Ауыл

Ауыл: шілдедегі шаруалар

БАДАМШАДА МАЛ СОЮ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Сәрсенбі күні Қарғалы ауданының орталығы Бадамшада мал сою алаңы ашылды. Тұрғындар жиналған бұл шарада аудан әкімі Рахат Сыдықов:

  • Бүгін, міне, аудан орталығында мал сою алаңы ашылып отыр. Халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні бұдан басқа да осындай алаңдар Ащылысай, Әлімбет, Велоховка, Петропавловка елді мекендерінде де жөнделіп, іске қосуға дайын тұр. Қосестек ауылында да осындай мал сою алаңын ашу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Бұл нысандардың бәрі ветеринарлық стансаның балансына беріліп, халыққа қызмет көрсетеді, — деді.

Жаңадан ашылған пунктте мал сойылып, зертханалық тексерістен өткізіледі. Алаң халыққа ақылы түрде қызмет көрсетеді.

Соңғы кезде еліміздің кей аумақтарында мал ауруына байланысты адам өлімі тіркелгені мәлім. Мал сою алаңын ашу осы қауіптің алдын алуға септігін тигізеді. Сондай-ақ алдағы уақытта алаң көлемін үлкейтіп, оған мұздатқыштар орнату да жоспарда бар.

  • Біздің ауданда 8 селолық округ бар. Осы округтегі тұрғындардың көбі мал шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 70 пайызы сүт шаруашылығын қолға алған. Тұрғындар малдарының сүтін сауып, қалаға немесе сүт қабылдайтын пункттерге тапсырып, күнделікті нәпақасын табады. Жаңадан ашылып отырған нысан аудан басшысының бастамасымен қолға алынып, ауданның белсенді азаматтарының арқасында бой көтерді. Қазіргі күні алаңда 4 адам жұмыс жасайды. Олардың барлығы — жергілікті тұрғындар. Алаңда мал сою бағасы да халыққа қолайлы. Сиырға мың, жылқыға екі мың, қойға бес жүз, шошқаға мың теңге, — дейді аудандық ветеринарлық стансаның директоры Серік Ақниязов.

Шара соңында аудан әкімі мал сою ғимаратының бой көтеруіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, осы салада қызмет етіп жүрген мамандарға шынайы ризашылығын білдірді.

 

НЕСИЕ ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІПТІ ҚОЛДАДЫ

Бүгінгі күні жеңілдетілген шағын несие алу арқылы облысымызда, оның ішінде ауылдық жерлерде отбасылық мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар бар. Солардың бірі — бадамшалық Әбуталиб Сейілхан.

Ол 2004 жылы отбасымен Өзбекстаннан көшіп келіпті. Анасы Айымжан өткен жылы «Жұмыспен қамту — 2020 » бағдарламасы аясында 1 млн 400 мың теңге несие алған. Алған қаржыға отбасы 8 ірі қара мен жемшөп сатып алған.

  • Анам 5 баламен белгіленген жасқа жетпей зейнеткерлікке шыққан. Өзім жұмыссыз болдым. Төрт балам бар. Содан аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, анам екеуміз бағдарлама жайлы ақпарат алдық. Орталықтың қызметкерлері қолдау көрсетіп, соның арқасында 3 жылға 1 миллион 400 мың теңге несие алдым, — дейді ол.

Қазір шаруа отбасымен мал бағып, сол арқылы күнделікті табысын тауып отыр. Бүгінгі күні оның қорасында 15 ірі қарасы, 5 бұзауы бар. Сауын сиырлары өрісте жайылады. Екі мезгіл сауып, оның сүтінен айран, қаймақ, май, ірімшік  жасайды. Әйелі сүт өнімдерін аудан орталығындағы сауда орындарына апарып сатады.

  • Елге көшіп келгенде, біраз қиындық көрдік. Жұмыс болмай, қиналдық. Алайда аудандағы белгілі азаматтар мен жұмыспен қамту орталығының мамандары осы кәсібімізді бастап, оны әрі қарай алып кетуімізге жағдай жасады. Өткен жылы жүз қаз, жүз шақты үйрек бағып, соны сатып, пайда таптым. Енді осы ірі қара санын көбейтсем деймін. «Мал өсірсең, қой өсір» демекші, алдағы уақытта қой да баққым келеді. Жалпы болашаққа деген жоспарым көп, — дейді шаруа.

Әбуталиб бүгінде ірі қарадан бөлек, қоян, тауық өсіреді. Күзде қояндары мен бір-екі малын сатып, шөбін алады, несиесін төлейді. «Осылай біз сияқты шаруаларға көмек беріп,  қолдау көрсеткен мемлекетке рақмет», — дейді ол.

 

КОФЛЕРДІҢ ҚАЗДАРЫ

Қарғалы ауданында қаздың, үйректің балапанын көктемде сатып алып, күзге дейін семіртіп, кейін облыс орталығына немесе өзге өңірлерге апарып тапсыратын жекелеген кәсіпкерлер бар. Солардың бірі — петропавлдық Эдуард Кофлер.

Ол биыл кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарлама арқылы 2 млн 600 мың теңге несие алып, 300 қаз сатып алған. Ескі жылыжайды жөндеп, оған автосуарғыш пен тор орнатыпты. Қолайлы әрі жылы қораға қаздар емін-еркін кіріп, шығады. Істің ілімін білетін шаруа бүгінде қаз өсіру арқылы табыс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Людмила Смолинецтің айтуынша,  Эдуард Кофлер — бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге арнаған жан. Олар қазір отбасылық шаруашылықпен айналысып, ауылда жемісті еңбек етіп жатыр.

Көкөніс өсіретін жылыжайы да бар. Сонымен қатар, биылғы жылы Эдуард Кофлердің баласы Артур «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Аквапоника» инновациялық жобасын жүзеге асыруға грант ұтып алған.

Айта кету керек, қазір елімізде әрі дәмді, әрі адам ағзасына пайдалы құс етіне деген сұраныс жоғары. Сондықтан мал өсіргеннен гөрі қаз өсіру анағұрлым тиімді әрі жеңіл. Өйткені қаз суыққа төзімді, жем-азықты да көп талап етпейді, жылдам жетіліп, тез оңалады.

 

ӨЗЕННЕН СУ ТАРТТЫ, ЖАҢА СОРТТЫ ӨНІМ ЕКТІ

Қазір ақтөбеліктер Петропавловка елді мекенінен тасымалданатын картопты тұтынады. «Картоптың мекені» аталып кеткен бұл ауылда шаруа қожалықтары көкөніс түрлерін көп өсіреді. «Динара» шаруа қожалығы — осындай шаруашылықтардың бірі. Биыл бұл шаруашылық голландиялық «Гала» сортын егіпті.

Жеке кәсіпкер Мұрат Мукушев өткен жылы картоптың жаңа сортын өсіру және көкөніс сақтайтын қоймасына жөндеу жасау үшін «Даму» қоры арқылы «Қазақстан Халық Банкінен» 3 миллион теңге несие алған. Соның арқасында бүгінгі күні ол 21 гектар жерге картоп егіп, күзде мол өнім алуды жоспарлап отыр.

  • Ауа райына қарай, сондай-ақ күтіп-баптаудың арқасында биыл да картоптан мол өнім алсақ дейміз. Биыл 21 гектар жерге картоптың жаңа сортын ектім. Сонымен қатар 6 гектарға орамжапырақ, қызылша, қияр егіп тастадым. Өткен жылы картоптан жақсы өнім алдым, — дейді кәсіпкер.

Ол биылғы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 7 адамды жұмысқа қабылдаған. Шаруа қожалығында 9 жұмысшы бар. Олардың барлығы — Петропавловка ауылының тұрғындары.

  • Жеке кәсіпкер бұрын егін егумен айналысып, 100 шақты ұсақ мал баққан. Біздің орталық мамандарының кеңесімен өткен жылы несие алды. Өзінің көкөніс сақтайтын қоймасын жөндеп, төбесін қайтадан жауып, тұқым сатып алды. Ол жыл сайын облыс көлемінде ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге қатысып, өз өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсынады. Былтыр Астанаға өткен жәрмеңкеге қатысып келді, — дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Людмила Смолинец.

Бүгінгі күні шаруашылық суды Жақсы Қарғалы өзенінен тартып, алқапты арнайы «ДДА-100» суарғыш қондырғысымен суарып отыр. Жерді 49 жылға жалға алыпты.

Қазір «Динара» шаруа қожалығында 3 ДТ, 4 МТЗ-80 тракторы, 2 комбайн және 2 жүк машинасы бар. Күзде шаруашылық жинаған өнімдерін жүк машинасына тиеп, көтерме сауда орындарына апарып тапсырады.

 

 

«ЕТ ПАВИЛЬОНЫН АШҚЫМ КЕЛЕДІ…»

 

Қарғалы ауданында жыл санап ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарының саны көбейіп келеді. Әсіресе шағын, отбасылық шаруашылықтардың жұмысы бір ізге түскен. Себебі аудан тұрғындары малдың тәуір табыс көзі екенін түсінеді.

Бадамша ауылының тұрғыны Қайрат Каюповтың мал өсіріп, оның өнімін сатумен айналысқанына бірнеше жыл болыпты. Еңбекқор азамат өзге шаруалар сияқты «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы шағын несие алып, жеке қосалқы шаруашылығын дамытып жатыр. Өткен жылы 800 мың теңге несие алған.

  • Осыдан екі жыл бұрын 1 миллион 200 мың теңге несие алып, 4 бас ірі қара сатып алып, бордақыладым. Оны сатып, пайда таптым. Өткен жылы тағы да несие алып, сиыр мен бұқа санын көбейттім. Күз, қыс айларында олардың төлдерін өсіріп сатып, орнына тағы да баспақ алып, бүгінде соларды бағып отырмын. Қазір 9 бас ірі қараны бордақылап отырмын. Бұйырса, өз бабына келген соң оларды сойып, сатамын. Әйелім екеуміз осы мал өсіруді қолға алдық. Қысы-жазы сүтін ішіп, май-қаймағын жейміз, — дейді шаруа.

Оның айтуынша, ауыл халқының қай-қайсысы да малсыз отыра алмайды. Қазір аудан орталығында мал бағып, бейнетінің зейнетін көріп отырғандар көп.

Мал ұстап, «Сиырдың сүті — тілінде» деген қағидаға сүйенген  қарапайым  шаруа бүгінгі күні ауласындағы бірлі-жарым тұяқтың жем-шөбі мен суын, өріс отын қамдауға кірісіп кетіпті.  Әйелі екеуінің тірлігі де таңның атысы, күннің батысы – мал соңында. Малдың күтімі келіссе, оның өнімі көл-көсір болатынын Қайрат жақсы түсінеді. Шаруаның ауласында сиырдан бөлек, он шақты тауығы мен қаз-үйрегі және бар. Оларды да Қайрат өзі баптап, өсіреді. Жемін дайындап, жыл сайын балапан бастырады.

Соңғы жылдары ауыл, елді мекендерде дәстүрлі емес қосалқы шаруашылықтарға серпін берудің түрлі жолдары қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары кенже қалған шаруашылықтарды дамытуға көңіл бөліп жатыр. Шаруасы тоқтап, қиындықтан шыға алмаған шаруалардың аяғынан тік тұрып, күш жинауы үшін мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, аудан басшылығы оларға бағыт беріп жатыр. Мен де алдағы уақытта шаруашылығымды дамытып, ірі қара санын көбейткім келеді. Шағын  бордақылау алаңын салып, ет павильонын ашу ойымда бар, — дейді Қайрат Каюпов.

Айта кету керек, биыл Қарғалы ауданында өткен жылмен салыстырғанда, мүйізді ірі қараның саны 3,3 %-ға, сондай-ақ, жылқы 15,4 %-ға, құс өсіру 5%-ға, қой мен ешкі саны 0,6 %-ға, шошқа саны 0,9 %-ға артқан.

Сонымен қатар, ет өндіру 3308,8 тоннаға (1,5%), сүт өндіру 12311,3 тоннаға (1,9 %) және жұмыртқа өндіру 3329,0 дана, яғни 100,0 %-ға жеткен.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Қарғалы ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button