Білім

Талапкер, қайда барасың?

Облыстағы 422 мектептен биыл 6510 түлек ұшты. Оның 4598-і бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысты. Ал 9-сыныпты облыс бойынша 10591 оқушы бітірді. Жас түлектің бар ойы — қалай да бір мамандықты таңдап, оқу орнына түсу. Осы еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныс бар? Талапкерлер таңдауы қандай? Осындай сұрақтар төңірегінде ізденген едік.

Қазір талапкерлердің науқаны қызу жүріп жатыр. Әуелгі топ ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Ұстаздық жолды таңдағандар биыл қосымша педагогикалық ситуациялық сұрақтар мен психологиялық тест бойынша емтихан тапсырды.

Талапкерлердің тағы бір тобы соңғы күндері Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында кешенді тестілеуден өтіп жатыр. Бәрінің де мақсаты — оқу орнына түсу.

 

Дәрігерлерге сұраныс жоғары

Әуелі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіндегі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Жансұлу Нұрғалиеваға хабарластық.

— Биыл республика бойынша медицинаға үш мың грант бөлініпті. Негізі біздің оқу орнында 6 мамандық бар: жалпы медицина, стоматология, медициналық-профилактикалық іс, қоғамдық денсаулық сақтау, фармация, медбике ісі. Оқу ақысы былтыр барлық мамандыққа бірдей 609 мың теңге болды. Биыл оқу ақысының өзгеретіні, өзгермейтіні әзірге белгісіз. Айталық, біздің оқу орнында алты жыл оқып, биыл бітірген тіс дәрігерлерінің бірі қалмай, жұмыстарына кірісіп кетті. Ал жалпы медицина мамандығында 7 жыл оқып бітірген түлектердің 94 пайызы жұмысқа орналасты. Осыған қарап, еңбек нарығында дәрігерлерге сұраныс жоғары екенін аңғаруға болады, — дейді Жансұлу Нұрғалиева.

Қарап отырсақ, қазір тек қана бұл екі мамандық емес, осы оқу орнындағы басқа да мамандықтар сұранысқа ие. Қазір тұрғындар наннан кейін дәрі-дәрмек сатып алады. Ендеше, фармация мамандығын бітірген мамандар қажет-ақ. Сосын қоғамдық денсаулық сақтау мамандығын бітірсеңіз, статист болып жұмыс істейсіз. Ол да қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне бірден бір қажет мамандық болып тұр. Сондай-ақ, қазір ауырмайтын адам жоқ. Оның ішінде көп ауру инфекциядан болып жатады емес пе?!  Ал егер жас түлек медициналық-профилактикалық іс мамандығын таңдаса, инфекционист, эпидемиолог болып шыға алады. Айтпақшы, жоғары білімді медбике болғыңыз келсе, медбике ісі мамандығын таңдауыңызға болады. Кейін осы мамандықтың магистрі болып шықсаңыз, медколледжде оқытушы бола аласыз.

 

Облыс мектептеріне 328 маман керек

Облыста мұғалімдерге де сұраныс жоғары. Бұл туралы жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған жиында облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбай мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, қазір облыс мектептеріне 328 маман, оның ішінде 252-сі ауыл мектептеріне керек. Әсіресе, Қарғалы мен Хромтау, Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз аудандары жас мамандарға сұраныс білдіріп отыр.

Айтпақшы, сұранысқа ие мамандардың ішінде математика пәнінің мұғалімі көш бастап тұр. Облыс бойынша 74 математика пәнінің мұғалімі керек екен. Одан кейін тізімді орыс тілі мен әдебиеті (53), физика (26) пәндерінің мамандары мен бастауыш сынып мұғалімдері (31) жалғастырып тұр.

Шамшат Жұбайдың айтуынша, сұраныстың 60 пайызын (197 түлек) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлектері өтеп отыр. Биыл университетті 22 педагогикалық мамандық бойынша 633 түлек бітірді. Олардың 281-і — мемлекеттік білім грантының иегерлері.

Жыл сайын педагогикалық мамандықтар бойынша қаншама түлек ұшып шығады. Олар қай жерлерде жүр сонда? Осыдан еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың балансы сақталмай тұрғандығы көрініп қалады…

 

Еңбек нарығы не дейді?

Биыл жұмыспен қамту органдарында 95 жұмыс беруші 325 бос жұмыс орындарына сұраныс білдіріпті. Жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес, дәрігерлер, инженерлер, көлік жүргізушілер, қызмет көрсету саласында — тәжірибелі шаштараз, аспазшылар және құрылыс саласындағы жұмысшы мамандары (электрик, тас қалаушы, бетоншы, арматуршы және т.б.) сұранысқа ие. Бұл туралы бізге Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Жалғасбай айтып берді.

Биыл жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 749 адам жұмысқа орналастырылса, соның 50 пайызы — жастар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша түлектердің алған мамандығы негізінде бастапқы еңбек өтілін жинақтау үшін жастар тәжірибесі қарастырылған. Биылғы жылы жастар тәжірибесіне 515 түлекті бағыттау жоспарланып, қазіргі күнге дейін 380 түлек  бағытталды. Бағдарламаны аяқтаған 326 адамның 185-і (немесе 57%-ы) тұрақты жұмысқа орналастырылды, — дейді Айнұр Жалғасбай.

Жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасқанның бірі — Ақтөбе медициналық колледжінің былтырғы түлегі Қанымгүл Орынбасарова.

— Мені қалалық жұмыспен қамту орталығы жастар тәжірибесі арқылы «Шипагер» орталығына жолдады. Сол жерде алты ай бойы зертханашы болып еңбек етіп, еңбек биржасы арқылы 30 мың теңге жалақы алып жүрдім. Еңбек шартының мерзімі аяқталған соң, осы жерге тұрақты жұмысқа орналастым. Жастар тәжірибесі жұмысқа орналасуыма ықпал етті, — дейді Қанымгүл.

Жастар бағдарламаға қатысу үшін ағайынды Жұбановтар көшесі, 289 «а» мекен-жайында орналасқан «Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту орталығы» ММ-не жолығып толық ақпарат алуға болады.

Елімізде соңғы жылдары индустрияландыру бағытына сәйкес, кәсіптік техникалық мамандарды көптеп даярлауға басымдық беріліп келе жатқаны белгілі. Елбасы өз Жолдауында жұмысшы кадрлар даярлау ісіне ерекше көңіл бөліп, 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандықтар тегін оқытылатын мәлімдеді. «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы жүзеге асатын айтты. Яғни болашақта техникалық мамандықтарға бөлінетін оқу гранттары көбейеді. Осы ретте Мемлекет басшысы жариялаған тың бастама талай жастың үмітін оятқаны анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Сауалнама

Алихан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі:

— Бірнеше жыл бойғы дайындығымның нәтежиесінде ҰБТ-дан 104 балл алдым. Мамандық таңдау қиын екен. Ақтөбедегі оқу орындардың бірінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні мұғалімі мамандығында оқығым келеді. Жұмыс таппай қаламын деп алаңдамаймын. Өйткені қазір ауылдық жерлерде жас мамандарға сұраныс жоғары. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, ата-анам қолдап отыр. Бұйыртса, үміттері мен сенімдерін ақтаймын. Республикалық жастар айтысында, облыстық ақындар айтысында бірнеше рет топ жарып, жетістіктерге жеттім. Алдыма қойған мақсаттарым көп. Соның бірі — Жүрсін Ерманның айтысында өнер көрсетіп, «Алтын домбыраны» алу.

Ауыл баласы болғандықтан ба, ауыл шаруашылығына бүйрегім бұрып тұрады. Кейін агрономдық білім алу да ойымда бар.

 

Мерей ЖЕКСЕНОВ,

Ойыл ауданы, Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің түлегі:

— Биыл ҰБТ-дан 108 балл жинадым. Биология пәнін таңдадым. Ендігі жоспарым — жоғары оқу орындарының біріне түсу. Бұйырса, енді Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы медициналық университетке құжат тапсырамын. Егер университетке түспей қалсам, медициналық колледжге тапсыра саламын. Адам жанына араша болатын ақ халатты дәрігер атанып, тұрғындардың батасын алғанға не жетсін?! Негізі мен қаладағы емханалардың бірінде жұмыс жасауды армандаймын. Ең бастысы — халқымыздың амандығы. Дені сау адам кез келген іске жарамды. Біз елімізге мәңгі қызмет жасауға міндеттіміз. Болашақ — жастардың қолында!

Сауалнаманы жүргізген Қуат ӘБІЛҚАЙЫР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button