Ауыл

Қарғалы: бүгінгі шаруалар

Аудан

Бүгінгі күні Қарғалы ауданында агроөнеркәсіптің дамуына барлық жағдай жасалған. Биылғы жылы ауылшаруашылық саласы бойынша аудан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ ауданда туризм саласының дамуына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Ең бастысы, ауданда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының еңбекке деген құлшынысы жоғары.

 

«Ақтөбе — Петропавловка»: билет құны — 200 теңге

 DSCN2312Бұрын Желтау селолық округіне қарасты Петропавловка елді мекенінің тұрғындары облыс орталығына келу үшін көлік іздеп, әбігерге түсетін. Қазір ауылдан қалаға күніне үш рет «Петропавловка-Ақтөбе-Петропавловка» бағытындағы жолаушылар тасымалдайтын автобус жүреді. Қоғамдық көлік қызметін ұйымдастырған жеке кәсіпкер Гүлнара Молдабековаға жерлестері дән риза.

Кәсіпкер Гүлнара Молдабекова осыдан екі жыл бұрын «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашу үшін 1,7 миллион теңге несие алған. Ақтөбе қаласына келіп, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған курстан да өтіпті. Ауыл мен қала арасындағы жол қатынасының қиындығын көрген жас кәсіпкер жұбайы Игілман екеуі  жолаушылар таситын көлік сатып алады.

— Біз ауылға қаладан көшіп келгенбіз. Ол жақта жол қатынасы бойынша ешқандай қиындық жоқ. Мұндағы қалаға қатынайтын көліктің аздығы, тұрақты автобустың жоқтығы бізге қиындық әкелді. Сондай-ақ қалаға баратын зейнеткерлер мен студенттердің жағдайын ойлап, осы мәселені шешуді қолға алдық. Бағдарлама арқылы несие алып, «Газель» сатып алдық, — дейді ол.

Бұған дейін ауыл тұрғындарын «Газель» арқылы қала мен ауыл арасына тасып, қызмет еткен кәсіпкер биыл қыста Ресейден «ПАЗ» автобусын сатып әкеліпті. Қазір Ақтөбе мен Петропавловка арасында үлкен автобус күніне үш мезгіл жүреді. Билет құны — 200 теңге.

Қаладан ауылға келетін жолаушылардың саны көп. Әсіресе жұмыстан кейін жолаушылар «Газельге» сыймай, таксимен қайтады. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін биыл Ресейден автобус әкелдік. Қазір адам көп болса автобуспен, аз болса «газельмен» тасимыз. Жүргізушілеріміз бар. Көліктердің ақауын да өздері жөндейді. Қалаға күніне үш мезгіл жүреді. Ауылда белгіленген аялдамалардан жолаушыларды отырғызып, Ақтөбе қаласындағы Орталық базарға апарады. Ауылға келетін адамдарды да сол жердегі аялдамадан отырғызады. Билет құны қолжетімді. Тұрғындар қызметімізге риза. Қарт адамдарға көмек көрсетіп, ауыр жүктері болса, үйіне дейін жеткіземіз. Ондайда үлкендер алғыстарын білдіріп жатады, — дейді Гүлнара.

Сөз арасында ол кейде өз бетімен такси қызметін ұсынатындар кәсіпкердің жұмыс істеуіне кедергі келтіретін айтып қалды.

— Тіркелмеген таксистер қазір біздің жұмысымызға кедергі келтіріп отыр. Жеке такси жүргізушілері аялдама тұрған біздің адамдарымызды алып кетеді. Соның салдарынан кейде шығынымызды өтей алмай жатамыз. Сондықтан ауылдық округ басшылығы осы мәселені қолға алса дейміз, — дейді жеке кәсіпкер.
Бүгінгі күні кәсіпкердің шаруасы бірқалыпты. Табатын табысы да жақсы, халық та риза. Екі бала тәрбиелеп отырған Гүлнараның алдағы уақытта жүзеге асыратын жоспарлары көп.

 

Демалуға келгендер шашады, «Жасыл ел» жасағы жинайды

Қарғалы су қоймасы — аудан аумағында орналасқан облыстағы табиғаты әсем, ең көрікті жерлердің бірі. Су қоймасының айналасы жасыл желек, арғы жағы тау, одан әрі қарай орман, орманның іші тұнған жеміс. Жазда су қоймасының жағасына келіп, тынығатындар көп. Олардың ішінде қала тұрғындары мен көрші Ресейден де келушілер бар.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ізтілеудің айтуынша, биылғы жылы қардың көп түсуіне байланысты су қоймасына су көп жиналған. Қазіргі кезде мұнда 282 миллион текше метр су бар.

  • Су қоймасы бұған дейін 10 жылға жалға берілген. Биыл оның уақыты бітіп, конкурс жарияланған болатын. Бүгінгі күні оған жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мақсат — су қоймасын дұрыс пайдалану, туризмді, балық шаруашылығын дамыту. Сондай-ақ шағын балық өндіретін цех ашу. Бұған дейін су қоймасын жалға алған серіктестіктер бұл жердің тек балығын ғана пайдаланып келді. Бұл су қоймасының жан-жағы жасыл желек, табиғаты ерекше. Сондықтан бұл жер —  келіп демалушылар үшін таптырмайтын тынығу орны. Бұл жерде туризмді, қысқы спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар, — дейді Қ.Ізтілеу.

Оның айтуынша, жазда су қоймасының жағасына келіп демалушылар көп. Олар таза ауада тынығып, суға түсіп, күнге күйеді. Алайда су қоймаға келушілердің көбі орындарын жинамайды. Күл-қоқыстарын сол күйі тастап кетеді.

  • Қарғалы су қоймасы келушілерге қолайлы, демалушыларға ыңғайлы жер. Өкініштісі, мұнда келушілер тамақтың қалдықтары мен қоқыстарын қалдырып кетеді. Әрбір адам өз орнын жинап кетсе, дұрыс болар еді. Алайда бүгінгі күні су қойманың маңайының бәрі күл-қоқыстан көрінбейді. Сол үшін биылғы жылы ауданның 5 селолық округі акция ұйымдастырып, қойманың жан-жағын күл-қоқыстан тазартып жатырмыз, — дейді Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова.

Биыл су қоймасының тазалығына аудандағы «Жасыл ел» жасағы жұмылдырылыпты. Бес топқа бөлінген отрядта қазір 70-тен астам адам жұмыс жасап жатыр. Олардың қатарында студенттер, ауыл жастары және жоғары сынып оқушылары бар.

Ауылдық округ әкімдерінің бастамасымен биыл екінші рет тазалық акциясын ұйымдастырып отырмыз. «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен аудандағы жастарды жұмылдырып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Облыс тұрғындары мен су қоймасына келушілерден сұрайтынымыз қоқыстарын жинап кетсе дейміз, — дейді Г. Досмағамбетова.

«Жасыл ел» жасағында жұмыс істеп жүрген жастардың бірі — Қосестек орта мектебінің биылғы түлегі Сұлушаш Дәкешова. Ол биыл «Жасыл ел» қатарына бірінші рет қабылданған. Туған жерінің көркейіп, гүлденуіне өз үлесін қосуды мақсат еткен Сұлушаш еңбек отрядында жыл сайын жұмыс жасауға дайын екенін айтады.

—  Бір отрядта 12 адам бар. Осымен екінші ай жұмыс жасап жатырмыз. Жағалаудағы күл-қоқыстарды тазартып, шөптерді жұламыз. Күн ыстық болғанмен, бұл жердің ауасы ерекше. Үйден суымыз бен тамағымызды ала келеміз. Түскі үзіліс кезінде демалып, қайтадан жұмысымызды жалғастырамыз. Ауданның тазалығына өз үлесімді қоссам деймін, — дейді Сұлушаш.

 

3 млн теңге несиенің өнімі

Аманжол Суюнов осыдан екі жыл бұрын Ащылысай ауылына Ақтөбе қаласынан көшіп келген. Мал шаруашылығымен айналысуды мақсат еткен шаруа қазір ірі қара өсіріп, бау-бақша егіп отыр.

Аманжол бұрын зайыбы Гүлгүл екеуі Ақтөбе қаласында сауда-саттықпен айналысыпты. Алайда ауылда тұруды аңсаған ол Ащылысай ауылына көшіп келіп, ауылдық округ әкімдігінің қолдауымен үй сатып алған.

  • Алғашында мұнда келген соң көп қиындық көрдік. Үйді жөндеп, су кіргіздік. Мал санын көбейту үшін «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы 4 жылға 6 пайызбен 3 миллион теңге несие алып, 5 сиыр және 12 баспақ сатып алдық. Жем-шөп дайындап, үй жанынан сиыр қора салдық, — дейді шаруа.

Қазір Аманжол  ірі қара санын көбейтіп, оның өнімінен табыс тауып отыр. Бүгінде оның қорасында 8 сауын сиыр, 10 шақты баспақ пен бұзау бар.

Өткен жылы да, биыл да бұқа сатып, біраз пайда таптым. Несиемді төлеп, шаруашылыққа қажетті құрал-жабдық алдым. Сондай-ақ биыл көктемде мал ұстайтын қораға су кіргіздік. Қора жылы, жайлы, жарық. Биыл көмекке 2 адамды жұмысқа алдым. Олар малдың азығын дайындауға, бағуға көмектеседі, — дейді Аманжол.

Ол алдағы уақытта қазіргі үйінің қасынан жаңа үй салғысы келетінін айтады. Төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отырған отағасы болашақта шаруашылығын кеңейтіп, ірі қара санын көбейтпек.

  • Малдың күтімі келіссе, оның өнімі көл-көсір. Қазір сиырдың сүті мен майын сатып, табыс тауып отырмыз. Ауылда өз-өзін сүтпен, етпен қамтамасыз етіп, мал өсіріп отырған шаруалар көп, — дейді ол.

Аманжол Суюнов мал шаруашылығынан бөлек, бау-бақша да өсіреді. Биыл ауласында қияз, қызанақтан бастап, көкөністің түр-түрін егіпті.

Істің ілімін білетін азамат аз уақытта шаруашылықтың қыр-сырын меңгеріп алған. Ауылдастары оны «еңбекқор азамат» деп мақтайды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button