АуылБасты жаңалықтар

Омарташылар алғаш бас қосты

Семинар                                                    

 Жақында Қарғалы ауданының Желтау округіндегі «Медовик» шаруа қожалығының жайылымдығында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен аймақтағы бал арасын өсіретін омарташылардың семинар-кеңесі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары  Мұхтар Жұмағазиев қатысты.

Осында белгілі болғанындай, облыста ірілі ұсақты бал арасы шаруашылығымен айналысатын ірілі-ұсақты 40-қа жуық жеке кәсіпкерлер бар екен.   Солардың арасында, осы саланың облыстағы бірден-бір кәнігі маманы,  көпшілік омарташылардың ұстазы Александр Сенацкийдің жөні бөлек.  Ол өзі құрған «Медовик» шаруа қожалығының жайылымдығында 71 омарта ұстап отыр. Александрдың мамандығы — инженер, ауыл шаруашылығы техникаларының білгірі. Бал арасы шаруашылығымен 1990 жылдан бері шұғылданып келеді. Сондықтан да бұл істі енді бастап жатқан  кәсіп иелері Александрдан ақыл-кеңес алады. Осы жиында да одан тәлім алған жас омарташылар өте көп болды

Бал арасы шаруашылығын дамыту жөнінде алғаш өткен семинарға Алға, Хромтау, Мәртөк, Қобда, Мұғалжар аудандарының, Ақтөбе қаласының бал  арасын өсіру ісін бастаған кәсіпкерлері келді, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары қатысты.

Семнарда облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев бал арасы шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталды.  Алғаш қолға алынып отырған бұл істі облысымыздың қай өңірінде де толық мәнінде жолға қоюға қазір қолайлы мүмкіндіктің бар екенін атап көрсетті. Көрші облыстарға барып, бал арасы шаруашылығымен  шұғылданатын кәсіпкерлердің жұмысымен танысқанда түйген тәжірибелерді ортаға салды.

Мұнан соң семинарға қатысушы омарташылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Ұсыныс, пікірлерін білдірді.

Бал арасын баптаудың қыр-сырын біліп қалған  А.Сенацкий өз тәжірибелерін алға тартты. Бұл кәсіптен жақсы табыс табу үшін біраз қиыншылықтардан өту керек екен. Оның әңгімесіне қарағанда, ара бағу жеңіл-желпі шаруа емес. Оның толып жатқан құпияларын игергенде ғана табысқа жетуге болады. Омарташыларға ара жайылатын кең жайлау жер керек.

Облыс әкімінің орынбасары М.Жұмағазиев  кәсіпкердің тілек-талаптарын қорытындылай  келе, жайлым қарастыру үшін омарташылардың жазғы жайылымының картасын жасақтап тапсыруын сұрады. Олардың  өнімдерін өткізу үшін  «Табыс» коммуналдық базарынан орын бөлуді тапсырды.

Семинарға  жиылғандар  жергілікті кәсіпкердің ара баптаудағы технологиясымен танысты.

Бақыт ИМАШЕВ,

 Қарғалы ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button