Спорт

Тең текетірес

УЕФА

 

Аз-кем статистикаға жүгінсек, қазақстандық командалар венгриялық футболшылардың алдында дәрменсіз болып келген екен. Әр жылдары еуропалық кубоктардың іріктеу ойындарында «Қайрат», «Шахтер», «Жетісу», «Ертіс», «Атырау» Венгрияның «Фехервар», «Дебрецен», «Гонвед», «Халадош», «Дьер» командаларынан жеңіліп, тек 2011 жылы «Ақтөбе» ғана «Кечкеметтен» басым түскен екен. Биыл да, міне, Еуропа Лигасының бірінші кезеңінің іріктеу ойындарында қазақстандық «Ақтөбеге» Венгрияның «МТК Будапешт» командасы тап келді.

Алғашқы кездесу бейсенбі күні Ақтөбеде өтті.

Ойынды ақтөбеліктер қонақтардың тамырын басып көрумен бастады. Виктор Крюков қауіпті соққы жасап еді, венгрлік қақпашы қақшып түсті. Бұдан соң да алаң иелері әр тұстан әрқилы әрекеттер жасауға тырысып бақты. Бірақ венгрлер шыдас берді. Оған қоса олар таймның екінші бөлігінде алаңға бой үйретіп алғасын өздері қарымта шабуылдар жасай бастады. Сондай сәттердің бірінде 34 жастағы футболшы Шандор Торгелле он шақты метр жерден біздің қақпаны дәл нысанаға алды — 0:1.

Осыдан соң көңілдері жайланған қонақтар, тайм соңына дейін осы есепті ұстап тұруды мақұл көрді ме екен, абайлап қимылдады. Бірақ оған ақтөбеліктер көне қоймады, шабуылға көшті. Сондай қарбаластардың бірінде қорғаушылардың бірі қолмен ойнауға мәжбүр болды да, Швециядан келген төреші он бір метрлік нүктені көрсетті. Дидар Жалмұқан қателескен жоқ — 1:1.

Екінші таймның алғашқы бөлігінде ақтөбеліктер тыным таппады. Қонақтардың қақпасына қарай ойқастай ұмтылумен болды. Бірақ, өкінішке қарай, қай кездегідей де қай шабуылдың да түйіні табылмай шаршатты. 62-минутта бас бапкер Юрий Уткульбаев осыны ескеріп, ойын кілтін таба алмаған шабуылшы Лассина Даоның орнына Дмитрий Голубовты шығарды. Бірақ бұл шабуылшы да жібек торды бүлк еткізудің ретін таппай қойды. Рас, Никита Бочаровтан тамаша пас қабылдаған Дидар тәуір соққы жасады, бірақ доп маңдайшадан асып түсті. Кирилл Шестаковтың соққысы да нысанадан ауытқып кетті. Осылайша жерлестеріміз мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай қалды. Ойын тең есеппен аяқталды.

Ал қорытындылай айтсақ, бірінші таймда қарымта гол соққанына қарамастан «Ақтөбе», әсіресе, қорғаныста сауатты қимылдай алмады. Оның есесіне екінші таймда қайта жігерленіп, нағыз спорттық мінез көрсетті. Егер футболшыларымыз қарсыластар қақпашысын қалай қапы қалдырудың құпияларын меңгерсе, шашамызды шаң шалмас еді. Мысалы, осы кездесуде «МТК Будапешт» қақпашысы біздің Самат Отарбаевтан екі есе аз мазаланды. Ал қашандағыдай да шебер ойын көрсеткен Саматқа, әрине, ризашылығымыз мол.

Келесі қарымта кездесу енді Венгрияда 7 шілде күні өтеді.

«Ақтөбе» (Қазақстан) — «МТК Будапешт» (Венгрия) — 1:1

Гол авторлары: Шандор Торгелле, 30-минут (0:1); Дидар Жалмұқан, пенальти, 44-минут (1:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: М.Ситдиков, 72-минут, Е.Сорокин, 86-минут («Ақтөбе») — Д.Никач, 83-минут, Б.Борбей, 90-минут («МТК Будапешт»)
«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Марат Ситдиков, Куасси Куаджа, Бағдат Қайыров, Виктор Крюков, Дидар Жалмұқан, Сандро Цвейба, Вук Митошевич, Никита Бочаров, Лассина Дао (Дмитрий Голубов, 62-минут), Егор Сорокин.
«МТК Будапешт»: Лайош Хегедуш, Акош Баки, Мато Гргич, Дарко Никач (Бенце Дойч, 90-минут), Лоранд Сотмари (Балинт Борбей, 88-минут), Шандор Торгелле, Йожеф Конто, Даниель Водоной, Патрик Поор, Даниель Ричард Геро, Адам Вошш.
Бас төреші: Саша Амхоф (Швейцария).
30 маусым. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.

*   *   *

 Бұл күні сырт алаңда «Ордабасы» мен «Қайрат» та ойнады.

Сербияның «Чукарички» (Белград) командасымен кездескен «Ордабасы» 0:3 есебімен жеңіліп оралды. Бұған шымкенттік қақпашы Сергей Бойченконың 7-минутта белгіленген он бір метрлік айып добын қақпаға дарытпағанын қосып айта кеткен жөн.

Ал «Қайрат» сырт алаңда Албанияның «Теута» командасын 1:0 есебімен жеңді.

Sports.kz. порталының мәліметі бойынша осы кездесулерден соң УЕФА рейтингінде «Ақтөбе» 191-орыннан 178-орынға көтерілсе, «Қайрат» 273-орынды 236-орынға ауыстырыпты. Ал «Ордабасы» 296-орыннан 319-орынға сырғыпты.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button