ҚұқықӘлеумет

14 мекеменің 13-інде заңнама бұзушылықтар анықталды

Әлеуметтік қорғау

 Халықты әлеуметтік қорғау саласы әрдайым  мемлекеттік  бақылауда.

Әлеуметтік қорғау — өмірлік қажетті игіліктердің белгілі бір деңгейін (қарттық, денсаулық жағдайына, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылуына және басқа да заңды негіздерге байланысты экономикалық белсенділік көрсете алмайтын) және тиісті ақы төленетін еңбекке қатысу арқылы өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға белгілі бір жақсы тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету шараларының жүйесі. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес азаматқа ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңдылық  негіздер  бойынша жалақы мен зейнетақының аз мөлшері, жасының жетуіне байланысты әлеуметтік жағынан қамсыздандырылуына кепілдік беріледі. Осыған орай, Ақтөбе облысы аумағында  халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік   бақылауды,  үстіміздегі жылдың сәуір айында  Қазақстан Республикасының  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығымен ашылған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің  Ақтөбе облысы бойынша департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы  бақылау бөлімі жүзеге асырады.

Осы жерде газет оқырмандарына түсінікті болуы үшін  азаматтардың әлеуметтік қорғауға байланысты құқықтарына тоқтала кетейік. Мүгедектерді әлеуметтік қорғауға, соның ішінде  оңалтуға,  қоғамға етене араласуға, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне кіріп-шығуын қамтамасыз етуге, мәдени, ойын- сауық шараларға қол жеткізуі үшін жағдайларды, сондай-ақ ақпараттарға қол жеткізуін қамтамасыз етуге құқылы екендігі еліміздің мүгедектерді  әлеуметтік  қорғау туралы заңнамаларымен айқындалған. Бұл жерде халықтың қимылы шектеулі  топтары үшін әртүрлі үлгідегі  ғимараттар жайлары қолжетімді болуы тиіс. Атап айтқанда, жер телімі мен аумақтар, қоғамдық ғимараттар, еңбекті қолдану орындары, тамақтандыру мен сауда-тұрмыстық қызмет көрсету   кәсіпорындары, оқу-тәрбие мақсатындағы ғимараттар мен үй-жайлар, автокөлік, теміржол және әуе жолы вокзалдары, денешынықтыру, спорттық мақсаттағы  нысандар, мәдени-ағарту, ойын-сауық мақсаттағы ғимараттар мен үй-жайлар және де халыққа қызмет көрсету бойынша нысандар. Мүгедек жандар үшін бұлардың қолжетімді болуы басты шарт екендігін ерекше атап өту қажет.

Мүгедектерді  арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы — меншік нысанына және ведомостволық  бағыныстылығына қарамастан стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және уақытша болу  жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету  саласындағы жұмыстарды жүзеге асыру ҚР «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы»  Заңында және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 26.03.2015 ж. №165 бұйрығымен бекітілген және  халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарында айқындалған.

Азаматтарымыздың мүгедектерді әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік  қызметтер туралы, зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті  әлеуметтік сақтандыру заңнамаларында көзделген құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда немесе ол құқыққа қайшы келетін әрекет жасалғанда оған  жол берген заңды және жеке тұлғаларға, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға әкімшілік шаралар алынады. Ол  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің  83-84 және 91-92 баптарында көрсетілген. Заң бойынша оларға  айыппұл салу түріндегі  әкімшілік  шаралардың алынатындығы айқындалған.

Осы айтылған талаптарға сай, біздің департамент тарапынан өткен жылы мен  үстіміздегі жылдың осы кезеңі аралығында халықты  әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік  бақылауға қатысты  барлығы 14 мекеме мен ұйымдарға  жоспар бойынша,  жоспардан тыс және іріктеп тексеру  түріндегі  тексерулер жүргізілді. Мұны таратып айтар болсақ, оның ішінде әлеуметтік   инфрақұрылымдар саласында — 4, медициналық қызмет көрсетуде — 4, мәдени ағарту-ағартуда нысандарында — 2, көлік саласында — 3 және денешынықтыру мен спорттық мақсаттағы салалар бойынша — 1 мекемеде тексеру жүрді.

Жоғарыда атап өткен 14 мекеме мен ұйымдарға жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша, олардың 13-інде заңнама бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсетудегi қажеттiлiкке бағалау жүргiзудiң, оны айқындаудың және арнаулы әлеуметтiк қызметтердiң кепiлдiк берiлген көлемiн көрсету туралы шешiм шығарудың белгiленген мерзiмдерiнің бұзылуы байқалды.

Мүмкіншілігі  шектеулі жандардың  қолжетімділіктерін қамтамасыз ету бойынша кемшіліктер айқындалды. Қолжетімді  автотұрақ орындарының болмауы, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар бойынша:  дәретхана мен қол жуғыш бөлмелерде кресло-арбалар орналастырылатын кеңістік, сондай-ақ киім, балдақ және басқа да заттар үшін ілмек, ұстағыш тұтқалар мен олар өздерін жағдайсыз сезінген ретте кезекші  әкімшілікпен байланысқа шығатын шұғыл көмек көрсету нүктелерінің қарастырылмауы, сонымен қатар жекеленген орындарда  пандустың болмауы  және т.б. кездесті.

Өз кезегінде, департаменттің лауазымды тұлғалары тарапынан тексеру  қорытындысы бойынша  анықталған заңнама бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетіліп, мекеме басшыларына орындауға жазбаша нұсқамалар берілді. Сонымен қатар, заңнама бұзушылықтарға жол берген 12 лауазымды басшы   тұлғаларға жалпы сомасы 1 086,240 мың теңге айыппұлдары салынып, аталған көлемдегі қаржы бюджет есебіне толықтай төленді.

Департамент алдағы уақытта да заңды және жеке тұлғаларға халықты әлеуметтік қорғау саласындағы  заңнама  талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды  жалғастыратын болады. Осыған орай, меншік нысанына қарамастан мекеме мен ұйымдар басшылары халықты әлеуметтік  қорғау, оның ішінде   мүгедектерді  әлеуметтік қорғау заңнамасы талаптарын бұзғандары үшін ҚР заңдарында белгіленген  жауаптылықта  болатындықтарын ұдайы назарда  ұстаулары  қажет деп санаймыз.

Олай дейтініміз, мүмкіншілігі шектеулі жандар да басқа адамдармен бірдей қоғамның күнделікті тіршілік-тынысына етене араласуына тең құқылы екенін ұмытпауымыз керек.

 Қалижан ӨТЕМҰРАТОВ, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің  басшысы.                                                            

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button