Ауыл

Бөдене өсіріп, ешкі бағады

Кәсіпкер

 Кәсіпкер Қуаныш Дінғалиев бұрын мұнай саласының айтулы маманы еді. Бірсыпыра уақыт Кеңқияқ, Жаңажол кен көзінде қызмет істеп, ел экономикасының нығаюына шама-шарқынша өзіндік үлесін қосқан-ды. Қазір мұнай саласы әлемдік дағдарыс қиыншылықтарына байланысты тоқырап, бұрынғыдай болмай тұр. Сондықтан Қуаныш кәсіпкерлік қызметінің бағытын басқа салаға түбегейлі бұрды.

Қазір ол мал шаруашылығымен дендеп айналысып, азық-түлік молшылығын жасауға кірісті. Осы саладағы өз өнімдерін ауылдың, ауданның сауда базарларына, Ақтөбе қаласының жәрмеңкелеріне  шығарып жүр.

Биылдан бастап кәсіпкер жаңа тың істерді қолға алуда. Қазір ол бөдене өсірумен де шұғылданады. Аз уақыттың ішінде оның санын 300-ге жеткізіп, жұмыртқасын саудаға шығаруды бастады. Басқалармен салыстырмалы түрде қарағанда, оның өнімінің бағасы қымбат та емес. Бөдененің әр жұмыртқасы — 25 теңгеден.

Тағы бір жаңалық — Қуаныш биыл ешкі өсіруге талап қылды. Ол үшін Ресейден асылтұқымды әрі сүттік бағыттағы 30 ешкі алып келді. Қазір бұл ешкілерді саууды бастап, сүтін балабақша, интернат сынды мекемелерге өткізуде. Өзге жердегі сияқты, ешкі сүтіне сұраныс Кеңқияқ өңірінде де жоғары. Денсаулыққа пайдалы ешкі сүтіне жас сәбилері бар отбасылары қатты қызығушылық танытуда.

— Мен ешкі сүті мен бөдене жұмыртқасын өндіруге қосалқы шаруа ретінде қарамаймын. Таяу жылдарда бұл менің негізгі кәсібіме айналуға тиіс. Өйткені бұл салалардың болашағы зор. Олардың өнімдеріне мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілетіні белгілі болып отыр. Сондықтан мен бұл салаларды алдағы уақытта ұлғайтамын. Қазір соған қам жасап жатырмын, — дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.

 Меңдіхан ӘДІЛХАНОВ,

Темір ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button