Білім

Несие және студент

Жыл басында Елбасымыз жастардың сапалы білім алуы үшін Үкіметке бірқатар маңызды мәселелерді жүктегені белгілі. Оның ішінде студенттерге оқу ақысын төлеуге жеңілдетілген несие беруді  тапсырды. Яғни қосымша білім беру гранттары тағайындалып, ұзақ мерзімге несие беру жұмысы жолға қойылды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «Альянс банкке» 15 миллиард теңгені аударып, банк арқылы жеңілдетілген несие беру туралы келісім жасалды. Алайда жеңілдетілген несие өз жемісін берген жоқ. Алғашқыда 40 мың студент несиеге мұқтаж делінгенмен, соңғы дерек бойынша несие алғандардың саны 600-ден әрең асып жығылған. Демек, студенттер несиеге қол жеткізе алмай келеді. Жуырда осы мәселеге тоқталған Үкімет басшысы несие талаптарына өзгерістер енгізді.

Шартқа өзгеріс енгізілді

Аталған несие  алғашқы кезде сұранысқа ие жаратылыстану, медицина және техникалық мамандықтар бойынша  ақылы негізде оқып жатқан әлеуметтік жағдайы нашар  студенттерге берілуі тиіс болды. Несиенің қайтарым мерзімі 15 жыл, және жылдық үстемесі — 9 пайыз.

Алғашқыда Үкімет бөлген 15 миллиард теңге  40 мың студентке жететіні де жақсы жарнамаланды. Әуелгі  қарқынмен республика бойынша 1530 студент  несие алуға ниет білдірді. Бірақ соңғы жеті айда 619 студент қана жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті.  Демек, банк қояр талаптың қатаңдығына байланысты көп студент несиеден шет қалды. Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бөлген қаржының тек 5 пайызы ғана игерілген. Несие алу шартының қатаңдығы да бағдарламаның толықтай жүзеге асуына кедергі келтірді. Біріншіден, несие беру тәртібі студенттер үшін тиімсіз, яғни несие қайтарымы үшін жоғары пайыз белгіленсе, екіншіден, кепілге мүлік қою және  көптеген құжаттардың талап етілуі секілді т.б. жағдайлар өз әсерін тигізді. Сондай-ақ студенттердің басым бөлігі  15 жыл бойы банкке қарыз болудан қашып, несиеден бас тартқан.

Жалпы, жеңілдетілген несие жүйесі сөз болғаннан-ақ оның жүзеге асуына күмәнданғандардың қатары аз болмады. Әсіресе, депутаттар тарапынан қатаң  сынға ұшырап, көпшілігі аталған несиенің кәсіпкерлерге берілетін несие секілді талаптарының қатаңдығына наразылық танытты.

Жуырда Үкімет басшысы осы мәселеге тоқталды. Жобаның дұрыс жүргізілмеу себептері айтылды. Сөйтіп бағдарлама толықтай жүзеге аспағандықтан несие алудың шарттарына өзгерістер енгізілді. Мәселен, бұрын несиеге техника мен медицина саласының студенттері ғана қол жеткізе алса, енді барлық мамандықтар бойынша оқу үлгерімі жақсы  студенттер ие бола алады. Яғни жеңілдетілген несиені ҰБТ мен кешенді тестілеу нәтижесінде кемінде 65 балл жинаған бірінші курс студенттері және оқудың барлық кезеңінде үлгерімі «жақсы», «өте жақсы» баламасына сәйкес болған жоғары курс студенттері мен магистранттар да ала алады. Және қарызды қайтару уақыты 15 жылдан 17 жылға көбейтілді. Бұрын студент оқуын аяқтағаннан кейін 6 айдан соң қайтару көзделсе, енді бұл бір жылға дейін ұзартылды. Сондай-ақ  студенттің мүліктік кепілдемесі жоқ болған жағдайда Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы кепілдік береді.

Жалпы, биыл елімізде 20 мыңға жуық студент білім грантына қол жеткізсе, облыс әкімдері мен демеушілер және университет ректорлары тарапынан да қосымша гранттар тағайындалып, студенттердің білім алуына бар жағдай жасалды.

Қарыз. Кепілдік. Құлшыныс

Жоба жүзеге аса бастаған  уақытта облыстағы бес жоғары оқу орнының, яғни М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен «Дүние» университетінің және Қазақ-Орыс халықаралық университетінің  техника және медицина мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттері несиеге қол жеткізе алды. Мәселен, қазіргі таңда М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 40 студенті несие арқылы оқу ақысын төлеуде. Яғни 40 студент 5 миллион 61 мың  теңге көлемінде қарыз алса, жиырма студент қазіргі күні  несие алуға ниет танытып отыр. Осы оқу орнының жалпы медицина және емдеу факультеті деканының орынбасары Талғар Әбілов:

Наурыз айында «Альянс банк» акционерлік қоғамының  өкілдері университетте түсіндіру жұмысын жүргізіп, студенттердің өтініштерін қабылдаған болатын. Ал қазір студенттер алғашқы кездегідей емес, несие рәсімдеуді үйренді. Өз беттерімен банк арқылы келісім жасауда. Несие алған жастар қарызды  тоғыз пайыздық үстемемен қайтарады. Сондай-ақ қазір банктің талабы өзгеріп, студенттер үшін үлкен жеңілдік жасалды.  Сонымен бірге егер несие алушы студенттің сабақ үлгерімі «өте жақсы» деген бағада болса, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы 95 пайыз, оқу орны 5 пайыз кепілдік береді. Ал аталған бағадан төмен болса, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы 80 пайыз, оқу орны 20 пайыз кепілдік береді.

Сондай-ақ несие алуға ниет білдіргендердің сабақ үлгерімі қатаң қадағаланады. Яғни  несие алу үшін студенттің «қанағаттанарлық» бағасы біреуден аспауы тиіс. Қарыз алғаннан кейін де студенттің сабақ үлгерімі туралы банкке арнайы ақпарат тапсырып отырамыз. Егер оқу үлгерімі нашарлап кетсе, несие беру тоқтатылады. Өйткені банк несиені әр семестрге бөліп береді.

Жалпы, жастардың несие алуға деген құлшынысы мықты болғанмен, банктің талаптары күрделі. Алайда студенттің оқу ақысын төлей алмай, оқудан шығып қалғанынан, қарыз алып, оқуын жалғастырған әлдеқайда тиімді. Сондықтан қиын кезеңде Елбасымыздың қолға алған бастамасы жастар үшін пайдалы екені анық. Қаржыдан қысылған студент сабақ үлгерімін жақсартып, несие алуға тырысады. Ал біздің универитеттің бір жылдық оқу ақысы 355 мың теңге, — деді.

Ал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 9 студенті 508 мың теңге көлемінде несие алып отыр. Оқу орнының есепшісі  Мереке Шаукейова:

Студенттердің несие  алуға деген ынтасы  зор. Тіпті, алғашқы кезде көпшілігі түсінбей, несиені қалай алуға болатынын сұрап келетін.   Алайда алғашқы талап бойынша техника және медицина мамандықтары болғандықтан, барлығы бірдей несиеге қол жеткізе алған жоқ. Ал жаңа ереже жүзеге асқаннан кейін олардың қатары көбейетіні анық. Университеттегі студенттердің орташа оқу ақысы — 190 мың теңге. Ал қазіргі қаржылық дағдарыс кезінде кейбір отбасы қиыншылықтарға кезігуде. Сондықтан бұл тұрғыда жеңілдетілген несиенің жастар үшін берер көмегі айтарлықтай,— деді.

Ал қазір өзге оқу орындарына министрлік тарапынан жаңа талап бойынша негізгі ақпарат енді келуде.

Студенттер не дейді?

Ақтоты АБДУЛЛАЕВА, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты тарих факультетінің 3-курс студенті:

—Алғаш жеңілдетілген несие туралы естігенде алғым келген. Алайда мамандығым сәйкес келмегендіктен несие  алу мүмкін болмады. Ал қазір барлық мамандықтарға  берілетінін естіп қуанып жүрмін. Өйткені менен кейінгі інім Ақтау қаласындағы политехникалық колледжде білім алады. Оның бір жылдық оқу ақысы 90 мың теңге болса, менің оқу ақым  130 мың теңге. Оның үстіне анам жұмыс істемейді. Сондықтан әкемнің бір өзіне біздің оқу ақымызды төлеу қиындық келтіріп отыр. Егер қарыз алсам, үлкен жеңілдік болар еді. Қазір несие туралы сұрастырудамын. Өйткені  аталған жаңалық жақында жария болғандықтан, бұл туралы білетінім аз. Сондықтан бірінші кезекте оқу орнымдағы ұстаздарыммен кеңесемін. Жалпы, несие алу үшін банктің студенттің  сабақ үлгеріміне қарайтынын  естігенмін. Бұл тұрғыда мен ешқандай қиындықсыз өтемін.

Сондықтан Елбасымыздың бұндай бастамасына өте ризамын. Өйткені оқу ақысын төлей алмай жүрген студенттер үшін үлкен көмек.

Әсем САРИНА, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты педагогика және психология факультетінің 3-курс студенті:

—Жеңілдетілген несие бір жағынан оқу ақысын төлей алмай жүрген студенттерге үлкен көмек болуы мүмкін. Ал екіншіден, несиенің шарттары студенттер үшін өте күрделі. Мәселен, студент несие алғаннан кейін оны  тоғыз пайызбен қайтарады. Бұл жұмысты енді бастаған жас маман үшін ауыр тиетіні анық. Бұл кезде кейбір студенттердің отбасы болуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, пайыздық мөлшерді азайту керек секілді. Мәселен, мен жылына оқу ақыма 130 мың теңге төлеймін. Мұндай қаржы төлеу ата-анама оңай емесі анық. Бірақ мен үстеме пайызы жоғары несие алып, банкке қарыз болғым келмейді. Сондықтан мен несие алмай-ақ жақсы оқып, ақысыз, яғни грант негізінде білім алуға тырысып жүрмін. Қазір осы мақсатта конкурсқа қатысып жатырмын. Жалпы, оқу орны тарапынан білімге ұмтылған студентке қолдау мықты. Менің көптеген қатарластарым үздік оқығаны үшін түрлі бағыттағы грант негізінде білім алуда. Сондықтан студент, біріншіден, несиеге емес, білімге баса назар аударуы керек. Ал несие алу үшін де бірінші кезекте білімің сарапқа салынатыны тағы бар.

P.S. Қаржылық қиын кезеңде Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жеңілдетілген несие жобасы көптеген студенттердің  сапалы білім алуына жол ашпақ. Өйткені аталған жеңілдік білімі төмен студентке бұйырмасы анық. Сондықтан несие студенттің білімге деген ынтасын арттыра түседі. Демек, жастар  кез келген жетістіктің  тек білім-ғылыммен келетінін ескеруі керек-ақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button