БілімЖаңалықтар

Білім беру орындарында сыбайластыққа жол бермеу керек

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері бойынша және құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының отырысы болып өтті.

Отырыс барысында білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жастар мен жасөспірім ортасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Облыстық білім басқармасының ақпараттарына сүйенсек, 2015 жылы өңірде білім және ғылым саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 14 қылмыс анықталған. Бұндай әрекеттерге жол берген мекемелердің барлығының жетекшілері қызметтерінен босатылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекованың айтуынша, жалпы алғанда ведомствода сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынып, жемқорлыққа қарсы стандарттар қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар үнемі өткізіліп келеді. Сонымен бірге басқарма басшысының есебінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің тиімді түрі —кадрларды алмастырып тұру.

Мұндай ұсынысты облыс әкімі қолдады. Бұл ретте өңір басшысының айтуынша, білім мен ғылым саласында пара алып жатып қолға түсетіндер қатарында негізінен мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері бар.

— Сыбайлас жемқорлық мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен орта мектептерде, өзге білім беру мекемелерінде тек білім беру сапасы мен түлектердің дайындығына кері әсерін тигізіп қана қоймайды. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың санасында сыбайлас жемқорлыққа төзімді көзқарас қалыптастыруымен де қауіпті. Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңу мүмкін емес, алайда білім беру орындарында оларға жол бермеу керек, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Өңір басшысы білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге  қоғамдастық өкілдерін де шақырды.

Кеңес барысында ведомствоаралық жұмыстар жөнінде әділет департаменті, білім саласын қадағалау департаменті, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары өкілдері де сыбайлас жемқорлықпен күрес барысы туралы есеп берді.

Есептерді тыңдаған өңір басшысы сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептерінің бірі мемлекеттік қызметкерлердің тұрғындармен тікелей байланысқа түсуі деп атап өтті.

— Бопсалау мен пара алуды болдырмау үшін тұрғындарға автоматты түрде қызмет ұсына алатын заманауи ақпараттық технологияларды молынан пайдалану керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы әуежайлар мен вокзалдардың аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысы туралы сөз қозғады.

Бердібек Сапарбаев құзырлы орындарға аз уақыттың ішінде халықаралық әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзалдарды заманауи қадағалау жүйелерімен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button