СпортТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Қос газеттің дәстүрлі турнирі өтіп жатыр

Кеше тоғызқұмалақтан «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін дәстүрлі облыстық турнир басталды. Биылғы турнир ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Жарыс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылып отыр.

Турнирдің ашылу салтанатына «Ақтөбе» газетінің 1996-2000 жылдардағы бас редакторы Идош Асқар, газеттің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев қатысып, сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы өрендерге сәттіліктер тіледі.

Жарысқа қатысушылар саны — 68. Олар үш категория — 10 жасқа дейінгілер, 12 және 14 жасқа дейінгілер бойынша жарысқа түседі. Турнирге Ойыл, Байғанин, Ырғыз, Мәртөк аудандарынан және Ақтөбе қаласынан жас тоғызқұмалақшылар қатысып жатыр.

Жарыстар санаткерлік ойын түрлері бойынша облыстық спорт мектебінің залында өтеді.

— 1998 жылы ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз — тоғызқұмалақты насихаттау мақсатында турнир өткізу жөніндегі бастамамды облыстық «Ақтөбе» газетінің сол кездегі бас редакторы Идош Асқар қолдаған еді. Турнирді ең алғаш ұйымдастырған кезімізде, оны өткізетін осындай орын да болған жоқ. Жарысты өткізу үшін редакцияның бір бөлмесін босатып, қатысушыларды сонда жинаған едік, — деп еске алды тоғызқұмалақтан облыстың аға жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабидолла Нұршин.

Қабидолла Нұршиннің айтуынша, «Ақтөбе» газетінің қолдауы текке кетпеген. Осы турнир арқылы көрінген балалар мен жасөспірімдердің көпшілігі кейіннен үлкен жетістіктерге жеткен. Бір ғана мысал айтсақ, 2015 жылы әлем чемпионы атанған Нұрбек Қабиев 2003-2011 жылдар аралығында осы турнирге қатысып, бес мәрте жеңімпаз болған екен.

— Осындай жастардың жетістіктері арқасында, қазір тоғызқұмалақтан еліміз бойынша алдыңғы қатардамыз. Ресми жарыстар қорытындыларына сай, 2014 және 2015 жылдары облысымыз бірінші орынды иемденді, — дейді Қабидолла Нұршин.

Жарыстар екі күн бойы өтіп, бүгін аяқталады. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС дирекциясы мен облыстық спорт басқармасы тарапынан марапатталатын болады.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button