Білім

Балдырған

Күз

Аптап ыстық басылып,

Күздің келді ызғары.

Табиғаттың заңы бұл

Қайталанар жылдағы.

Солғын тартты көк майса,

Солғын тартты гүл бағы.

Жасыл алқап сарғайып,

Шөптер солды қырдағы.

Сары түске енді атырап,

Жол бойын жапты жапырақ.

Сәл ғана желге шыдамай

Жан-жаққа ұшты шашырап.

Айдана СЕЙСЕНОВА,

Шұбарши орта мектебінің 6-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Көңіл сыры

МЕНІҢ ӘЖЕМ

Шіркін, менің әжемдей асыл жандар көп болса ғой. Оның мінезі жайсаң, сырт келбеті көрікті, жүріс-тұрысы бізге үлгі боларлықтай сиқырлы жан. Айтқан сөзі, еркелетіп шақырғаны, әлсін-әлсін естілетін жіңішке үні құлаққа жағымды естіледі. Қайта-қайта ести бергім келеді.

Ол — өте сабырлы, салмақты, саусағынан өнер тамған үлгілі адам. Үнемі бос уақытында бізге өнеге болатындай әңгімелер, ертегілер айтып отырады.

Менің әжем қазір пайғамбар жасында, яғни алпыс үште. Бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Поэма, өлеңдерін сүйіп оқитын ақыны — Мұқағали Мақатаев. Роза Рымбаеваның, Мәдина Ералиеваның әндерін ерекше ықыласпен тыңдайды.

Әжем ащы тамақтарды ұнатыңқырамайды, көбіне жемістерді, көкөністерді, сүттен жасалатын тағамдарды сүйсініп жейді. Өз қолынан жасай алатын тағамдарды дәмді етіп пісіргенді ұнатады.

Әжем ауыл адамдарына, көрші-көлемге сабырлылығымен аян. Үнемі көмек сұрағандарға қол ұшын бергенді жақсы көреді, қонаққа келгендерге кең дастарқанын жаюға дайын. Әрқашан көңіл күйі көтеріңкі.

Менің әжем осындай.

Әсемгүл ӨМІРЗАҚОВА,

М.Құсайынов атындағы облыстық мектеп-интернаттың оқушысы.

Мамандық

Компьютерші болғым келеді

Мен компьютерші болғым келеді. Бұл кәсіп маған ұнайды. Компьютерден адамдар керекті жаңалықтарды қарайды, балалар ойын ойнайды, оқушылар сабақ жазады.

Біздің мектепте компьютер кабинеті бар. Биыл бізге компьютер сабағы болады, онда Бекет ағай сабақ береді.

Ал мен қалаға барғанда Әлібек ағам компьютер қосуды үйретті, сондықтан мен өскенде компьютермен жұмыс істейтін информатик боламын.

Асланбек АСЫЛБЕКҰЛЫ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Табиғат

Құбылмалы өрнектер

Қар ұшқындарының көпшілігі алты қырлы келеді. Соның өзінде олар түрліше құбылып, мұз инелері әр жолы жаңадан таңғажайып өрнек салады. Бір ғалым қар ұшқынының 2500 суретін түсірген, сонда олардың барлығы да әр түрлі болып шыққан. Өзеннің қалың мұзы кәдімгі қарындашқа ұқсас алты бұрышты бағаналардан құралған.

Қар ұшқынының инелері де, мұз «қарындаштары» да — қатқан су кристалдары.

Гректің «кристаллос» сөзі «мұз» деген ұғымды білдіреді. Ал барлық тас, тау жыныстарының көбі кристалдан тұрады. Металл рудалары, осы рудадан балқытып алынған металдың өзі, тұз, қант, т.б. — кристалды заттар.

Кристалдардың  ішіндегі ең әдемісі — асыл тастар.

Әр заттың өзіндік кристалл формасы болады. Алайда кейбір заттардың бір емес, екі, үш, тіпті одан да көп кристалдық форма түзетіні кездеседі. Әрине, олардың бәрі де белгілі бір нақты тәртіппен орналасады. Мәселен, көміртегі осындай. Атомдардың орналасуына қарай, ол не алмасқа — жер бетіндегі ең әдемі, ең мөлдір, ең қатты тасқа, не кәдімгі қарындаштағы қара сұр түсті жұмсақ графитке айналады.

Кристалдардан көптеген қажетті заттар жасайды. Мәселен, жартылай өткізгіш кристалдар радиотехникада қолданылады. Сағат тасы да — кристалл

Қанатты әлем.

Жасыл жұмыртқаның балапандары

Құтан — дене тұрқы 1 метрден асатын, қанат құлашы 2 метрге дейін жететін ірі құс. Бірақ оның салмағы екі-ақ килограмм екендігіне сену қиын. Құтанды үлкейтіп көрсететін нәрсе — оның үлпілдеген сәнді қауырсыны. Сол сәнді қауырсынына бола жүздеген мың ақ құтандар оққа ұшқан. Біздің елімізде ақ құтандар мемлекет қорғауына алынған.

Көк құтандар ақ құтандардан гөрі ірілеу болғанымен, оншалықты әдемі емес. Оларды өзен-көлдер мен саз-қорыстардан жиі көруге болады. Құтан мойнын иығына тығып алып қозғалмай тұрады немесе өзінің жіңішке ұзын аяқтарын жайлап басып жағалауда жүреді.

Құтан балықты немесе бақаны көре салысымен-ақ көз ілеспес жылдамдықпен өзінің найзадай үшкір тұмсығымен шап береді. Өзін де, ұясын да сол тұмсығымен қорғайды.

Құтан ұясын әдетте биік ағаштың ұшар басына шырпы бұтақтан немесе қамыстан жасайды. Оған саны 3-7 жасылдау жұмыртқа салады да, екі аяғын ебедейсіздеу көтерген күйі балапан басады.

Құрғақта құтан тышқандар мен насекомдарды аулайды. Топ-топ болып ұя салады. Олардың тобында кейде бір-ақ түрлі, енді бірде әр түрлі құтандар болады.

Қызық дерек

Ерекше рекорд

1977 жылы футбол жанкүйерлері ерекше рекордқа куә болды.

«Торквэй Юнайтед» футбол командасының ойыншысы Пат Крузе бұрын болмаған өзіндік жетістікке ие болды — ол футбол матчы басталғанына 6 секунд қана өтер-өтпесте қарсыластар қақпасына гол соғып үлгерді.

Тағы бір ғажабы, ол тепкен доп әуелі қақпаның маңдайшасына тиіп, сосын қапталдағы екі бағанға кезекпе кезек соғылып, содан кейін ғана торға сүңгіп кетті.

Сексен жыл жеткілікті

Емен — ұзақ жасайтын ағаштардың бірі.

Ғалымдар бұл ағаштың 1000 жылға дейін өмір сүретінін айтады. Және сол 1000 жыл бойы көркіне көрік қосып өсе береді.

Бірақ емен алғашқы сексен жасына дейін ғана бой соза биіктеп өссе, қалған ғұмырында тек діңі ғана көлденеңінен ұлғая беретін көрінеді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button