Ауыл

Сырым құс өсіруді қалады

Мемлекеттік бағдарлама

 «Жұмыспен қамту жол картасы —  2020»  бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауданға 2016 жылы 102 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 38 адам 93 млн 100 мың теңге несие алды. Олардың әрқайсысы алған несиелеріне қарай шаруа құрып, өз нәпақаларын табудың қамына кірісті.

Сондай несие алып, шаруа бастаған Қайыңды ауылының тұрғыны Сырым Жұмағазин құс өсірумен шұғылдануда. Әзірге құсты бағып-өсірудің қамымен жүр. «Балапанды күзде санайды» дегендей, оның нәтижесі арада бірсыпыра уақыт өткесін ғана белгілі болмақ. Балапаннан өсірілген құстың күзде бір бөлігін базарларға түсіріп сатып, қалғанын құс шаруашылығын әрі қарай дамыту үшін алып қалмақ.

Осылай «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін  жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Біраз жылдар бойы жұмыссыз жүрген, біз әңгімелеп отырған 22 жастағы Сырым осы бағдарламаның аясында 3 млн теңге несие алып, алынған несиесіне 300 қаз, 200 тауықты балапанымен сатып алған еді.

—Мемлекеттің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, осы істен нәтиже шығарсам деймін. Бұл іске кіріспес бұрын мамандардан ақыл-кеңес алдым. Сондықтан бұл жұмысқа тәуір дайындықпен келдім деп ойлаймын.  Еңбек етемін деген адамға қай кәсіп те пайда әкелсе керек. Мен бұл кәсіпті енді бастап отырмын. Келешекте осы кәсіпті кеңейту ойымда бар. Бұл ісіме қолдау білдірген Қайыңды ауылдық округінің әкімі Іляш Ниязоваға алғысым шексіз,  — дейді Сырым Жұмағазин.

Бүгінгі таңда Сырым  білімін көтеруді де ұмытқан жоқ. Техник және технолог мамандығы бойынша Кентау қаласындағы оқу орындарының бірінде сырттай білім алуда. Сырымның қазіргі мақсаты — осы кәсібінің зейнетін көру.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, өз кәсібін бастағанына жас кәсіпкер дән риза. Жалпы шаруа бастағысы келген адамға ауылда іс жетерлік. Бастысы Сырым секілді жастар кәсіп ашуға талаптанғаны жөн..

 Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button