыс, Жаныс би, Шеңбертал, Құмтоғай, Қарасай елді мекендеріне газ тарту бойынша да жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.

Ырғыз ауылішілік газ құбырын тарту жұмысының да  аяқтала келгенін аңғару қиын емес. Көшелерге негізгі жер асты газ жүйесі тартылып, үйлер мен нысандарға газ құбыры кіріп тұр. Қайсыбірінің жанына жеткізіліп қойылған. Бұл ауылішілік газ құбырын жүргізуді «СМК Технолог-Инижиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Оның құрылысына 581 млн. теңге бөлінген. Қазір жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын газ жеткізу құбырының құрылысы аяқталған. Жеке үйлерге шығу 720 жерден, мекеме-кәсіпорын ғимараттарына шығу 39 жерден орнатылған. Әлеуметтік нысандарға газ құбырын тарту үшін бүгінгі күні 13 нысанға жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Жеке үйлерге газ құбырын тарту үшін 201 жеке тұлғалардан өтініштер қабылданып, жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылы аудан орталығындағы үйлердің 30 пайызы көгілдір отынға қосылады деп күтілуде.

Әрине, үйлерге газ құбырының қосылуы тұрғындардың өтініш-тілегіне, жағдайына байланысты үздік-создық жүре беретін жұмыс. Бір сөзбен айтқанда, қашықтан тартылатын газ құбыры, оның ауыл ішіне кіруі толық аяқталды  деуге болады. Алайда бұл жұмыстар аяқтала келгенмен, құбыр арқылы газдың өзі жетпей тұр. Сондықтан мамандар алдағы уақытта газ жеткізу жұмысы аяқталады дегенмен, оның дәл қашан болатынын айта алмайды. Ауданның мамандары газдың бұлай кідіру себебін Шетырғыздағы газ айдайтын қондырғының әлде бір маңызды тетігінің жетіспеушілігімен, жоғалуымен байланыстырады. Қазір сол тетік іздестіріліп жатқанға ұқсайды. Алайда ол қашан табылады? Тұрғындардың бірсыпырасы болса, жылдағы үй жылытатын пештерін бұзып, отын-суын қамдамай, газ келеді деп күтіп отыр. Жоғарыдағы біз әңгімелескен бөлімнің басшысы Еркін Жүсіпов, бас маманы Айдос Дербісов осы жылдың қыркүйегіне дейін жетіп қалар деп сендіреді. Тұрғындар да сондай үмітте.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Ырғыз ауданы.

       

 

ОЙЫЛДЫҢ ОМАРТАСЫ

талайды тамсандырып отыр

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Еліміз еңсесін тіктегелі ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударып келеді. Оның ішінде, әрине, мал шаруашылығы алдыңғы қатарда тұратыны белгілі. Құс, ешкі, қоян шаруашылығын айтпағанда біздің ауданда Ғалимарданбек Есенаманов алғаш болып ара асырап, бал өндіру жұмысын бастады.

Ғалимарданбек омарта шаруашылығын оңды-солды оқып-тоқымағанымен, алдына үлкен мақсат қойып, бар ынтасын бал өндіруге арнады. Бал өндірудің барлық жолдарын интернет желісі арқылы қарап, ара асыраудың оңай еместігін әуел бастан-ақ түсінді. Алғашында бұл кәсіпті бастауға жүрексінген ол жиған-терген тәжірибесін нақты жүзеге асыруға бел буды. Өмірінің он сегіз жылын газ тасымалдау қызметіне арнаған оның омарташылықпен айналысуына көп жылдардан бері адам денсаулығын арамен емдеп жүрген жездесі Мәжит Оспанов ықпал етті.

Алғашқы кәсібін ашуға ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 4,5 млн. теңге несие алған Ғ.Есенаманов көршілес жатқан Қостанай облысынан 50 ұя ара сатып алған. Араларына қолайлы жер іздеген ол ат басын ауылға, яғни туған жеріне бұрған. Қазіргі таңда Екпетал елді мекенінің іргесіндегі ескі алма бақ орнында кәсібін жандандыруда. Бал өңдеу технологиялары да осында орналасқан. Әр он күн сайын 300 килограмм бал өндіретінін омарташы таза табиғи өнімді аудандық, облыстық жәрмеңкелерге шығарып, еңбегінің жемісін көріп жүр.

Бізбен ашық әңгіме құрған омарташы өнімдерін өткізуге көмек беріп, қолдау көрсетіп жатқан аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ақмарал Есбатыроваға шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ Ғалимарданбек бал өндіру кәсібін алдағы уақытта дамытып, ұлғайтуды жоспарлап отыр.  «Ара ұстауға аса көп шығын да кетпейді. Экология үшін пайдасынан басқа зияны жоқ. Арнайы жер алуды да талап етпейді. Ең бастысы, жалқау болмасаңыз болғаны», — дейді омарташы Ғалимарданбек.

Расында да ара асырау өте нәзік сала болғандықтан тиянақтылықты, байқампаздықты қажет етеді. Өйткені, әр ұяны бір аналық ара басқарады. Жұмысшы аралардың адал қызметін анықтайтын кезекші аралар да таза еңбекті талап етеді. Сол секілді омарташы да тынымсыз еңбекпен қызу қозғалыста үздіксіз тер төгуі қажет.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

 

 

ТҮЙЕ ҚАЙТСЕ КӨБЕЙЕДІ?..

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласындағы оң өзгерістер жиі көрініс табуда. Оның дәлелі — жаз айларында ауданымыздың қай ауылына барсаңыз да қызу еңбектің үстінен түсесіз. Егінші егіннің, малшы малының, бағбаншы бағының жайын жасап шапқылауда. Дала дүбірінің, шаруа қожалықтарының тоқтамайтын толассыз тіршілігіне көз жеткізесіз. Солардың қатарында кәсібінен нәсібін тауып, игілікті тіршілігімен шаруасын дөңгелетіп отырған Сарыжар ауылдық округіндегі «Ойсылқара» шаруа қожалығы да еңбектенуде. Қожалықтың иесі Балқадиша Аликенова 90-шы жылдары Байғанин ауданынан 30-ға тарта түйемен көшіп келген.  2004 жылы қожалықтың іргетасы қаланып, жылдар бойы адам ағзасына пайдасы зор шұбатпен аудан, қала тұрғындарын қамтамасыз етіп келеді. Дегенмен, шаруасын дөңгелетіп отырған отбасы әлі түйе басы артпағанын айтып отыр.

— Түйе малын ұстау өте қиын және оның басын өсіру оңай шаруа емес. Біріншіден, екі жылда бір төлдейтін болса, ал биыл туған бота бес жылдан соң ғана төлдейді. Біз отбасымызбен осы түйенің сүтіне үйреніп кеттік, шұбатын ішеміз, шайға да құямыз, сүті шайды жақсы үйіреді. Қазіргі таңда 15-ін сауамын, келер жылы тағы 15-ін сауамын. Бір қиыны, біздің жайылым жеріміз жоқ, сондықтан да, малға жем-шөпті қыруар ақшаға сатып алуға тура келеді. Бір тәуірі, түйе екі жыл бойы сауылады. Мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, шаруашылықты кеңейтпекпін. Аудан әкімдігі жер беруге уәде етіп отыр. Бұйырса, трактор алып, түйе басын өсіру жоспарда бар. Өйткені, бізге несие алу тиімсіз. Оны төлеу үшін малды сатуға мәжбүр боламыз. Сол себепті түйе басына субсидия берілсе, шаруа шалқып өсер еді, — дейді қожалық иесі. 

Еңбекпен ырзығын тауып отырған қожалықтың тындырымды тірлігі — қуаты мен дарулық қасиеті мол шұбатты көптеп өндіруі. Балқадиша апамыздың айтуынша, күніге 150 литрге дейін сауады. Бұл сусынға Ақтөбе қаласы шетіндегі онкологиялық дерттерді емдейтін аурухана қысы-жазы тапсырыс беретін көрінеді.

«Шұбат — оба, өкпе ауруларына таптырмас шипа көзі. Ауруға шалдыққан жандарға сол дертпен күресуге көмегі зор. Адам баласының иммунитетін көтеріп нығайтады. Көбіне қалалықтар тапсырыспен кезекке тұрады. Қолымдағы екі ұлым үйлеріне тегін жеткізумен айналысады», — дейді мал иесі.

Осылайша, түйе басын көбейту кәсібін дамытуға ұмтылған апамыз өзінің ерік-жігерімен қандай жағдай болмасын кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар.

Айта кетер болсақ, шұбаттың құрамында май, әр түрлі витаминдер мен тұздар көп болады екен. Зертханалық сараптама арқылы ғалымдар шұбаттың құрамында сиыр сүтіне қарағанда D дәрумені 15 есе көп екенін анықтаған көрінеді. Ол биологиялық құрамы бойынша тек қана нәрлi және дәмдi азық қана емес, сондай-ақ А, В1, В2, С дәрумендерiнiң бұлағы болып табылады. Шұбаттың бiр литрi адам ағзасының С дәруменiне тәулiктiк қажеттiлiгiн қанағаттандыра алады. Шұбат айранға қарағанда май, ақуыз, кейбiр минералды заттарға, дәрумендерге ерекше бай.

Аманат ҚАЛПИЕВА,

Мәртөк ауданы.

 

 

ӘДІЛХАННЫҢ КІРПІШТЕРІНЕ ОРЫНБОРЛЫҚТАР ТАПСЫРЫС БЕРІП ЖАТЫР

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мәртөк ауданында жеке кәсіпкер Әділхан Бекбасаров құрылысқа таптырмайтын заманауи үлгідегі шлакты блок кірпіштерін өндіруге кірісті. Алғашқы өнімдерін сатылымға шығарып та үлгерді.

Еліміздегі  құрылыстың қарқын алуы құрылыс өнімдерін шығаратын кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде. Осындай мақсатта үш жыл бұрын Қобда ауданында кәсібін бастаған Әділхан Бекбасаровтың әрі қарай кеңейтуге мүмкіндігі болмағандықтан осында ашуды жөн көрген.

Екі ай бұрын Мәртөкке келіп, шаруамды айтып әкімдікке кіріп едім, аудан әкімі қолдай кетті. Рахмет, ауыл мектептеріндегі қыстан шыққан күлдерін алуға ықпал етті, техника жағынан да жәрдем берді. Әзірге күніне 500 данасын шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 1000-1500ге жетеді деген үміттеміз. Алғашқы тапсырыстар түсіп,  120 теңгеден 5 мыңдайын саттық. Аудан бойынша жеткізу тегін. Қазірдің өзінде елді мекендерден, көршілес  Орынбор облысының аудандарынан тапсырыс алып жатырмыз. Әрине, жергілікті халық мұндай құрылыс материалына үйрене қойған жоқ, дегенмен айта кету керек, оның артықшылығы мол. Қыста үй ішіндегі жылуды, жазғы аптапта салқын ауаны сақтап тұрады. Себебі құрамында ешқандай қоспа жоқ, бәрі табиғи. Ал арнайы жабдықты мен осыдан 10 жыл бұрын құрылыста еңбек етіп жүргенде сатып алған едім, —  дейді кәсіп иесі.

Сонымен қатар, кәсіпкер келесі аптадан бастап керамзитті блок кірпіштерін өндіріске шығаратынын айтты. Биыл 20 мың кірпіш өндіруді жоспарлап қойыпты, әрі ол шамамен он адамды жұмыспен қамтымақ.

Аманат ҚАЛПИЕВА.

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button