Спорт

Алтын медальдың «тағдырын» анықтаған матч

Бейсенбі күні Қобыланды батыр атындағы стадионда Қостанайдың «Тобылын» 5:2 есебімен тас-талқан етіп жеңген «Ақтөбе» төртінші рет ел чемпионы атанды.

Соңғы жылдары бір-бірімен құйрық тістесіп жүрген осы екі команданың ойыны жанкүйер қауымды ешқашан бейжай қалдырған емес. Былтыр чемпиондықтың «тағдырын» «Алтын матч» шешіп, «Ақтөбенің» мерейі үстем болған. Биыл жүлделі орыннан тыс қалған «Тобыл» Ақтөбеге  ызалы жолбарыстың кейпінде келді.  Болашақ ел чемпионын жанкүйерлерінің алдында жерге қаратып кетсе, іштегі ыза да сәл басылар еді. Ал «Ақтөбе» үшін «ежелгі дұшпан» — «Тобылдың» мысын басып, мерзімінен бұрын чемпиондық тәжді егеленудің ләззаты бөлек болатын…

Ойын бірден тартысты басталды. Алаңға ширығып шыққан қос команда ойыншылары бірден қарсы жақтың қақпасынан саңылау іздеді. 13-минутта Самат Смақов аяғына «қойып берген» допты қақпаға ытқыта салған «Ақтөбенің» сұрмергені Мұрат Тілешов командасын алға шығарды. Содан соң алаңда «дауыл» тұрғызған «Тобылдың» шабуылын «ақтөбеліктер» тойтара білді. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.

Екінші таймды тәп-тәуір бастаған «Ақтөбе» 60-минутта ойламаған жерден гол жіберіп алды. Ала допты торда ойнатуда Мұрат Тілешовпен текетіреске түсіп жүрген түрікмен легионері  Владимир Байрамов тепкен допты қақпашы Сидельников тіпті күтпеген де болуы керек. Шебердің аты — шебер, Байрамов әлгінде ғана қара үзіп шыққан Тілешовпен иық теңестіріп үлгерді. Екі мергеннің «қоржынындағы» «доп» саны енді 19-ға жетті.

Гол салғаннан кейін «Тобыл» алаңда қожайындық ете бастады. Командаға жаңа «дем» керек екендігін аңғарған Владимир Муханов алаңға Марат Хайруллиннің орнына Сергей Струковты шығаруы мұң екен, «Ақтөбенің» ойыны дұрысталып сала берді. Тәжірибелі бапкердің есебі дұрысқа шықты: 80-минутта Еміл Кенжесариевтен пас алған Сергей Струков «Тобылдың» жас қақпашысы Ярослав Багинскийді қапы қалдырды. 2:1. Сергей, сірә, бұны жеңіс голы деп санаса керек, жейдесін шешіп алып, жанкүйерлерге жүгірді. Сол қылығы үшін, әрине, «сары карточка» алды.

Струков соққан допты стадионға жиналған жұртшылық та «жеңіс голы» деп қабылдағаны хақ. Бірақ «қуырдақтың көкесі» әлі алда екен, 85-минутта 25 метр шамасынан Руслан Балтиев тепкен доп біздің қақпада тулағанда стадион бір сәтке  үнсіз қалды. Бірақ ол үнсіздік не бары бір-ақ минутқа созылды, 86-минутта Мұрат Тілешов «Тобылдың» екі қорғаушысын қапы қалдырып, әдемі гол соқты. 3:2. Біріншіліктегі  жиырмасыншы голын соққан  Тілешов команданы алға шығарып қана қоймай, өзі де Байрамовтан озды. 88-минутта Сергей Струков ойынды тағы да ортадан бастауды мәжбүр етті — 4:2.

Ойынның нүктесін «Ақтөбенің» капитаны Самат Смақовтың голы қойды. Багинскийдің сәл алға шығып кеткенін аңғарған Саматтың 35 метрден тепкен добы қақпашының үстінен асып барып, торда тулап жатты. 5:2. Бұл ойынның 90-минуты еді. Сөйтіп қос команда ардагерлері Смақов пен Балтиев арасындағы бәсеке де ақтөбеліктің пайдасына шешілді.

Екінші таймда 6 гол, оның 5-уі соңғы он минутта соғылғанын ескерсек,  ойынның қаншалықты тартысты өткенін аңғаруға болады. Ел біріншілігінде мұндай жан алып, жан беріскен ойынды көрмегелі қашан?!  Ал «Тобыл» ешкімнен дәл осылай «таяқ жеп» көрген жоқ. «Ақтөбе» нағыз чемпионға тән өнер көрсетті.

Ойын біткен кезде жанкүйерлердің қуанышында шек болған жоқ. Стадион дүрілдеп тұрды. Ал төреші ысқырығы естілісімен ойыншыларды құттықтауға алаңға беттеген облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен команда президенті Сағат Еңсегенұлын футболшылар аспанға атты. Несі бар, мұндай сәтте  бәрі де жарасады!

Сол түні Ақтөбе  ұйықтаған жоқ. Команданың жеңісін күллі облыс жұртшылығы тойлады. Көше біткен мерекеге айналды. Адамдар бір-біріне қоңырау соғып, құттықтап жатты.

Төрт жыл қатарынан чемпион атану оңай емес. Бұл, әрине, ең алдымен команда бапкерлерінің, керек сәтінде тастай түйіліп, жұдырыққа айнала білетін ойыншылардың жанкешті еңбегінің нәтижесі!

Кез келген команда мықты болуы үшін қаржы мәселесіне алаңдамауы тиіс. Бұл ретте  «Ақтөбенің» айдарынан жел есіп тұр. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов командаға бүкіл мүмкіндікті жасап отыр.  Командамен жиі кездесіп,  әрбір ойыншымен жиі шүйіркелесетін Елеусін Наурызбайұлын футболшылар да «өз адамы» санайды. Сағындықов облыс тізгінін ұстағалы бері команданың қатарынан  төрт рет чемпион атанғаны да көп нәрсені аңғартса керек. Сондықтан облыстың түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлердің жұма күні-ақ Елеусін Наурызбайұлын «Ақтөбенің» чемпион атануымен құттықтауы әбден түсінікті де!

Сонымен сүйікті командамыздың алдында чемпиондық тәжді 5 рет «киген» «Ертіс» қана тұр…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Владимир МУХАНОВ, «Ақтөбе» командасының бас бапкері:

Біздің  сыралғы қарсылас — «Тобылмен» ойынымыз әрдайым қызықты өтеді. Қос команда кезек-кезек гол салған бүгінгі ойын жүйкеге әжептәуір салмақ түсірді. Мұндайда жігері мықты команданың  ғана  бағы жанады. Біздің жүйкеміз сыр берген жоқ, жігеріміз де мықты болып шықты. Мен бүкіл ойыншыларды, күллі ақтөбеліктерді жеңіспен құттықтаймын!

Маусым өте ауыр өтті. Көп ойындарда барымызды салып жүріп жеңіске жеттік. Бірақ маусым аяқталды деуге әлі ерте. Өйткені Қазақстан кубогы жолындағы күрес әлі аяқталған жоқ.

Жеделхат

Ақтөбе қаласы

Облыс әкімі Е.Сағындықов мырзаға

Құрметті Елеусін Наурызбайұлы!

Біз, «Ақтөбе» футбол командасының ауылдық жерде тұратын жанкүйерлері, осы команда ойындарын тұрақты түрде жібермей тамашалаймыз. Республика көлемінде «Ақтөбенің» төртінші рет чемпион атануы және бұл жолы чемпиондыққа ойын аяқталмай-ақ қол жеткізуі бізді, қарт жанкүйерлерін, қатты қуантты.

Команда жеңісімен Сізді құттықтаймыз! Облыстың жан-жақты дамуы, саяси ахуалы, жасалып жатқан игі, ұлық істер үнемі Сіздің атыңызбен байланысты. «Ақтөбе» командасының  тұғырға шығуы Сіздің еңбегіңіздің  арқасында деп білеміз.

Алдағы уақытта команда чемпиондық тұғырға көтеріле берсін. Облыстың  абыройы арта берсін.

Қарабұтақ аулында тұратын қарт жанкүйерлері:

М.Разақбергенов, Қ.Ғабитов, Б.Әубәкіров, М.Есмағанбетов,  Т.Қойлыбаев, А.Орынбасаров, С.Ермағанбетов, Қ.Халилин.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button