БілімЖаңалықтар

Білім сапасын қалай көтереміз?

Сейсенбі күні облыс әкімшілігі ғимаратында өткен жиында биылғы ұлттық бірыңғай тестінің нәтижелері мен облыстағы арнаулы орта оқу орындарында, яғни колледждерде дуальды білім беру жүйесін енгізу және оларды сенімді басқаруға тапсыру мәселелері талқыланды.

Отырысты ашқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өткен айда өткен Ұлттық бірыңғай тесті нәтижелеріне көңілі толмайтынын аңғартты.

— Біздің елімізде білімнің сапасын ұлттық бірыңғай тесттің нәтижелерімен анықтайды. Биылғы бірыңғай тест өтті. Бірақ нәтижелері жақсы емес. Былтырғы жылмен салыстырар болсақ, өткен жылдың нәтижелері бойынша облысымыз республикада 4-орын алса, биыл 6-орында. «Алтын белгі» алғандардың саны азайған. Төмен балл алушылардың саны көбейген, — деді Бердібек Сапарбаев.

Аталған мәселелер бойынша баяндама жасаған облыстық білім басқармасы басшысы Сәуле Өмірбекованың айтуынша, үстіміздегі жылы орта мектепті барлығы 6395 оқушы тәмамдаған болса, олардың 71,8 пайызы ғана ұлттық бірыңғай тесті сынағына қатысқан. Қарғалы және Мәртөк аудандарында ұлттық сынаққа қатысушылардың көрсеткіші бұдан да төмен. Бұл аудандарда мектеп түлектерінің шамамен 50 пайызы ғана ұлттық бірыңғай тестіне қатысыпты. Басқарма басшысы мұның себебіне тоқталып өтті.

— Қарғалы мен Мәртөк аудандары Ресей Федерациясымен шектесетін болғандықтан, бұл аудандарда түлектердің 7-12 пайызы жоғары білім алу үшін Ресейді таңдайды, — деді Сәуле Өмірбекова.

Сонымен қатар шағын елді мекендерде тұратын мектеп түлектерінің 30 бен 40 пайыз арасындағы бөлігі өз білімдерін колледждерде оқу арқылы жалғастыруды қаласа, олардың 5-7 пайыз арасындағы бөлігі ешқандай оқуға тапсырмай, ауылдарында қалатын көрінеді.

Биыл облыс бойынша Ұлттық бірыңғай тестінің орташа баллы — 82,8. Ең жоғары көрсеткішке Алға ауданының түлектері қол жеткізген. 96,4 балл. Ал ең төменгі орташа балл, яғни 70,9 балл Темір ауданына тиесілі.

Осы жерде білім басқармасы басшысы жоғары балл жинаған аудандардың білім көрсеткіштеріне күмәнмен қарайтынын жасырмады.

— Ең жоғары балды жинаған Алға (96,4 балла) мен Ырғыз (91 балл) аудандарына байланысты сұрақтар бар. Егер бұл аудандардағы оқушылардың орташа үлгерімдерін салыстыратын болсақ, онда олардың аттестаттарындағы орташа балдың 4,5-нан кем болмауы тиіс еді. Біздің қолымыздағы нәтижелердің көрсеткіштері — 3,9 және 4 балл. Меніңше, келесі жылы енгізілетін және Ұлттық бірыңғай тестінің басқаша өткізілуін қарастыратын жаңа әдістер мектептердегі үлгерімдердің мүлдем басқаша екенін көрсететін болады, — деді білім басқармасы басшысы.

Жиында білім көрсеткіштерінің төмен болуының себептерінің бірі ретінде шағын елді мекендердегі шағынжинақты мектептердің білім сапаларының төмендігі аталды. Осыған байланысты облыс әкімі ондай мектептерді жауып, оқушыларды ірі елді мекендердегі мектептерге ауыстыруды ұсынды. Мұндай мектептердің жанынан оқушылар үшін интернаттар ашу жайы сөз болды.

— Ең негізгісі — балалардың білім сапасын көтеру, — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Ол сондай-ақ мұғалімдердің тамыз конференциясы алдында жағдайды нақты түрде талқылап, ҰБТ сынағы нәтижелерінің төмен болуының себептерін анықтауды тапсырды.

Бүгінгі күннің келесі бір мәселесі — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды білім беру жүйесін енгізіп, аталған орта арнаулы оқу орындарын кәсіпорындарға сенімді басқаруға тапсыру.

— Жалпы, колледждерде дуальды білім беру жүйесін енгізу қолға алынғанда, ол оқу орнының болашақ түлегін оқуды бітіре сала жұмыспен қамтамасыз ету мақсаты көзделді. Бұл оқу орындарында мамандарды даярлау келісімшарт негізінде болуы тиіс. Кәсіпорын немесе шаруа қожалығы өзіне маман қажет болса, техникалық мамандық даярлайтын колледжге тапсырыс беріп, келісімшартқа отыруы тиіс, — деді облыс әкімі.

Білім беру басқармасы басшысы Сәуле Өмірбекованың мәлімдеуінше, бүгінгі күні облысымызда барлығы 41 колледж жұмыс жасайды. Оның 24-і — мемлекеттік, қалған 17-і — жекеменшікке тиесілі. Облыс бойынша, орта арнаулы білім беру ұйымдарында 30 мыңға тарта жас білім алады.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button