Білім

Колледж: 16 мың теңге шәкіртақы: екі мезгіл тамақ. коникулдық жолақы

Елбасымыз өзінің Жолдауында жұмысшы кадрларын даярлау ісіне айрықша көңіл бөліп, бұл мәселеге ұдайы назар аударып келеді. Соның нәтижесінде республикамызда 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандықтар тегін оқытылатын болды. Ал Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі бұрыннан да жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін білім беруді қолға алған болатын.

— Алдағы оқу жылында 225 талапкерді тегін оқуға қабылдаймыз. Бізде оқуға ұмтылушылар көп, сондықтан іріктеу кезінде талаптанушылардың мектептегі оқу үлгерімі мен тәртібі ерекше ескеріледі, сонымен бірге денсаулығына да көңіл бөлеміз. Іріктеуден өтіп, колледжге қабылданғандарға жақсы  жағдай жасалады. Ең бастысы, оқу үздіктері мен жақсы оқитындарға ай сайын 16 мың теңге шәкіртақы төленеді. Жартылай жетім балаларға бір мезгіл, ал жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға екі мезгіл тамақ береміз. Ауылдық жерден келгендерге жылына екі рет каникулға барып қайту жолақысы да төленеді. ҰБТ сынағынан  төмен баға алған оқушыларды да кері теппейміз. Басты мақсатымыз — білікті маман жұмысшылар даярлап шығару, — дейді колледж  директоры Жанкелді Қалқаман.

Бұл білім ордасында  6 мамандық пен 7 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Колледж тәлімгерлері бүгінгі күннің аса қажетті мамандықтары — қалаушы, бетоншы, электргазбен дәнекерлеуші, электрмонтаждаушы, сылақшы, бояушы  кәсібінің  қыр-сырына  баулиды. Мұнда сұранысқа сай аспаздықты келісімшарт  негізінде оқыту мүмкіндігі бар.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі    республикадағы үздік 15  орта арнаулы оқу орнының қатарынан көрініп, «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту» жобасы аумағында Дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша екі мәрте грант иегері атанды.

Колледжде оқушылар теориялық білім алып қана қоймай, оқи жүріп өндірісте де өз кәсіби шеберліктерін жетілдіреді. Осы бағытта 45 кәсіпорынмен  әлеуметтік серіктестік туралы келісімшарт жасалды. Колледж түлектері Ақтөбе ферроқорытпа зауыты,  «Трансэнерго»  АҚ, «Энергосистема»  ЖШС, «Ақбұлақ» АҚ  секілді ірі кәсіпорындарында шыңдалу мектебінен өтіп, жұмысқа орналаса алады.

Жалпы колледжде түлектердің тоқырап қалмай, бірде жұмысқа кірісіп кетуі, яғни алған мамандығының қайтарымын беруі маңызды өлшем болып есептеледі. Оқу орны басшылығы аталған кәсіпорындармен ынтымақтастық аумағындағы жұмыстармен шектеліп қалмай, облыстың кәсіпкерлер палатасымен және тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тығыз байланыс орнатты. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде колледж түлектерінің 96  пайызы жұмысқа  орналасады.

Колледжде  дуальды оқыту жүйесінің іске қосылуы да өз жемісін беруде. Бүгінгі күні болашақ мамандар оқу сағаттарының жартысынан астамын «Ақ Пром»  ЖШС,  «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» ЖШС-да, сондай-ақ облыс орталығындағы құрылыс  жұмыстарымен айналысатын ірі өндіріс орындарында өткізеді.

Негізінде заман талабына сай білікті мамандар даярлау үшін білім ордасының педагогикалық құрамы мен материалдық-техникалық базасы орнықты болуы тиіс. Колледж басшысы Жанкелді Мырзағараұлы осылай деп пайымдайды. Бүгінгі күні ол басқаратын оқу орнында 65 педагогикалық қызметкер еңбек етеді.  Олардың көпшілігі осында бұрыннан еңбек етіп келе жатқан өз ісінің шеберлері, уақыт ұсынған ілгері ізденістер мен жаңа технологияны жетік меңгерген тәжірибелі мамандар.

Колледж директоры былтыр мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ ұжымда еңбек ететін оқытушылар мен оқу-өндірістік шеберлерінің бірқатары  ҚР Білім және ғылым министрлігінің  «Құрметті қызметкер» төсбелгісін алды, білім беру ісінің  үздіктері мен Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегерлері де бар.

Маман даярлау ісінде жылма-жыл өсіп отырған жоғары талап негізінен өндірістегі бәсекелестікке байланысты. Сондықтан да білім берудің бастамашысы — инженер-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін жетілдіруіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағыттағы жоспарлы мақсаттарға сәйкес 2014 жылы колледждің 16 оқытушысы шетелде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келді. Колледж басшылығы мен 8 арнаулы пән оқытушысы жаңа жүйе — дуальды оқыту технологиясын тереңірек меңгеру мақсатында Германияда біліктіліктерін арттыру тәжірибесінен өтті. Өзара келісімдерге сәйкес Беларусь Республикасында модульдік технологияны оқып үйрену мақсатында 8 оқытушы тағылымдамада болды.

Шетелдік тәжірибе алмасулар мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Ресурстық  оқу орталығын құру мақсатында Франция мен Германия үлгісін зерттеу жұмыстары жүргізілді. Германияның кәсіптік білім беру институтында тағылымдамадан өту ақтөбелік ұстаздарды жаңа жетістіктерге жетеледі. Минск қаласындағы әріптестермен де байланыс жақсара түсті. 10 өндірістік оқыту шебері мен арнайы пән оқытушылары сол жерде тәжірибеден өтуі — осының айғағы.  Осыдан бір айдай уақыт бұрын Ақтөбеде  өткен  «Білім. Мансап. Жұмыс» атты  мамандандырылған көрмеде колледж бірінші орынды иеленді.

Соңғы жылдары оқу орнының материалдық базасы елеулі түрде дерлік нығайтылды. Ек жыл қатарынан колледжге берілген грант негізінен осы бағытқа жұмсалды. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру да осы ауқымда жүзеге асырылды.

Тағы бір атап өтерлік жай — ізденістер мен ұмтылыстар нәтижесінде Ақтөбе аймағында тұңғыш рет құрылыс және бизнес колледжінің жанынан Ресурстық оқу орталығы ашылды.

Батыс аймағы  бойынша дәнекерлеу мамандарын даярлайтын  жетекші орталықта жеті біліктілік  бойынша оқу курсы  өткізіледі. Ақылы курста тас қалаушы, электромонтаждаушы, аспаз, ілмектеуші, «В», «ВС» категориялы жүргізуші кәсібін игеру мүмкіндігі қарастырылған. Әсіресе ең қажет мамандықтың бірі –  дәнекерлеу ісіне  көп көңіл бөлінеді.

Жанкелді Қалқаман Ресурстық оқу орталығының  қызметі жұмысшы мамандарды  кәсіптік даярлауға, қайта  даярлауға және  біліктіліктерін  көтеруге бағытталғандығын айтады. Бұл жерде дәнекерлеудің  бірнеше әдісін меңгеруге болады. Электргазбендәнекерлеу,  қолмен доғалы дәнекерлеу,  жартылай автоматты дәнекерлеу, аргонды-доғалы пісіру, пластмасса бұйымдарды пісіру және байланыстырып пісіру тәсілдері үйретіледі.

Ресурстық  оқу орталығында негізінен өнеркәсіпте тікелей жұмыс істеп жүрген мамандар  біліктілігін көтереді. Бұл үшін колледж  басшылығы жұмыс берушілермен арнайы келісімшартқа отырады. Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындар ақысыз курстан өтеді. Бұған қоса қарапайым  қала тұрғындарының да  қысқа мерзімді курста оқуына болады. Бүгінгі күні орталықта 30 маман  біліктілігін көтеруде. Ресурстық  орталықта өндіріске жақын жаңа технологиялы жабдықтармен жасақталған бірнеше  шеберхана мен оқу-жаттығу зертханалары ашылды, 3 компьютерлік  сынып жасақталды, 12 интерактивті  тақта орнатылды.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button