Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Субсидияның тиімділігі қайда?

Облысымыздың  ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген субсидия көлемі 2013 жылдан бері жыл сайын 2,2 есеге артып келеді. Мәселен, 2013 жылы бұл мақсаттарға 2,7 млрд теңге қарастырылса, 2015 жылы 6,5 млрд, 2016 жылы 7,5 млрд теңге бөлінген. Соңғы үш жылда мал шаруашылығы саласына бөлінген субсидия 2,3 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге артқан. Барлық қаражат жүз пайыз игерілген. Соның нәтижесінде егер үш жыл бұрын мал шаруашылығы саласында 79,4 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, 2015 жылы 102,7 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Ет өңдеу 44 пайызға, сүт өңдеу 17,1 пайызға артып, мал шаруашылығы импорты 35 млн долларға кеміді.

Бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткізген ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты кеңейтілген кеңесте осындай қол жеткен азды-көпті нәтижелермен бірге, кейбір кемшіліктер мен істі ұйымдастырудағы оралымсыздықтар да ортаға салынды.

Кеңес барысында облыс әкімінің атап көрсеткеніндей, 2013 жылы бөлінген субсидия мөлшері 2,5 есеге көбейтілсе, онда өндірістің көрсеткіштері де артуы керек.  Алайда іс жүзінде олай болмай отыр. Сондықтан да аймақ басшысы кеңесте:

Мемлекеттік субсидияны пайдалана отырып, Мемлекет басшысының азық-түлік тауарлары импортын азайтып, халықты отандық азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауымыз керек. Мемлекеттік қолдау аясында қарастырылған ірі көлемдегі қаржылар  мен шараларды пайдалана отырып, соған сәйкесінше өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуіміз керек, — деп мәселені турасынан қойды.

Кеңес барысында айтылғандай, агрөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, бүгінде өңір үшін астық, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату, жұмыртқа өндірісі мен құнарлы жерді сақтап қалу мәселелері өзекті болып тұр.

— Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуі 10-15 пайыздан аспайды. Бұл —біздің  мемлекеттің көмегін әлі де тиімді пайдаланып отырмағанымызды көрсетеді. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бұл жөнінде тиісінше жұмыс жасамады. Мемлекеттің қаржысы қалай жұмсалып жатыр? Оның нәтижесі қандай? Бұл бағытта ешқандай талдау, бақылау жоқ, — деп өткір сынға алды облыс басшысы.

Мұнымен бірге, облыс әкімі жылдан-жылға егістің көлемінің азайып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

— Биыл ғана тоқпақтап жүріп былтырғымен салыстырғанда егіс көлемін 67 мың гектарға көбейттік. Егістің шығымдылығы да төмен, өңдеу нашар. Көптеген аудандарда бірде-бір не ет, не сүт өңдейтін цехтар жоқ. Кеше ғана Байғанин, оның алдында Ырғыз аудандарында болып келдім, осы уақытқа дейін ондай өндірістің әлі біреуі салынбаған.  Егер мал шаруашылығы аудандары болып тұрып, ол жерде етті, сүтті өңдемесе, ондай цехтар болмаса, мал шаруашылығынан қалай  пайда табуға болады? Ауылдарда тұрып жатқан халқымыздың тұрмысын қалай жақсартамыз? — деп, аймақ басшысы кеңеске байланыс арқылы қатысқан аудан әкімдерінің, залда отырған бірсыпыра үлкен шаруашылықтардың, кәсіпорындардың  ауыл шаруашылығына қатысы бар өзге де мекемелердің басшыларының алдына мәселе қойды.

Басты мақсат — мемлекеттің ауыл шаруашылығына беріп жатқан қаржысын тиімді пайдаланып, облысымыздың ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеру, аймақтың азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етуіне жету,  сырттан келетін тауарларды азайту екенін айтты.

Әкімнің нақты деректер мен талдаулар негізінде баяндағанындай, ұлғаймаған шаруа қожалықтарында көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Оларды ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне біріктіру арқылы ғана жағдайды реттеуге болады.

Алайда бұл бағытта да істің қарқыны баяу болып келгені белгілі. Облыста тек биылғы жылдың алты айында ғана 41 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Пайдаланылмай жатқан суармалы алқаптарды қолданысқа беруде оң өзгеріс байқалады.

Облыс әкімі суармалы алқаптарды одан әрі кеңейтуді, ауыл шаруашылығының өңірге тән емес түрлерін дамыту қажеттігін, ірі ауылдық аймақтарда ет, сүт өңдеу мен бордақылау алаңдарын қолданысқа беруді талап етті. Кеңес барысында Ақтөбе қаласында индустриалды-аграрлы аумақ құруды тездету және ветеринарлық бақылау сапасын арттыру бойынша да тапсырмалар берілді.

— Мұның барлығы импорт өнімдер үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Біздің өңірде жергілікті азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуге барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар. Ең бастысы – ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет бөліп отырған әрбір тиынды тиімді пайдалану керек, -— деді әкім.

Аймақ басшысының талап етіп отырғанындай, өңірде дәнді дақыл, картоп пен көкөніс, майлы дақыл егістерінің көлемі төмендемеуге тиіс. Жүгері егісін жолға қою қажет. Ақтөбе өңірінің жері еліміздің бірсыпыра облыстарынан құнарсыз емес. Ендеше, басқа-басқа, көрші Атырау облысынан егістің шығымдылығы төмен болуы қалай?

Аймақ басшысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбрайымұлын осындай сауалдардың астына алды. Кеңесте қаралған мәселеге байланысты нақты бағдарламалар жасап, жүзеге асыруды тапсырды және оған мерзім белгіледі.

Байланыс арқылы кеңеске қатыстырылған аудан әкімдерінен аймақ басшысы ұсыныс-пікірлерін сұраған. Бірақ бұған жауап болмады.

— Әдеттегідей үнсіз келіскендік білдіресіздер, — деп ескерту жасады облыс басшысы.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button